1993 жылы Кеңес үкіметі құлағаннан кейін ел Шортанбай жыраудың 175 жылдығын атап өтіп, аудандық музейге есімін береді. Мерекеге ат арытып, Алматыдан арнайы қонақтар да келеді. Олардың арасында Тұрсынбек Кәкішев, Мұхтар Мағауин, Серік Негимов, Софы Сматаев та болды.
– Музей 19 жыл бойы «Шортанбай атындағы тарихи-этнографиялық музей» деп аталды, – дейді жазушы Кәмел Жүністегі. – Кенет аудан әкімі мен музей басшылығы өз бетімен музейден Шортекеңнің атын алып тастап, жырауға арналған, жабдықталған бөлмені қиратып тастады. Бұл мәселені сан мәрте көтерсек те, шешімін таппай тұр. Биыл маусым айында облыстық Мәдениет басқармасына арнайы барып, осы мәселені жан-жақты қозғадық. Ондағылар: «Біраз тұрғыннан қол қойғызып, менің атыма өтініш түсіріңіз. Онамастикалық комиссияға өзіміз ұсынып, дұрыстайық» деп жанашырлық танытқан. Айтқанын жедел орындап, 72 адамның қолы қойылған өтінішті, өзге де құжаттарды табыстадық. Қыркүйек айында Е.Жұмакенов: «Аудан жұртының өтініші аз, бұған қоса музей қызметкерлерінің келісімі керек» дегенді жеткізді. Өкінішке қарай, жыраудың атын қайта қойдыру жергілікті ағайынға мұң болып тұр. Үкіметтің тәуелсіздік алған жылдары шығарған қаулысына сәйкес, Бұқар жырау, Махамбет, Ә.Бөкейхан, Абай, Шортанбай есімдеріне республиканың қай қаласы, ауданы болса да музей, мектеп, көше аттарын беруге болатыны анық айтылған. Ал «Шортанбай жыраудың есімін алып тастауды қай сорақылыққа жатқызамыз?» деп күйінеді жазушы. Шет аудандық музей қызметкерлері 14.09.2020 жылы №7 хаттама толтырып, музейде Шортанбай жырауға тиісті «бірде-бір жәдігер» жоқ дегенді жазады. Ал жазушы Кәмел Жүністегі мұның дәлелі ретінде 1993 жылы жыраудың 175 жылдығына орай түсірілген видеофильм бар екенін айтып отыр. «Шортанбай жырау мінген пәуеске туралы да қолдан құжат жасапты. «Түпнұсқасын көрсетіңдер» деп сан рет барғанмын. Түпнұсқа облыстық музейде деген соң, облыстық музейдің де басшысына барғанымда, құжаттық түпнұсқасы тек аудандық музейде болатынын айтқан. Сол сөзді бетке ұстап, тағы музей басшысы С.Қамытбаеваға барған едім, қызметкері Б.Баямановаға: «Әкел» деп бұйырды. Қолыма осы заманның жылтыр қағазына басылған көшірмені ұстатты. Мен: «Мынау осы күнгінің қағазы, дұрыс емес» деп, өздеріне қайтарып бермей, қалтама салып алдым. Осы жалған құжатты жиналыс үстінде өздеріне де көрсеттім. Ал Шортанбайға 14 жасынан атқосшы болған, оның пәуескесін сақтап қалған Әбеу ақсақалдың немересі Адамқұл Тұрсыновтың пәуескені маған бергені туралы қолхатының көшірмесін де бердім» дейді жазушы. Кәмел Жүністегі музейдегі жырауға тиесілі жәдігерлердің жоғалғанына күйзеледі. «Жарықта тұрған Смағұл молладан алған, бетінде патша цензурасының мөрі басылған, 1880 жылы Қазанда шыққан, әбден ескірген, кей беті жыртылған, бірақ түптелуі аман Шортанбай жыраудың кітабы қайда кеткені белгісіз. Сол музейді ашып, көне жәдігерлерге толтырып кеткен едім. Қазір соның құнды жәдігерінің жартысы жоқ, не болғаны, не жоғалтқанының тізімі менде бар. Ол заттарды есептен шығаратындай бүлінетін зат емес. Халық депутаттарының Шет аудандық кеңесінің №11/175A22 1992 жылғы қаулысымен Мир көшесі Шортанбай жырауға берілді. Күні бүгін солай аталып тұр. Сол қаулымен аудандық музейге Шортанбай жырау аты берілген еді. Шортекеңнің есімі неге музейден алынып қалды? Қызыл қырғындар бітіп еді ғой» деп күйінеді. Жазушының айтуынша, музейдегілер бар затты жоқ ету үшін жанталасып жатқан сыңайлы. Музейдегі Көпжан Байменовтің қолынан алған жез леген атаусыз тұр. Көпжан ақсақал тарихи үш жәдігерді сақтап қалған еді. Ол – Жанғұттының ас табағы, Шортанбайдың асатаяғы, жыраудың жез легені. Орынбасар Жабаевтан алған «Шортекең қолына ұстап, таңғалған» оқшантай атаусыз. Сол сияқты «Шортанбайға қымыз құйып берді» делінген ағаш ожау да көрсетілмейді. «Ең бір қызығы, Е.Жұмакенов келіп-кеткен соң, музейдің үш қызметкері Динара, Барқыт, Әсет есімді, менен кешірім сұрап үйіме келді. Олар «Шортекеңе байланысты жиналыс болды ма?» деген сұрағыма, «Жоқ» деп жауап берді. «Енді хаттамаға қалай қол қойдыңдар?» дегеніме, мәжбүр болғандарын айтты. Сонан соң, ертеңіне музей басшысы С.Қамытбаеваға бардым. Ол да жиналыстың болмағанын, хаттаманы сырттан біреулер дайындап алып келгенін мойындады. Міне, музейдегі былықтар. Қазан айының 28 күні облыстық мәдениет басшысы Е.Жұмакеновке бардым. Ол «Шортанбайға музей атын берме» деп біреулер телефон шалады дегенді айтты. «Кім?» дегенім жауапсыз қалды. Сонан соң «Шортанбай сарт көрінеді» дегенді көлденең тартты. Әрине, бұл әбден шеттен шыққандық! Мен атақты жазушы Қалтай Мұхамеджанов пен Шортанбайдың әкесі немере екенін айтқан едім, үнсіз қалды» дейді жазушы. Жазушы Мұхтар Мағауин «Шортанбай жырау – ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің алтын діңгегі» деп баға берген жыраудың есімін музейден алып тастаған кім? Осы мәселеге орай Қазақстан Жазушылар одағы басқарма басшысы Ұлықбек Есдәулет облыс басшыларына арнайы хат жіберген екен. Әзірге ол хаттың да жауабы белгісіз. Жазушының жанайқайы басшылардың құлағына жетпей отыр. Әттеген-ай!Айым БЕКТҰР