Теменов неге төзбей тұр?
Теменов неге төзбей тұр?
134
оқылды

«Күн санап елден кете­тін­дер көбейді. Біз қайда бара жатырмыз?». Бұл – режис­сер, Қазақстан­ның халық ар­тисі Талғат Те­менов­тің жан­айқайы. Кө­шіп жатқан­дар­­дың дені – білімді, білікті аза­маттар. Өз сала­сының білгірлері.

Жүздеген адамның елді тастап кетуі – қауіпті құбылыс. Бұл елдің генофондына әсер етуі мүмкін. Зиялы қауым өкілдерін алаңдатып отырған да – осы жайт. Режиссер Талғат Теменов кезінде Иманғали Тасмағамбетов айтқан мына бір әңгімені еске алды. «Атырау об­лы­сы Құрманғазы ауданында ел билеген Мақаш деген кісі болыпты. Ол өз заманында II Николай патшаның үйлену тойы рәсіміне қатысқан. Сол кісі болыс болып жүрген кезінде ауылдың алты жігіті жылқы ұрлап, қолға түседі. Ұрыларды Сібірге айдау керек деген шешім шығарады. Мақаш бұл мәселеге араласқысы келмей, шешімді соттың өзіне қалдырса керек. Сонда ауылдағы ақсақалдардың бірі: «Мақаш, біз алты жігіттен емес, алпыс адамнан айырылып қалатынымызды білесің бе? Олар болашақта алпыс баланың әкесі болатын ер-азаматтар емес пе?» деген екен. Сонда Ма­қаш әлгі ақсақалдың сөзіне құ­лақ түріп, алты жігіттің елде қа­луына ықпал еткен екен. Елес­тетіп көріңізші, елден жыл сайын қаншама адам шетке кетіп жатыр. Мыңдаған адам кетсе, миллиондаған адамнан айырылып жатырмыз деген сөз» дейді режиссер. Өзге елге қоныс аударып жатқандардың ішінде өнер адамдары да жоқ емес. Қаншама режиссерлер, мәдениет қайраткерлері, өнер адамдары өзге елде еңбек етіп жатыр. Мұхит асып кеткендер қаншама?!

 

Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?

«Жаз айларының бірін­де жұмыс барысымен «Қазақ­фильмге» соқтым. Киностудия менің туған үйім секілді. Осында ержеттім десем де болады. Бүкіл марапаттарыма, атақ-дәре­желеріме осы үйде жүріп қол жеткіздім. Ең өкініштісі, киностудиядан өзіме таныс бейнелерді кездестіре алмадым. Мені елеп-ескерген де ешкім жоқ. Әркім өзімен-өзі. «Байғұс, менің киностудиям» дедім іштей. Күні кеше осы жерде жұмыс істеген жандардың бірі жоқ. Зет Бошаев, Тоққұл Бейбітов Ресейге қоныс аударған. Сер­гей Шафир Израильде жүр. Георгий, Ольга Гид, Алексей Беркович Германияға кетіпті. Нина Чанкова, Саида Ахмедова Францияда, Марат Тоқтабакиев, Кәрім Молдахметов Бельгияға кеткен. Әйкен Қуатбаева, Диляра Тасболатова, Гуля Мұқатаева, Александр Баранов, Болат Ысқа­қов, Людмила Трахтенбург Мәскеуде жүр. Осылай тізім жал­ғаса береді. Олардың барлығы да кәсіби мамандар еді. Жүздеген емес, мыңдаған адамдар көшіп жатыр. Бұл мәселенің байыбына барған біреу бар ма?» дейді режис­сер күйініп.

Өнер адамдары өзге елге тек­тен-текке қоныс аудармайды. Жоғары жалақы іздеп кетеді. Тұрмысын түзегесі келеді. Кино­студияда 40-50 режиссер бар десек, оның бәріне кино түсіру мүмкін емес. Жылына кем деген­де, он фильм түсірілетін болса, қалғаны не істейді? Бос отырса, отбасын, бала-шағасын кім асы­ра­мақ?

