Шетел асуға асыққандар саны артып барады
Шетел асуға асыққандар саны артып барады
174
оқылды

Биыл 9 айда 34 мың адам Қазақстаннан көшіп кеткен. Олардың енді елге оралуы екіталай. Бұл сан жыл өткен сайын өсіп келе­ді. Атамекенді тастап кет­кен­дердің басым бөлігі – қала­лықтар және Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарының тұрғындары. Мұндай көш­тің себебі неде? Жалпы, бұл процеске алаң­дау қа­жет пе әлде «жыл сайын­ғы қа­лыпты жағ­дай» деп жай­ба­рақат қарап отыра бер­ген жөн бе?

Мекен ауыстыру – адамға тән қасиет. Өзге елге түрлі себеппен бет алады. Тарихи Отаны, жұмыс істеу, білім алу, отбасылық жағдай және тағысын тағылар. Алайда жыл сайын еліміздегі көште қайта­ланатын бірнеше айқын белгілер бар. Біріншіден, көше­тін­дердің басым бөлігі іргедегі Ресейге қоныс аударады. Екінші­ден, елі­міз­дің солтүстік, шығыс, орта­лық өңірлерінің тұрғындары түйін­шек­терін жинауға дайын тұрады. Үшіншіден, олардың басым бөлігі славян тектес халық. Төртіншіден, қалалықтар шетел асуға даяр. Биыл да аталған тренд сақталып отыр. Көшкендердің 84 пайызы қала тұрғындары. Қазақстанда одан ары тұрғысы келмеген 34 мың адам­ның 30 мыңы тағы да Ресейге бет алған. Кейінгі орында Герма­ния, 2 085 кісі неміс жерінде тұру­ды құп көрген. Қалғаны Беларусь (297), Өзбекстан (220) және АҚШ-ты (190) таңдаған.

Кімдер көшіп жатыр? Жоғары­да айтқандай көштің себептері әртүрлі болуы мүмкін. Ресейге көшетіндердің қатарында тек орыс ұлтының өкілдері ғана емес, қара­көздер де бар. Оған қоса, Ресей ерікті түрде көшу туралы арнайы бағдарлама қабылдап, Ресей аза­мат­тығын алу талаптарын биыл жеңіл­детіп тастады. Әрине, бұл қа­дамдар ең алдымен Украина тұр­ғын­дарына бағытталды. Алайда атал­ған мүмкіндікті біздің азамат­тар да пайдаланып жатыр. Ал Гер­ма­нияға неміс жұрты тарихи Ота­нына оралу үшін кетіп бара жатқан болар немесе өзгелері білім алғысы келген шығар. Себебі бұл елде магистратура, Phd бағдарла­масы бойынша тегін, арзан білім беретін университеттер аз емес. Ал АҚШ-қа жұрт жайлы өмір іздеп, жоғары жа­­лақы көздеп кететіні айдан анық.

Айтпақшы, Қазақстаннан жұрт тек көшпейді, көшіп келіп жат­қан­дар да баршылық. Бірақ аз. Биыл 9 айда 8 мың кісі елге қоныс аудар­ған. 34 мыңы кетсе, 8 мыңы келген. Айырмашылық 4,2 есе. Негі­зінен, Өзбекстан (2,9 мың), Ресей (2,2 мың) және Қытайдан (686) қоныс аударған. Бәлкім басым бөлігі оралман қандастар шы­ғар немесе Ресейге көшіп, жер­сінбей, оралып жатқандар болар? Әрине, долбар­ламай, нақты себеп­те­рін жазу үшін терең сарап­тама керек, өкінішке қарай ресми ор­ган­дар ондай мәліметті жарияла­май отыр.

