Қайта оралған брендтер
Қайта оралған брендтер
184
оқылды

Өткеннің оралуы әркез әсерлі. Ол Parfums de Nicolai әтірі, «Аламан» шайы, тіпті big babl сағызы болуы мүмкін. Ке­зінде Nokia мен Motorola теле­фон дәуірін биледі. Қар­сыластарына нарықты беріп қойғасын көлеңкеде қалды.

Сomeback

90-жылдар батырмалы «кір­піш» телефонмен байланысты. Android Authority компаниясы фин телефонын қайта жасап шығармақ. Бұл Nokia 2010 моделінің 25 жыл­ды­ғына орай жоспарланып отыр. Жаңа модельдің атауы – Nokia А10. Аталған телефон Азия мен Африка нарығында кең сатылымға түспек. А10 Android оперативті жүйесімен жұмыс істейді. Телефонда түрлі-түсті дисплей, 4G, WhatsApp, Facebook сияқты қосымша бар.

Ұзақ жылғы үзілістен соң, 2016 жы­лы Nokia нарыққа қайта оралды. Бірақ «үйренісуге» біршама уа­қыт кетті. Корпорацияның бас ди­рек­торы Раджив Сури бәрін қайта бас­т­айтынын мәлімдеді.

Осыдан кейін нарықта нос­таль­гия басталды. Nokia-ның бұ­­рын­ғы үлгілері жаңарып, қайта келді. Алғашқы болып 2017 жылы Nokia 3310 назарға ұсынылды. Зерт­­­теушілер аталған өнімнің «жыл хиты» атанатынын айтты. Те­­ле­­фонмен тоқтаусыз 22 сағат сөй­­­лесуге болады. Сондай-ақ 2017 жылы Nokia 6с, Nokia 5с, Nokia 3с шықты. Осылайша, Nokia сome­back жасады.

Қайта түлеуді қолға алған­дар­­дың бірі – Motorola. Атал­ған телефон 2019 жылы жан­кү­йер­­лерін таңдандырды. And­roid опе­рациялық жүйесінде сен­­­сор­лы, экраны иілетін Razr-ды таныстырды. Razr-дың сырт­­қы пішіні сатып алушы­лар­­ды елік­тіретіні анық. Смарт­фон қар­сы­ластарында бар артық­шы­лыққа ие. Бірақ суға төзімділігі жайлы айтылмаған. Аталған үлгі 2004 жылғы Razr V3-тің жаңарған түрі. Смарт­фон 2020 жылы сатылымға шығады.

Компания бұған дейін Moto X Force, Moto X Style, Moto X Play мен Moto G-ді ұсынды. Оған қо­са Motorola-да Moto360 ақылды саға­ты бар. Сондай-ақ 2018 жылы баға­сын тиімді етіп 6 смартфон жасап шықты. Нарық Motorola-ның жаңалығын жылы қабылдады. Ес­теріңізде болса, Motorola 2010 жы­лы біраз елдің нарығынан кеткен болатын. Бұл сатылымның азды­ғы мен компаниядағы ауыс-тү­йіс­ке байланысты еді. Google мен Lenova Motorola-ны өзара бө­­ліс­кен соң, жағдай қалпына кел­­ген.

 

Nokia неге «жеңілді»?

Nokia-ның бірінші болуға еті үйренген. 1994 жылы Nokia 2110 шы­ғып, адамдар алғаш рет бір-бі­ріне смс жіберді. Nokia Tune ринг­тоны корпорацияның аудио­брен­діне айналды. 2000 жылдары Nokia 2110-ның 126 млн данасы саты­лып, телефон бестселлері атан­ды. Nokia 7650 әлемдегі камерасы бар, Symbian оперативті жүйесімен жұмыс істейтін алғашқы телефон мәрте­бесін алды. 2003 жылы шық­қан Nokia 6650 – 3G-і бар алғашқы смартфон. Осынша жетістіктен кейін құлдырау болатынын ешкім ойлаған жоқ. Алғашқы сөзін жиі есті­ді ме екен, нокдаунды да ал­ғаш­қы iPhone-нан алды.

Нарыққа Стив Джобстың iPhone-ы, артынша Android ор­­на­­тыл­ған смартфон келді. Осы­­лай­ша, Nokia-ны телефон на­ры­ғынан ығыстыру басталды. Шабуылға бірінші болып Android шықты. 2010 жылдың соңына қарай Android ең танымал оперативті жү­йе­ге айналып, Symbian-ды екін­ші орынға түсірді. 2011 жылдың алғашқы үш айында Android орнатылған 35,7 млн смартфон са­тылды. Ал Symbian 24,2 млн те­ле­­фон сата алды. Осыдан кейін Nokia-да «өмір сүруге» деген тал­пы­ныс басталды.

