Тұрғындар тарифтен түңілді
Тұрғындар тарифтен түңілді
111
оқылды

Павлодар жұртшылығын коммунал­дық қызметтердің  тариф мәселесі ти­тық­татып келеді. Биыл қаланың қоқысын шығаратын кәсіпорын өз қызметінің құнын екі есеге көтерді. Алдағы жылдың басынан судың да «сұрауы» артуы мүмкін. Бұл мәселе тиісті деңгейде қаралуда. Енді, міне қоғамдық көлікте жүріп-тұру құны да қымбаттауы ықтимал. Себебі павлодарлық автобус жүр­гізушілері наразылыққа шықты. Әдетте моно­полистердің мысына шыдамай, ыр­қына көне салатын жергілікті биліктің қолы­нан келері шамалы болып тұр. Түбінде сор­лайтын халық.

Жүргізушілер наразы

Павлодар қаласындағы №1 ав­тобус паркіне қарасты бірнеше қоғамдық көліктің  жүргізушілері  жолаушы тасымалдаудан бас тарт­ты. Олар жеңілдікпен тасымал­данатын тұрғындардың жола­қысын субсидиялау көлемін арт­тыруды, автобустарды жалға алу құнын төмендетуді талап еткен. Бұл автобус паркі Павлодар қалалық әкімдігінің коммуналдық меншігіне қарайды. Әкімдік таратқан ресми мәліметке сүйен­сек, автобус паркіне тиесілі №10, 21, 22 бағытында қатынайтын 25 қоғамдық көліктің жүргізушісі арыз-шағымдарын тиісті құлаққа жеткізу үшін жұмысқа шықпай қойған. Салдарынан тұрғындар аязды күні аялдамада сағаттап тұрып қалған. Бірден  әкімдікке шағым түсірген. Ал жүргізушілер болса, бұл уа­қытта мәселелерін тыңдауға ар­найы келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Сұңғат Есім­хановпен, шаһар басшысы Ержан Имансляммен жүздесіп, талап­тарын айтып жатты. Автопарк жұмысшылары пандемияға бай­ланысты жолаушылар саны азайып кеткенін, сәйкесінше та­быстары да күрт төмендегенін алға тартып отыр. Олардың сөзін­ше, бар гәп жеңілдікпен тасымал­данатын жолаушыларда болып отыр. Дәлірек айтсақ, қоғамдық көліктерде жолақының жартысын ғана төлейтін және тегін қаты­найтын 17 топқа жататын азамат­тар бар. Алайда әкімдік тек 7-еуі үшін ғана шығындарды субсидия­лайтын көрінеді. Шенділер мәселені тиісті деңгейде қарас­тыратынына уәде берді. Нәтижесінде, келесі күні наразы жүргізушілердің басым көпшілігі жұмыстарына қайта оралды. Дей тұрғанмен, мәселе мұнымен аяқтала қояр ма екен? Себебі Павлодар қаласындағы жолаушы тасымалына қатысты бұл проблема алғаш көтеріліп тұрған жоқ. Биылғы жылдың наурыз айын­да №1 авто­паркі мен «Пав­ло­дарлық автокомбинат» ЖШС жүргізушілері тағы ереуілге шық­қан бо­латын. Талап та сол тектес. «Бюджеттен тө­ленетін тиісті суб­сидияға қол жеткізе алмай отыр­мыз» деген еді. Ол кезде мәселе оң ше­шілді. Павлодар қалалық тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық, жолау­шылар көлігі және авто­мобиль жолдары бөлімі басшы­сының міндетін атқарушы Игорь Рыбас наразы топтың өтініші ресми қағаз бетіне түскен соң ғана қарастырылатынын айтты. – Автобустарды жалға беру құны бұған дейін екі рет төмен­детілген болатын. Жүр­гізуші­лер­ден өтініш түскен бойда мәселені қайта қарастырамыз. Қалалық әкімдік жеңілдікпен қатынайтын тұрғындар үшін субсидия төлеп келеді. Алайда пандемияға бай­ланысты қоғамдық көлікпен жүре­тін адам саны азайғаны бел­гілі. Демалыс күндері автобус қыз­меті тоқтатылған. Осыған бай­ланысты субсидия көлемі де біршама қысқарды, – дейді Игорь Рыбас.