Шығын. Жыл сайын Қазақ­стан­нан 40 мыңдай адамның көшіп кетуі үлкен демографиялық, әлеу­мет­тік, экономикалық, зият­кер­лік шығын екені анық. Бір адамды балабақшада тегін тәрбиелеп, мек­тепте тегін оқытып, универ­си­тетте грантпен тегін білім беріп, маман ретінде қалыптастырып, қызметте тәжірибе жинатып, өсіріп, соңын­да эмиграцияның кесірінен бір күнде ол азаматтан айырылып қалу қаншама мемлекеттік инвестиция­ның қайтарымсыз кеткенін көрсе­теді. Бәлкім, бұл эгоистік көзқарас шығар. Өйткені адам қай жерде, қай елде өмір сүруін өзі шешеді. Алайда қарқынды эмиграция мың­даған маманның шетке ағылуы­на жағдай жасайды. Есесіне, сол мигранттарды қабылдайтын елдер дайын маманға бір күнде қарық болады. Яғни, эмиграциядан та­быс­қа кенелетіні де, шығынға бата­­тыны да жетерлік. Мәселен, Ресей 2000-2017 жылдар аралығын­да­ғы эмиграциядан 27 трлн рубль шы­ғын көрген. Ал сол жырақтан келе­тін мигранттар АҚШ эконо­ми­касына 2015 жылы 2 трлн дол­лар, Германияға 550 млрд доллар пайда әкелген. Көшіп-қону ғалам­дық процесс болғандықтан, миг­рант­­тар­дың әлемдік ішкі жалпы өнім­ге қосатын үлесі 10 пайыз екен.

Жалпы, елдегі эмиграцияның кері сальдо көрсетіп жатқанына алаң­дайтын фактор көп. Бірінші­ден, көшіп жатқан кісі қатарында жастар аз емес, 25 пайыздай. Екін­ші­ден, алыс елге көз тастағандар­дың 30 пайызы жоғары білімді аза­маттар. Бұл әрбір үшінші эми­грант­тың қолында дипломы бар деген сөз. Есесіне, Қазақстанға жаңа қоныстанып жатқан жандар­дың тек 17 пайызы ғана ЖОО-ны тамамдағандар. Бұл – аталған мәсе­лені зерттеп келе жатқан зерт­теуші Ирина Черныхтың мәлімет­тері. Басқаша айтқанда, білімді мамандар жат жұрт асып жатыр, ал көшіп келіп жатқандар сапа тұрғы­сынан олардың орнын толтыра алмауда.

Не үшін көшіп жатыр? Бұл сұраққа жауап беру үшін былтыр қыркүйек айында И.Черных 50 жас кәсіби маман арасында сауал­нама жүргізген. Оның 35-і елде, 15-і түзде тұрып жатыр. Олардың пікі­рінше, елді тастап кетуге келе­сідей факторлар ықпал етіп отыр:

– мемлекеттегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашар­лауы;
– тіл мәселесінен туатын пси­хо­логиялық ыңғайсыздық;
– көрші елдердің мигранттарды шақыру саясаты;
– Қазақстан паспортының «әлсіздігі» (виза);

Осы мамандарға «Қазақстан­нан кетуге дайынсыз ба?» деген сауал қойылған. Жауап үшке бө­лін­ген: 34,5 пайызы «иә» десе, дәл соншасы «жоқ» деп, көшуден бас тартқан. Қалған 31 пайызы се­нім­ді емес, алайда жақсы қыз­мет­тік ұсыныс жасалса, қолына құжа­тын алып, әуежайға беттеуге даяр.

Сондай-ақ Ирина Черных жы­рақ­та қызмет етіп жүрген қазақ­стандық мамандардың арасында да сауалнама жүргізген. «Қазақ­стан­ға ораласыз ба?» деген сауалға тек 8,3 пайыз респондент елге қай­­­та­тынын жеткізсе, 50 пайызы «орал­маймын» деп кесіп айтқан. Қал­ған 41,7 пайызы «егер Қазақ­стан­­да жақсы қызметтік ұсыныс болса, елге қарай билет алуым мүм­кін» деп жауап қайырған.

