Лос-Анджелестегі Staples Center аренасында өткен аты аңызға айналған америкалық боксшылар Майк Тайсон (50-6, 44 KO) мен кіші Рой Джонс (66-9, 47 KO) арасындағы жекпе-жектің тең нәтижемен аяқталғаны қос былғары қолғап шебері үшін де, көпшілік үшін де тосын шешім болды. Әйгілі спорт сарапшылары да жекпе-жектен соң кездесудің алдын ала келісілгенін, 2021 жылы қайтадан реванш ұйымдастырылатынын айтып бақты.
Атышулы айқас кезінде екі спортшы да жастың егделенуі нақты шеберлік пен кәсіби шеберлікке кедергі емес екенін айқын көрсетті. Шаршы алаңдағы айқас арнайы регламентке сәйкес өтті. Боксшылар барлық сегіз раундты рингте өткізді. Ал төрешілер жекпе-жек соңында қос боксшының тең түскенін хабарлады. Жеңіске жеткеніне сенген Тайсон жекпе-жектің соңында рингтен наразы кейіпте кетіп, жарияланған нәтижемен мүлдем келіспейтінін жеткізді. Бір қызығы, WBC бұл жекпе-жектің жеңімпазы үшін арнайы белбеу дайындап қойған. Бірақ Тайсон мен Джонс кездесуінде жеңімпаз анықталмай қалды. Тығырықтан оңай шығудың жолын іздеген ұйым Тайсонға да, Джонсқа да BLM WBC арнайы белбеуін сыйлады. Айқастан кейін 54 жастағы Майк Тайсон өзінің шеберлігін одан әрі жетілдіруге ниетті екенін, әлі де рингке қайта оралатынын тілге тиек етті. – Нокаутқа түспегеніме қуаныштымын. Келесі жекпе-жекте мен одан да жақсы қалпымда боламын. Реванш күтіңіздер, – деді былғары қолғап шебері. Boxingscene сарапшыларының пікірінше, темір Майк сегіз раундтың әрқайсысында жеңіске жеткен, ал жекпе-жектің қорытынды есебі Тайсонның пайдасына 80:72 болуы керек екен. Бірақ шешім басқаша болды. Айтпақшы, қос боксшының бұл жекпе-жектен қанша табыс тапқаны да нақтыланды. Шетелдік спорт басылымының журналисі Кевин Айоле Тайсон мен Джонсқа жекпе-жекке шыққаны үшін қанша ақша төленгенін, қос боксшының табысын жариялады. Журналист өзінің Twitter парақшасында темір Майктың 10 миллион доллар, Джонстың 3 миллион доллар гонорар алғанын жазды. Ал ақылы эфирден MMA Fighting мәліметі бойынша, Тайсон-Джонс жекпе-жегі бір жазылым үшін 49,95 доллардан 1,2 миллионнан астам пайда тапты. Аталған дерекке сүйенсек, онда Тайсон-Джонс жекпе-жегі 1,3 миллионнан астам ақылы жазылым сатқан бокстағы ең сәтті сатылымдар тізіміне енген. Сонымен бірге Тайсон мен Джонстың кездесуі Тайсон Фьюри мен Деонтей Уайлдер арасындағы жекпе-жекті басып озды. Атышулы айқастан соң екі салмақ бойынша әлемнің бұрынғы абсолютті чемпионы Эвандер Холифилд өзінің бұрынғы қарсыласы Тайсонды қайтадан жекпе-жекке шақырды. Бұл туралы MMA Fighting хабарлады. – Біз жекпе-жекті ұйымдастыруға тырыстық. Бірақ үнемі әртүрлі сылтауға байланысты олар келісім бермеді. Менімен кездесудің алдында неге басқа қарсыласты таңдағанын енді түсіндім. Рой Джонс – орта деңгейлі қарсылас. Алайда маған қарсы өтетін кездесуде әлемдік деңгейдегі айқас болары сөзсіз. Бұл кездесуді жанкүйерлер де асыға күтіп жүр. Шаршы алаңда кездеспеуге ешқандай себеп жоқ. Енді Майктың командасынан сылтау естігім келмейді. Майк, сен менімен кездесуге дайын екеніңді айттың. Келісімшартқа қол қойып, рингке шық. Мұны әлем күтіп отыр. Мен дайынмын,– деген Холифилд ескі қарсыласын ринг төрінде күтетінін айтты. Еске сала кетейік, Холифилд пен Тайсон кәсіпқой бокста бұған дейін екі рет кездескен болатын. 1996 жылдың қараша айында Холифилд 11 раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, Майктан WBA белбеуін тартып алды. Ал 1997 жылы өткен екінші кездесуде Тайсон қарсыласының құлағын тістеп алғаны үшін кездесуден шеттетілген болатын. Енді бокс жанкүйерлері мен спорт сарапшылары үшін келер жылы қай кездесудің бірінші ұйымдастырылатыны қызық. Қалай дегенмен бокс марқасқаларының ринг төрінде қайта ойқастауы көрермендер арасында үлкен қызығушылық тудырып отырғаны сөзсіз.Абылайхан ЖҰМАШ