Жалған анықтама жарға жығар

Жалған анықтама жарға жығар

Елімізде ет өнімін өткізуде бір­талай құқықбұзушылық тіркелді. Мысалы, қалаға мал сойып әкеліп, бірақ тиісті құжаты болмай, базарда ве­теринарлық жалған анықтама қағазын сатып алу оқиғалары да жиі қайта­ла­нуда. Көбіне ауыл­­дағылар мұны заңды аяқас­­ты қылу екенін түсі­не бер­мей­тіні тағы бар...

Жақында Ақмола облысында жа­санды ветеринарлық анықтама таратқан 2 күдікті қолға түсті. Олар ет өнімдерін базарларға өткізу үшін шаруалардан үлкен көлемде пара алып келген. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу бас­талды. Жемқорлыққа қарсы күрес агент­тігінің қызметкерлері рұқсатсыз сатылымға шыққан еттен күйік ауыруы анықталғанын айтады. Айта кету керек, қауіпті дертке бірнеше тұрғын шалды­ғып та үлгірген. Ақмола облысы сыбай­лас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл департа­менті басшысының орынбасары Арман Бердалин: «2019 жылдың тамыз-қыр­күйек айларында ет өнімдерін жеткізу­ші­лерден жүйелі түрде заңсыз мате­риалдық сыйақы алып тұрған күдіктілер ұсталды. Өткізілген жұмыс нәтижесінде коммуналдық базарға ет өнімдерін жеткізетін азаматтар мал дәрігерлеріне әрбір бас үшін 3-5 мың теңге көлемінде пара беретіні анықтал­ды. Нәтижесінде, оларға еттің қандай да бір ауруға шал­дықпағаны жөнінде анықтамалар бері­ліп отырған. Ветери­нарлық салада жем­қорлық деректері жиілеп кеткен. Айта­лық былтыр рес­пуб­лика бойынша осындай 92 дерек тіркелсе, биыл олар­дың саны 140-қа таяп­ты. Қолға түскен 33 күдіктіге қатыс­ты сот шешімі шықты. Қалғаны тергеліп жатыр» деген болатын баспасөз масли­хатында. Міне, осындай салғырттықтың арты адам денсаулығына қауіп төнді­ретін ауруларды да таратуда.

Дегенмен ауылдықтардың уәжі бар. Өйткені қай қаланы алып қарасаңыз да, сенбі мен жексенбі күндері базарда қызу сауда жүреді. Көбінесе демалыс күн­дері ауылдық жерлерде керекті құ­жатты рәсімдейтін әкімдік жабық бо­лады. Сондықтан олар осындай заңбұзу­шылыққа баруға мәжбүр-мыс.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауда­нының тұрғыны Айсұлтан Жақыпов әлеуметтік желіге: «Ауылдық жерден со­ғым әкелерде қалтаңызға 25-50 мың теңгедей артық ақша салып алыңыз. Егіндібұлақ жұртының Қарқаралы әкімдігіне реніші қара қазандай. Мына жерде жүйеден кеткен қате ғой. Бір ауданға ғана тән құбылыс емес. Бірақ қарапайым адамдарды қанауды қою керек» деп жазды. Анығында ауыл тұр­ғыны малды меншігі екенін растайтын құжатсыз қалаға әкеле жатқанда тексе­рушілер қолына түскен. Ал әкімдікте­гі­лердің жауабы былай болды: «Қарқаралы ауданының ветеринариялық бөлімі мемлекеттік қызмет көрсету стандарт­тарына сәйкес «Дерекқор», «ЕАСУ» ба­засы арқылы электронды түрде анықтама береді. Демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда, сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен, сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс уақыты. Анықтаманы заңға сәйкес 3-4 күн бұрын алуға болады. Қарқаралы ауданы жергі­лікті полиция қызметінің рейдтік шара­лары үздіксіз жүргізіледі. Егер төрт тү­лікті сырғасыз, ветеринариялық құжат­сыз, анықтамасыз тасымалдағаны анық­талса, дер кезінде ветеринариялық бөлімге жеткізіледі. Нәтижесінде, заң­сыз мал тасымалдаушыға 20 айлық есеп­тік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл са­луға әкеп соғады. Басты мақсат – ау­ру малдың еті сатылымға түспеу, соны­мен қатар мал ұрлығының алдын алу».

Сонымен бірге қаланы етпен қам­тып отырғандардың арасында ұрланған мал­дарды өткізушілер де жеткілікті. Арнайы рейдтерде әшкереленгендері туралы сөз қозғасақ. Қостанай облысы аумағында «Мал ұрлығы» республика­лық жедел ал­дын алу шарасы аясында рес­публикалық, облыстық және жергі­лікті маңызы бар жолдарда автокөлік­терді тексерген кезде тәртіп сақшылары Қарасу ауданы Жал­ғысхан ауылының тұрғынын «Қарасу-Чураков» автожо­лында ұстады. Ол тиісті құжатсыз 4 шош­­қа етін тасымалдаған. Сонымен қа­тар Науырзым ауданында 1 мал ұр­лығы тіркелген.

Бір ғана Алматы облысының тәртіп сақшылары қажетті құжаттары жоқ мал тасымалдаудың 656 дерегін анықтаған. Заң талаптарын орындамаған жүргі­зу­шілерге 8 миллион 92 мың теңге айып­пұл салынған.

Сонымен қатар жалған құжат жасап, ұрлық малды өткізушілер де осы шара кезінде анықталған. Полиция қызмет­керлері: «Еңбекшіқазақ ауданында мал тасымалдаушының тиісті құжаттарын тексеру барысында малдың құжаттары күдік тудырып, полиция қызметкерлері мал ұрлығын кәсіп қылған қылмыстық топты ұстады. 5 адамнан тұратын ба­рым­­ташылар тобынан 40 жылқы тәр­кіленді» дейді. Сонымен қатар аталған топ өкіл­дерінің мал ұрлығының 18 дерегіне қа­тысы бары анықталған болатын. Оның 5 фактісі ауыр қылмыс­тар санатына жатқызылды.

Біреудің бағып отырған төрт түлігін ұрлау, артынан оны өткізуді ұйымдас­тырушылар ұсталып жатса да, аяқтарын тартар емес. Сақшылар мал ұрлығының алдын алу мақсатында мал және ет өнім­дерін тасымалдауды қатаң бақы­лауға алды. Республикалық және облыс­тық маңызы бар жолдар бойында посттар қойылып, тасымалдауға тиісті құжаттар жіті тексеріледі. Міне, осыны қаперде ұстау ләзім, жекеменшік малын болса да, әр тасымалданған өнімге тиісті құжат болуы тиістігін ұмытпаған абзал, олай болмаса қалтадағы қаражат­тан қағылуға тура келеді.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