5 миллиард теңгеге салған емхана 5 айға төзбеді
5 миллиард теңгеге салған емхана 5 айға төзбеді
128
оқылды

Көп жерде еліміздегі құрылыс саласының қарыштап дамығаны жайлы естіп жатамыз. Бірақ оның сапасы мүлде бөлек әңгіме, ақсайтын тұсымыз да – сол. Тұрғын үй кешендері, мектеп, аурухана ғимараттары да көпке ұза­май жатады. Аурухана демекші, сәуір айында Алматыда 18 күнде емхана салынып, «бөркімізді аспанға атқандай» едік. Енді медициналық кешен іргесі қыстың алғашқы ызғарына төзбей жатқан көрінеді.

Алматы әкімдігі бюджетті ермек ете ме?

Әлем елдері пандемия бастал­ған шақта емханада орын тапшы бо­ларын сезгендей-ақ еді. Бірақ ғимарат құрылысы демде іске асар дүние емес екені тағы анық. Соның себебі ме, әйтеуір уақыттан ұтыл­ғысы келмеген елдер жылдам ауру­хана салудың қамын күйттеді. Нау­рыз айында Өзбекстандағы Ташкент қаласы маңынан 5 күнде коронавирус жұқтырғандарды ем­дейтін мың орындық кешен са­лынғаны туралы ақпарат тарады. Бұл үрдістен қалыс қалмайық деді ме, көп ұзамай Алматыда 18 күн ішінде 280 орындық емхана бой көтерді. Одан бөлек 2 зертханасы мен 9 клиникалық бөлімшесі, 28 орынға шақталған жансақтау бөлімі тағы бар. Жалпы ауданы – 5 850 шаршы метр. Сәуірдің соңында науқастарды қабылдай бастаған ғимаратты елімізге та­нымал BI Group құрылыс компа­ниясы салған. Шығыны да аз емес, Ал­маты бюджетінен бақандай 5 млрд теңге жұмсалған. Медицина са­ласына қаржы шығындағанды асылық санамаймыз. Мәселе мы­нада, жаңағы айтқан модульді емхана қыс келмей жатып-ақ сыр беріпті. Ол аздай медициналық мекемені басқа жерге ауыстыру туралы хабарлама әлеуметтік желіге жарияланған. Енді қала бас­шылығы қараша айындағы ал­ғашқы аязға жарамаған ке­шендегі барлық науқас, жеке құрам мен қымбат жабдықтарды өзге жерге тасымақ екен. Ал бұл мәселеге қатысты Ал­маты қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің ресми түсініктемесі күмән тудырады. «И.Жекенова атындағы қалалық клиникалық инфекциялық ауру­хананың жаңа филиалы РВ-90 аумағында тұрғызылды. Ғимаратта тұрғындарға да, емделушілерге де барлық жағдай жасалған, мұқият салынған. Модульдік клиника то­лыққанды жөңдеуді қажет етеді, өйткені оның жұмыс істеп тұр­ғанына жарты жыл болды» делінген хабарламада. Жарты жыл сайын толыққанды жөндеуді қажет ететін бұл қандай емхана екені бізге бей­мәлім. Не де болса, шикілік бары анық. Себебі бұған дейін меди­циналық мекеменің барлық ха­лықаралық талапқа сай екені жария болған. Бір қызығы, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев сәуірдің соңында осы аурухананы өзі тек­серіп, ашылар алдында «нысан уақытша салынса да, сапасы мен медициналық құрылғылармен жабдықталуы жоғары деңгейде» деген еді. Біз болсақ «уақытша са­лынса да» деп «болжаған» әкім сөзін түсінбей әлекпіз. Әлде індет жақын арада сейіледі деп ойлады ма екен? Демек, әкімдік 5 млрд теңгеге уақыт­ша дүниені ермек ете салғаны ғой.