Nokia 2010 жылы компания басшысын ауыстырды. Жаңа стра­те­гиямен жұмыс істеу бастал­ды. Бағасы тиімді телефон шығаруға күш салды. Талпыныс нәтиже берді. Алайда нарықта «арзанқол телефон» деген атақ алды. «Қым­бат зат – сапалы» деген сте­рео­тип­ті ескерсек, Nokia-ның имиджі құлдырады.

Ары қарай жоғарыдан төменге сыр­ғанау басталды. Nokia 2011 жылы Symbian-нан Microsoft Windows Phone оперативті жүйе­сіне көшеді. Бұл шешім пайдадан гө­рі шығын әкеледі. 2012 жылы пре­миум класқа телефон өндіретін Vertu Corporatoion-ның 90 пайыз акциясын сатуға мәжбүр болады. Тіпті корпорация Эспоодағы штаб-пәтерін сатады деген қауесет та­райды. Аталған жылдың соңына қа­рай компания шығыны 2,5 есе өседі.

«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, Mic­ro­soft компаниясы Nokia-ның De­vices&Servises бөлімін сатып ала­­­ды. Бұл мобильді құралдар шы­ға­­­­ратын бөлім болатын. Соны­мен, телефон бөлімі жалпы құны 5,4 млрд­ евроға сатылады. Nokia-ның өзін­де 3 бөлім қалады.

Microsoft бизнесті дөңгелетіп әкете алмайды. 3 жыл өткен соң теле­фон бөлімін Қытай мен Фин­лян­дияның ортақ компания­сына сатады. FIH Mobile мен HMD Glo­bal компаниясы Nokia үшін 360 млн доллар төлейді. Олар Nokia-ны, сервер мен сервистер желісін, 4 500 жұмысшысымен бірге алады.

HMD Global телефонды жаң­ғыр­туға барынша күш салады. Жаңа модельдегі смартфон мен план­шет сатуды жоспарлайды. Істі дөңгелетуге 500 млн доллар са­лым салады. Nokia China прези­денті Майкл Ванг 2017 жылы Nokia-ның Қытай нарығына ене­­тінін мәлімдейді. Nokia-ның бас директоры Раджив Сури бол­са, нақ­ты графиктің жоғын, бі­рақ смар­тфон қайта «дүниеге» келе­­ті­нін айтады. Бұл 2016 жылы, тіпті одан да кеш болуы мүмкін екенін қосады.

Nokia-ның «жеңілісі» туралы ком­­панияның бұрынғы инжинері Reddit-те жазған жазбасында ай­тып берді. Біріншіден Microsoft-тың оперативті жүйесі тиімсіз бол­ғанын атады. Windows 8 жүйесін смарт­фонға орнату үлкен қателік екенін жазды. Тұтынушылардан түскен өтініштерді орындаймыз деген уәденің сөз күйінде қалғанын қосыпты. Android пен iOS-тың қар­­қынына ілесуге компания ша­ма­сы жетпегенін мойындаған.

 

Motorola: кеше мен бүгін

Motorola-ның қалта телефо­ны­ның атасы екенін білеміз. Motorola DynaTAC 8000X-ті 1983 жылы шы­­ғарды. 2000 жылы компанияда дағ­­­да­рыс басталды, 2011 жылға дейін компания тұралап тұрады. Ақы­ры Motorola Solutions, Motorola Mobility болып бөлінеді. Motorola Mobility бөлігін Google алғанымен, 2012 жылы жабуға мәжбүр болды. Ке­йін­нен мобильді құрылғы жасап шы­­ғаратын бөлікті Lenova сатып алады.

Lenova 2016 жылы Motorola-ны ТМД нарығына қайтарды. Тұтынушыларды қызықтыру үшін 2017 жылы смартфонның бетіндегі әйнегі бүлінсе, өздігінен қайта қал­пына келтіретін функция ойлап тапты. Қалай дейсіз ғой? Егер теле­фон әйнегі шытынаса күні бойы смартфонды қолданбайсыз. Нәтижесі 1 күннен кейін біліне­ді. Бірақ толығымен немесе қатты зарар көрген шыны қалпына келмейтінін есте ұстаған жөн.

Motorola мұнымен тоқтап қал­ған жоқ. Телефондар «тақта­сын­да» бір жеп биге көтерілуді мақ­сат етті. iPhone мен Samsung жүрі­сіне қарсы стратегия құрды. Жоспар уақытымен орындалып келе жатқан сыңайлы. Өйткені олар Moto g8 plus атты жаңа смарт­фон құрастырды.

Бүгіндері Motorola телефонды 3 желі бойынша шығарады: One, E және G. Брендтің соңғы шы­ғарған смартфоны – Е6s. Телефонтанушылардың берген бағасы бойынша, аталған модель кейбір көрсеткіште iPhone 11-мен бәсекеге түсе алады. Демек, Motorola құрастырып шыққан жаңа модель Apple өнімінен асып кетуі мүмкін. G желісінде жасалған Moto g8 plus-та 3 негізгі камера, экшн камера мен фронталды камера бар.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