Режиссер Болат Қалымбетов 12 жыл бойы фильм түсірмей, жұмыссыз үйде отырғанын айтып еді. «Режиссер фильм түсірмесе, жұмыссыз қалады. Бұрынғыдай штатқа тіркеп, құр айлық алу деген болмайды. Фильм түсірсең ғана айлық аласың. Түсірмесең, бос жүресің. Шыны керек, 12 жыл үйде отырғанда, жолдасым асы­рады. Егер ол жұмыс істе­месе, мен не істер едім? Не­бір талантты режиссерлер жұмыс­сыздықтан қаңғып кетті. Ішім­дікке салынып кеткендері де бар. Тұрмыстың ауыртпалығын көтере алмай, өмірден түңіліп кеткендер де болды» дейді Болат аға. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары киностудия аумалы-төкпелі заманды бастан кешірді. Ол кезеңнің қиындығы бір бө­лек. Қазір ше? Нарықтың өз заңы бар. Десек те, айдың-күн­нің аманында таланттардан айы­рылып, қол қусырып отыра береміз бе?

 

Бәсеке болмай, өнер дамымайды

Жастардың шетелге құмар­туының бір себебі – бәсеке. Жыл сайын Голливуд пен Болливуд сияқты «Қазақфильм» мыңдап фильм түсіріп жатқан жоқ. Там-тұмдап шығарған фильмдерінің өзі сұранысқа ие болуы қиын. Әсіресе, қазақтілді аудиторияға түсірілген кинолардың «жұлды­зы» жанып тұр деп айта алмаймыз. Прокат туралы әңгіме тіптен басқа. Сонда оларды елде не қызықтыруы мүмкін? Режиссер Ардақ Әмірқұловтың: «жалпыға ортақ проблема бар, ол – ақша. Бір жаманы, елде жүрсең сыйың болмайды да, елден кетіп, сыртта жүріп, жақсы фильм түсірсең, жақсы ақша ұсынып, елге шақы­рады. Одан бөлек, сыртқа кетіп жатқан адамдар ақша үшін ғана емес, өз бойындағы дарынын, өз мүмкіндігін көрсету үшін кетуге мәжбүр болатын секілді» дегені бар еді. Бұл – бір жағы. Екінші бір тұсы – бәсекелестік орта жоқ. Бәсеке болмаған жер­де қарқын жоқ. Қарқынсыз, шығар­машылықпен айналысу мүмкін бе?

Шетелге барып, тәжірибе жинау бір бөлек те, түпкілікті қоныс аудару – бір бөлек. Жайлы қоныс іздегеннің бәрін жайлы жұмыс күтіп тұр ма? Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақтың жап-жас балет бишісі Дастан Шыныбаевтың шетелге сап-сау кетіп, елге сүйегі оралғаны да есімізде. Қыршын кеткен жас жігітті іздеген де ешкім жоқ. Талантты жігіт шетелге неге кетті деп сұрау салған біреу болды ма сол кезде? «Қайда? Қандай халде жүр?» деп, аш-тоқтығын ойлаған да ешкім жоқ. Тірісінде іздемеген соң, өлісінде жоқтадық та қойдық. Солай, естен шық­ты, ұмытылды. «Көзден кетсе, көңілден де кетеді» екен. Талантты бала өмірге дарынды болып келді де, кете барды. «Балам дейтін ел болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын?!». Ахаңша күр­сі­несің, амалсыз...

«Бұл – уақытша құбылыс. Мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық жоспарлар дұрыс түзілсе, бұл мәселенің де оңтайлы шешімі болады. Жастар да өз еркімен шетелге кетпес еді» деген пікірді алға тартады сарапшылар. Белгілі режиссер Сламбек Тәуе­кел: «Жаппай бұқараның ара­сында шетке кетіп жатқандар бар шығар. Бірен-саран болмаса, өнер мен мәдениетте жүрген аза­маттардың шет елге кетуі тура­лы мұндай хабарды естіген жоқпын. Сондықтан бұл мәсе­леде дабыл қағып, мәселе көте­руге ерте секілді» дейді.

Қалай болғанда да режис­сер Талғат Теменовтің жан шы­ры­лының артында ұлт тағдыры, ұрпақ қамы тұрғанын естен шығармауымыз керек. Мемлекет дарынды жастарды қамқорлыққа алып, дұрыс жағдай жасау ісімен айналыспауы да мүмкін. «Бұл нарық заңдылығы» деген уәж ал­дымыздан шығады. Сонда қайт­пек керек? Мақаш прави­тел­дің заманындағыдай, «алты жігіт» деген алты Алаш емес пе? Өнер, шығармашылық адамдары әлде­бір қауіпті ерте сезеді. Қазір ескер­м­е­сек, ертең кеш болып жүрмей ме?!.

 

Г.ТҰРҒАНБАЙ