BI Group өзгеге сілтейді

Жоғарыда медициналық ке­шеннің құрылысын жүргізген BI Group компаниясы екенін айтқан болатынбыз. Сонымен әкімдіктен кейін нысан құрылысының сапа­сына тікелей жауапты осы компания болған соң, сұрау салғанды жөн көрген едік. Бірақ компанияның ресми өкілі Глеб Пономарев жауапкершілікті Алматы қала­сының Денсаулық сақтау бас­қармасына ысырғандай кейіп танытты. – Әлеуметтік желіде Алматы қала­сындағы инфекциялық мо­дульдік аурухананың суыққа байланысты локациясын өзгер­тетіні туралы ақпарат тарағанын көрдік. Мәлімет шындыққа жанас­пайтын секілді. Госпиталь құры­лысы Қазақстанның құрылыс нор­маларына, Денсаулық сақтау министрлігінің, сондай-ақ Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы­ның талаптарына сәйкес келеді. Оның ішінде өңірдің климаттық жағдайларын толықтай ескердік. Медициналық мекемедегі темпе­ратура барлық нормативтік көрсет­кіштерге сай. Емдеу мекемесі осы жылдың көктемінде Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқар­масының балансына берілді. Сон­дықтан жауапкершілік те басқарма енші­сінде, – деді ол. Сонымен екі тараптың пікірі екіге жарылды. Емхана іргесінің суыққа төзбей, ондағы науқастар мен қызметкерлердің, құрал-жабдықтың көшіріліп жатқанын Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті растап отырған болса да BI Group компаниясы кешен құрылысының сапасына шаң жуытқысы келмейді. Ал жергілікті бюджет қаржысы мен науқастардың өмірін кім дауламақ? BI Group демекші, осы алпауыт компанияның мақтауы асқанмен, кемшілік жіберіп, сынға ұрынған кездері де жетерлік. Мәселен, 2016 жылы күзде «ЭКСПО-2017» Ха­лықаралық көрмесі ғимаратының көпірі опырылып түскені есімізде. Аталған көпірдің де құрылысын осы компания жүргізген. Соңында компания апаттың себебін Қы­тайдан алдыртқан сапасыз құрылыс заттарының кесірінен деп түсін­діріп, сыннан сытылды. Ал Алма­тыдағы ауруханаға қатысты ком­пания тағы да сырғытпа жауап беріп отыр. Дегенмен бірқатар сарапшы құрылыс сапасының нашар болуына қатысты бол­жамдарын да айтты. – Құрылыстың сапасыз болуы­ның 3 себебі болуы мүмкін. Құры­лыстың асығыс жүргізілуі, сапасыз құрылыс материалын пайдалану және ғимараттың эскиздік жоба­сының дұрыс болмауы. Ең алдымен, ғимараттың жобасы әзірленгенде ішінде қателік кетпегенін анықтау қажет. Жоба дұрыс болмаса, ол нысан түбінде «оңбайды», міндетті түрде мін табылады. Ол үшін кешенді тұрғызар алдында жобаға сараптама жасау керек. Ал біз сараптаманы ғимараттың кемшілігі шығып, дау туғанда ғана жасаймыз. Сондықтан барлық ғимараттың жобалық-сметалық құжаттарына сараптама жүргізілмейінше, қателік мына тұстан деп пікір айту қиын. Дегенмен жоғарыда айтылған кешеннің сапасыз болуына құры­лыстың асығыс жүргізілуі әсер етуі мүмкін, – дейді құрылыс саласының сарапшысы, архитектор Шоқан Матайбеков. Қорыта айтсақ, құрылыс саласы қазіргі кезде компаниялар үшін мол қаржының «мекеніне» айналып үлгерді. Бір ғана 2019 жылы елімізде құрылыс жұмыстары 14 пайызға артып, құрылыс компаниялары соңғы 10 жылда 983,4 млрд теңге рекордтық пайда тауыпты. Бірақ сапасыз баспана, қабырғасы құлаған мектеп пен аурухана неге азаймайды? Шамасы, қаржыны бөлуден бұрын, жұмсалған ақ­шаның есебін талап еткеніміз жөн болар.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