«Гәп автопарк басшыларында»

Сұрап, білдік. Автобустарды жалға алу құны соншалық қымбат емес. Тарқатып айтсақ, күн сайын №1 автопаркінен 66 автобус жолаушы тасымалдауға шығады. Жүргізушілер дизельдік отынмен жүретін автобустар үшін кәсіп­орынға күнделікті 5-6 мың теңге көлемінде қаражат төлейді. Павло­дарда жол жүру ақысы 80 тең­ге екенін ескерсек, бұл шама­мен 60-70 адамның жолақысының құны. Электробустарды жалға алу қымбатырақ. Экологиялық таза транспортты тізгіндеген жүр­гізуші­лер кәсіпорынға күніне 18-20 мың теңге төлейді. Бұдан бөлек, автопаркке ай сайын жеңілдікпен немесе тегін тасымалданатын­дардың санатына жататын тұрғындар үшін қала қа­зынасынан 8,2 млн теңге көле­мінде субсидия төленеді. Игорь Рыбастың ай­туынша, пандемия уақытында автобустар санының шектеліп, жолаушылардың аза­юы­на байланысты бюджеттен бері­летін өтемақы да қысқарған. Соңғы айларда бұл көрсеткіш 4-6 млн теңгенің аралығында сақ­талуда. Субсидия автопаркке аударылады. Ал кәсіпорын бас­шылары оны жүргізушілерге үлестіруі қажет. Алайда білетіндер бар мәселе субсидияның аздығына тіреліп тұрмағанын айтады. Бұған дейін Павлодар қалалық әкімдігінде жауапты лауазымда жұмыс істеген бір азаматпен тілдестік (есімін атамауды сұрады). Ол автобус жүргізушілерін әкімдікке қарсы автопарк басшылары айдап салып отырғанын жеткізді. Өкінішке қарай, жүргізушілер автопарк басшыларының қол­шоқпарына айналған. Олар кә­сіп­орын иелерінің айтағына еріп, талай мәрте наразылық шарасын ұйым­дастырып келеді. Басты мақ­саттары – қа­зынадан бөлі­нетін субсидияны көбірек алып алу. Шын мәнінде, субсидия­лардың басым бөлігі автопарк басшылары­ның калтасында ка­лып тұр. Бұл қи­тұрқылықты Пав­лодар қаласы­ның бұрынғы әкімі Қайрат Нүке­нов анықтап, авто­парк басшы­ларына ескерту жаса­ған болатын. Мәселе оңалғандай еді. Енді қала мен облыс басшы­лығы ауысқан соң автопарк өкіл­дері өз әдеттеріне қайта басты, – дейді экс-шенеунік. Ал жергілікті билік наразы­лыққа шыққан жүргізушілердің назын мұқият тыңдап, мә­селеле­рін оң шешуге уәде бергенін айт­тық. Тек бұл шешімдері тұрғын­дардың қалтасына батпаса бол­ғаны.

Екі есе қымбаттады

Еліміздің Табиғи моно­полияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаев «2021 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығына қатысты та­рифтердің көтерілуіне жол бер­мейміз» деп уәде беріп отыр. Бірақ ол Павлодарда кейбір ком­мунал­дық қызмет биыл, жыл аяқ­талар тұста қымбаттап кетке­нін білмей­тін сияқты. Қоқыс шығару құны екі есеге, 160 теңгеден 322 теңгеге өсті. Бұл жұмысқа жауапты «Спецмашин» ЖШС өз саласында монополист бо­лып есептеледі. Кәсіпорын бас­шылығы шығындардың көбеюіне байланысты өз қызмет­тері­нің құ­нын жоғарылатуға мәжбүр бол­ғанын айтуда. Алғашында жергілікті билік бұған рұқсат бермеуге тырысқан еді. Бірақ наразылық ретінде қала көшелерінен қатты және тұр­мыстық қалдықтар бірнеше күн тазартылмай қалғаннан кейін бұл райларынан тез қайтты. Жаңа жылдың басынан тағы бір мо­нополист – «Павлодар-Водоканал» ЖШС таза ауызсудың құнын 6,3 пайызға қымбат­татуды жоспарлап отыр.

Данияр ЖҰМАДІЛ, Павлодар облысы