«Шыңырауды» дүниежүзі тамашалайды

«Шыңырауды» дүниежүзі тамашалайды

Режиссер Жаңабек Жетіруовтың «Шыңы­рау» фильмі Қытайда өтетін фести­вальге қатысады.

Фильмді Сямэнь қаласында өтетін XXVIII Бүкілқытайлық «Алтын әтеш және Жүз гүл» атты фестивальде көрерменге режиссер Жаңабек Жетіруов таныстырады.

Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінің желісі бойынша түсірілген фильмге құдық қазушы Еңсептің тағдыры арқау болған. Менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандықтың арпалысын суреттейді.


Фильм Маңғыстау облысының Қарақия ойысы, Үстірт шоқысы және Каспий теңізі аралығында түсірілген. Басты рөлдерді Асылхан Төлепов, Алдабек Шалбаев және Айжан Же­тіру сомдады. Бұған дейін отандық туынды Бан­гладештегі фестивальге қатысып, «Үздік опе­раторлық жұмыс» жүлдесін жеңіп алған болатын.  

– Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесі – қазақ әдебиетінің жауһары. Сондықтан туынды халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағаланып жүр. Үндістан, АҚШ, Ресей мен Қытайда көрсетіледі. Бұл – үлкен жаңалық. Фильмді түсіруге атсалысқан азаматтарға алғыс айтамын, – деді Жаңабек Жетіруов.

1962 жылы негізі қаланған «Жүз гүл» мен 1981 жылы негізі қаланған «Алтын әтеш» фестивалі бірігіп, 1992 жылы Қытайдағы ең танымал байқауға айналды. Фестивальде шетелдің және Қытайдың үздік фильмдері көрсетіледі.

«Алтын әтеш» сыйлығын кәсіби қазылар алқасы табыстайды. Ал «Жүз гүл» сыйлығының жеңімпазын көрермен дауыс беру арқылы анық­тайды.