Кадр мен қадір
Кадр мен қадір
229
оқылды

Қоғамда бір-біріне кереғар пікірлер жиі орын алатын болды. Оның негізгісі – жұмыссыздық пен маман тапшылығы мәселесі. Еліміз бойынша әр салаға маман жетіспей жатыр. Соған қарамастан, жұмыссыздардың саны артуда. Бұл не сонда? «Дипломды жұмыссыздар» қаптап, керісінше қажетті мамандық иелерімен қамтамасыз ете алмай отырғанымыздың айқын көрінісі ме?

Рас, бүгінде еліміз бойынша әр салаға маман жетіспейді. Мә­селен, ауылшаруашылық сала­сына 2 мың, білім саласына 5 мың, ішкі істер саласына 11 мың маман жетіспейді. Денсаулық саласына да әртүрлі маман иелері мыңдап керек. Оған дизайнерлер мен туризм мамандарын, эко­лог­тарды қосыңыз. Дәл осы жерде заңды сауал туындайды. Жылына жоғары оқу орындарын тамам­дайтын 130 мыңнан астам маман қайда кетіп жатыр? Шикіліктің бәрі осы сауалдың жауабын ізде­генде ғана шығады. Сонымен...

 

Жүйкені жұқартқан жүйесіздік

Бұл біріншіден, өзіміз жаппай айтып, жазып жеткізе алмай жүр­ген білім саласындағы жүйесіз­діктің әсері. Дүниежүзілік уни­вер­ситеттер рейтингісін шыға­ратын орталық 2018-2019 оқу жы­лының қарсаңында ғаламдық жоғары оқу орындарының рей­тингісін жария етті. Түрлі талап бойынша сараланған тізім әлем­дегі 1 мың оқу орнын қамтыған. Ал Қазақстан бұл тізімде жоқ.

– Өйткені жоғары білімі бар мамандарға деген сұраныс есепке алынбай, кадрлар есепсіз да­йын­далуда. Мысалы, соңғы 17 жыл­дың ішінде 2 миллионнан астам жастар ЖОО бітіріп шықты. Олардың 30 пайызы ғана маман­дықтары бойынша жұмысқа тұрған. «Ақшаңды төле де, оқи бер» принципімен қабілет, білі­міне қарамай, жаппай білім беру етек алғалы, жастарымыздың дені қаржы шығындап, 4-5 жыл уа­қыт­тарын жұмсап алған дип­лом­дары қажет болмай қалуда. Яғни, жыл сайын мемлекет пен ата-аналар­дың қаражаттары есебінен қазіргі нарық қажет етпейтін он мыңдаған жоғары білімді ма­мандарды даяр­лап, жұмыссыздар санын қолдап көбейтіп отырмыз. Бұл еліміздегі ЖОО-ы өздерінің өңір­леріне қажетті мамандарды назарға ал­майтындығын көрсе­теді, – дейді сенатор Мұрат Бах­тиярұлы.

Ал елордалық Экономикалық колледждің оқытушысы Ерлан Қуантқанұлы кез келген маман­дықта кәсіпкерлік негіздері пәні оқытылуы керегін алға тартып отыр.

– Мысалы, қазір қоғамға ке­рек, жетіспейді деп жүрген ма­ман­дықтарды алайықшы. Ол мей­лі шаштараз, агроном, фер­мер, гүл өсіруші, суретші болсын, оларға бизнес форматтағы жұ­мыстың ерекшеліктері туралы білім қоса берілуі керек. Қазір қыз­мет көр­сету саласына 60 па­йыз, шағын және орта бизнеске 80 пайыз маман жетіспейді. Біздің жүйенің басты қателігі, осындай керек мамандықтарға ғана грант бөліп, басқасын тоқтата тұрма­уымызда болып отыр. Мәселен, елімізде сан мыңдап саналатын кейбір пе­дагогикалық мамандық иелеріне арналған гранттарды әлі бөліп жүрміз. Олар сол жұмыс­сыздар­дың қатарын жыл сайын арттырып жатыр. Талапкерлерге нарықта сұранысқа ие негізгі мамандықтар туралы көбірек ақпарат берілу ке­рек. Әйтпесе, бір ғана білім бе­ру­ден кеткен қателік, бүкіл қоғамға өз әсерін тигізеді, – дейді ол.

 

Мемлекеттік жоспар неге жоқ?