Эмигрант – қоғамның айнасы. Сонымен, шетелге көшкен, көш­кі­сі келіп жүргендерді бірнеше мәселе мазалайтыны белгілі бол­ды. Ол жұмыс, қаражат, табыс көзі, тілді білмеу және көк паспортпен визасыз саяхаттай алмауың екен. Мәселені кеңірек қарасақ, соңғы жылдары теңгенің долларға шаққанда 120 теңгеден 390 теңгеге оңбай құлдырауы, отандық өнді­ріс­тің әлсіреуі, жемқорлықтың азаймауы, әлеуметтік лифттің қиындауы, бюрократия – бәрі де қоғамға кері әсер еткені көрініп тұр. Егер азамат сапалы білім алып, дипломына сай жұмыс тауып, айлығы шайлығына жетіп, өзі және отбасының қауіпсіздігіне сенімді болып, баспананы 5 жылда алуға мүмкіндік туып, ертеңіне сенімді болса, онда жыл сайын 40 мыңдай азамат елді тастап кетпес еді. Бұған дейін кейбір зерттеулер табысы орташа қазақстандық отбасы өз табысының 54-60 пайы­зын азық-түлікке жұмсайты­нын хабарлады. Ал британдық отбасы әдетте тамағына жалақысының бар болғаны 10-12 пайызын бөледі. Өкінішке қарай, азаматтардың табысы тамағы мен киімінен артыл­майтын деңгейге жетті. Артық ақшасын театр, концерт, кітап, музей, галереяға жұмсайтын жан кемде-кем. Қысқасы, сөз басын­дағы статистика, И.Черных жүргізген сауалнама нәтижесі – бүгінгі қоғамдық проблемалардың айнасы және салдары.

Ал енді «азаматтарымызды ше­тел­­дерде не қызықтырады?» де­ген сауалға мамандар «қауіпсіз қоғам, құқық қорғау органдарына деген жоғары сенім, дамыған аза­мат­тық қоғам, төмен деңгейдегі жем­қор­лық, адам құқығының қор­ғалуы және тағы басқа фак­тор­лар» деп жауап берген. Яғни, адамның жай­лы өміріне қажет базалық қа­жет­­тіліктер. Логи­каға салсақ, егер Қа­з­ақстанда осы салаларды қа­лып­­тастырып, дамыта алсақ, онда 40 мың азамат жыл өткен сайын жат елге бетін бұрмас па еді? Қайта өзге елдердің мигранттары Қазақ­стан­ға аттануға оқталар ма еді?

Кореяға бет алғандар. Соңғы 2-3 жылда Оңтүстік Кореяда қыз­мет етіп жатқан қазақстандық­тар саны күрт өсті. Әсіресе, оңтүстік өңір азаматтары. Былтыр сол елде­гі консулдығымыз 19 мың Қазақ­стан азаматы жұмыс істеп жатқа­нын хабарлаған еді. Ал биыл 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, 10 мыңдай азаматымыз Корея Рес­пуб­­лика­сында заңсыз мигрант ретінде еңбек етіп жүр. Осы уақыт ара­лығында азаматтарымыздың ара­сында Кореяда жол көлік оқи­ға­­сына түскен де, көлігімен жолда бала қаққан да, қылмыс жасаған да, жеңіл жүріске түскен де – бәрі болды. Олар – еңбек мигранттары. Корея үкіметі ешбір жазасыз олар­ды Қазақстанға қайтару үшін «жасыл дәліз» режимін де енгізді. Алайда ауыр еңбек болса да, жоға­ры жалақыға үйренгендер әзірше Отанына оралғысы жоқ. Бұл жайт Қазақстан да еңбек мигранттарын экспорттаушы елге айналғанын көрсетті.

Нарық. Экономикалық себеп­тер­ден бөлек, әлеуметтік фактор­лар­ды да ескерген жөн. Қазіргі жаһандану процесінде кәсіби мамандарды, өз саласының хас шеберлерін бір орында ұстап отыру екіталай. Өз мамандығы бойын­ша Қазақстанда көңілден шығар ұсыныс таппаған жерлес­те­ріміз Ресей, Еуропа, АҚШ-қа көшіп жатыр. Мәселен, Сингапур мен Үндістанда білім алған Едіге Тілегеновті биыл жыл басында Кэмбридж университеті жасанды интеллектті өндіріске енгізу мақ­са­тында жұмысқа шақырған. Ак­тер Асқар Ильясов, әнші Мар­жан Мақышева шығармашылығын тек Мәс­кеу­де дамытуға мүмкіндік алған. Бұл тізімге комик Нұрлан Сабы­ров, әнші Назима және бас­қа­ларды да қосуға болады. Отан­дық жұмыс нарығының тарлығы кейбір кәсіби мамандарды шетел­дер­де жұмыс іздеуге мәжбүр­лей­­ді. Себебі Ресей, Еуропамен салыс­тыр­ғанда Қазақ­станда экономика­ның бірнеше саласы жоғары деңгейде дами қой­ма­ғаны белгілі.