Дәрігер 20 жылды арқалауы мүмкін
Дәрігер 20 жылды арқалауы мүмкін
158
оқылды

Атырауда облыстық перинаталды орталықтың тоңазытқыш­ына салынған сәби өліміне қатысты  іс бойынша сот процесінің соңғы кезеңі - тараптардың жарыссөзі басталды.

Атырауда болған жан­түршігерлік оқиғаға нүкте қойы­латын күнді жақындатар сот отырысында прокурор Нұржан Жангереев бес айыпталушыға қатысты айыптау қорытындысын оқыды. Прокурор  соттан облыстық перзентхананың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаевты  кінәлі деп танып, оған Қыл­мыстық кодекстің бірнеше ба­бының жекелеген тармақтарына сәйкес бүкіл қылмыс бойынша 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотта Қ.Нысанбаевтың бір топ адаммен алдын ала сөз бай­ласу арқылы кәмелетке толмаған баланы өлтіру, сеніп тапсырылған бөгде мүлікті иемдену, қызмет бабын асыра пайдалану, пара алу және беру баптары бойынша айыпталып отырғаны  айтылды. Акушер-гинеколог Асқар Қайыр­жан мен акушер Жәмила Құлбатырова үшін прокурор 17 жыл­ға бас бостандығынан айыруды сұрады. Оларға «адам­дармен алдын ала сөз байласу арқылы көрінеу кәмелетке тол­маған баланы өлтір­ді» деген айып тағылды. Сондай-ақ прокурор Н.Жан­гереев перзентхананың нео­натолог дәрігерлері Руслан Нұр­мұхамбетов пен Дариға Жұма­баеваны қылмыс туралы хабар­ламағаны үшін айып­тап, әр­қайсысының бас бостан­дығын үш жылға шектеуді сұрады. Айыптаушы тарап айып­талушылардың кінәсі куә­герлердің айғақтарымен, Батыс Қазақстан облысы сот-меди­циналық сарап­тамасының ал­ғашқы және Қара­ған­дыдағы екінші комиссияның қорытын­дысына сәйкес толық дәлелденді деп есептейді. Бұл қорытын­дыларда Н.Тұрымбетова мен Р.Молдағалиеваның сәбилері дүниеге тірі келді делінген. Прокурордан кейін жәбір­ленушілер Нұржамал Тұрым­бетова мен  Роза Молда­ғалиеваларға  сөз берілді. Жәбір­ленушілер  айып­тауды толығымен қолдап, мораль­дық зиянды өтеу туралы талап-арыздарын қана­ғаттандыруды сұрады. Жәбір­ленуші тараптар Қ.Нысан­ғалиевтан моральдық зиянды өтеуге 10 миллион теңгеден өндіріп алуды сұрады.  Н.Тұрым­бетова  акушер-гинеколог А.Қайыр­жаннан 10 миллион, Ж.Құл­батыровадан 5 миллион және екі неонатологтан 2 миллион тең­геден талап етті. Айыптау қорытындысына сәйкес, перзентханадағы то­ңазытқышқа тірідей салынған Н.Тұрымбетованың сәбиі туралы оқиғаны ел түгел  біледі. Ал екінші жәбірленуші Роза Молда­ғалиеваның сәбиіне қа­тысты  өтіп жатқан және Қ.Нысан­ғалиев қызмет бабын асыра пай­даланды деп айыпталған оқиғаны көпшілік ұмытып та қалды. Бұл оқиға Р. Молда­ғалиеваның сәбиі дүниеге кел­гендегі деректерді бұрмалауға қатысты болып отыр. Былтырғы 13 қыркүйекте Р.Молдағалиева Даун синдромы және трисомия диагнозы бар сәби туды.  Туған кезде жүрегі соқпаған сәби сәлден соң тіршілік ны­шанын білдіріп, жарты сағаттан соң шетінеп кеткен. Ал перзентхананың бас дәрігері Қ.Нысанбаев сәбидің ауру та­рихына «ұрықтың антенатальды өлімі»,  яғни босанғанға дейін өлген  деп жазуды бұйырған.  Нақтысында сәбидің дүниеге келу, ауру, шетінеу тарихы жазылатын журналда «сә­бидің  босану кезіндегі өлімі» деп көрсетілуі тиіс. Алғашында тіршілік белгісі болмай, сәлден соң жүрегі соғып, жарты сағаттай өмір сүрген  жаңа туған шақалаққа  ешқандай меди­циналық көмек көр­се­тілмеген, жансақтау бөлмесіне шұ­ғыл жеткізіп, ем-дом жасау ша­ралары жүргізілмегені белгілі болған. Сәбидің анасы Р.Молда­ғалиеваның аналық жанайқайы да өткен оқи­ғаның қайта­ланбауына сабақ болса жақсы. Тірі туып, тоңазытқышта шетінеген шақалақтың өліміне қатысты сот отырысы әлі де жал­ғасады. Tyrsin       Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ Атырау облысы