Ғаламдық жоғары оқу орын­дарының мыңдығын айтып, алыс­ты армандамай-ақ, ішінара жүргізілген зерттеуге зер салсақ. Еңбек ресурстарын дамыту орта­лығы ең әлсіз университеттер қатарына Алматы мен еліміздің оңтүстік өңіріндегі жоғары оқу орындарын жатқызыпты. Тіпті, олардың арасында мүйізі қара­ғайдай Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Қ.Сәтбаев атын­дағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті сияқты беделді мемлекеттік оқу орындарының да аттары жүр. Оқу тиімділігі мен түлектердің еңбек нарығындағы табыстылығы негізге алынған талдау екен бұл. Осы жерде жыл сайын қажет етілмейтін, нарықта сұраныс жоқ мамандықтарға неге түлектер қабылданады деген заңды сауал туады.


Кеңес уақытында мем­лекеттік жоспар деген болды. Бүгін бізде мұндай жоспар жоқ. Әр министр­лік, әр салаға қанша маман керек соның бәрін есептеу керек. Қазір бізде бұл жоқ. Құр сөз ғана бар. Үкіметте арнайы отырыс өтіп, нақты дерек­тер­мен, дәйектермен жұмыс істелу керек.


Іс жүзінде, еңбек нары­ғында жоғары білімі бар мамандар талап етілетін тек 15 пайыз жұмыс орны ғана бар екен. Жұмыс орын­дарының 85 пайызын орта арнайы білім иелері алып отыр. Ал бізде жоғары оқу орындарына өз еркі­мен оқуға түсіп, төрт жылдан соң өзін жұ­мыссыздықпен қамтитын жағдай жиі кездеседі.

– Бұл мәселе бүгін туған жоқ. Кезінде осы мәселені бірнеше рет көтердік. Еңбек нарығын есепте­йік, әртүрлі салаға қанша маман дайындау керек, осыны зерттейік деп талай айттық. Бірақ оған құ­лақ асатын адам болды ма? Дағ­дарыс кезінде Еуропа заманауи мамандық иелеріне қанша мил­лиард ақша бөлді. Сол уақытта Ресей 800 мың маман керек деп даурықты. Жү­йелі түрде сол мамандық иелерін дайындады. Кеңес уақытында мем­лекеттік жоспар деген болды. Бүгін бізде мұндай жоспар жоқ. Әр министр­лік, әр салаға қанша маман керек соның бәрін есептеу керек. Қазір бізде бұл жоқ. Құр сөз ғана бар. Үкіметте арнайы отырыс өтіп, нақты деректермен, дәйектермен жұмыс істелу керек. Универси­тет­теріміздің нашар екенін, ондағы білімнің сапасыз­дығын біз онсыз да білеміз, – дейді қоғам қай­раткері Оразалы Сәбден.


Сан емес, сапа қажет

Ғылым саласының ардагер­лері білім беруден көштен қалып қойғанымызды жасырмайды. «Медицинаны алайықшы, қазір бізге қанша дәрігер жетпей жа­тыр? Ал оған бөлінетін гранттың саны тым аз. Жұмыс жоқ маман­дықтарға бөлінген грант тиімді ме, жоқ әлде осы медицина са­ласына бөлінген гранттар тиімді ме? Сан емес сапаға көшетін уақыт жетті» дейді ардагер-ұстаз Жарылқасын Дәуіт.

Өкінішке қарай қажетсіз ма­мандар дайындайтын нашар ­уни­верситеттер әлі де жұмысын тоқ­татпай отыр. Өздері оқу бағ­дар­­ламасын жасап, өздері бақы­лап, өздері диплом ұсынатын дәл қазіргі білім жү­йесіне үлкен өзгеріс керек. Ең­бек нарығында уни­вер­ситеттің беделі болуы керек. Оқу орнын бітіргеннен кейін ол маман жұ­мысқа тұрды ма, жоқ әлде ол мамандық бойын­ша ең­бек етпей ме, мұның бәріне қадағалау болмай тұр. Оқу бітір­ген жас маман жұмыс іздейді. Таппайды. Өйткені тәжіри­бесі жоқ. Кез келген ме­кеме оны жұмысқа ала қоймайды. Олар қоғамдағы жұмыссыз маман­­дардың ғана қатарын то­лықты­рып отыр.

 

P.S.

Қалай десек те, қазір жоғары оқу орнын бітірді деген құжаты бар, бірақ қызметі жоқ мамандар көбейді. Есесіне, жоға­рыда айтқанымыздай, әр салаға мыңдап маман жетпей жатыр. Шынтуай­тында, бізге бәсекеге қабілетті жоғары білімді мамандар керек пе, әлде жоғары білімі бар екенін растайтын дипломы ғана бар жастар керек пе? Сапасыз білім беретін оқу орындарының санын қысқартуға министрлік құлықсыздық танытып отыра бере ме? Жүйе­сіз­дік пен жоспарсыз жұмыс осылай жалғаса берсе, мәселенің түйіні әзір таратылмайтыны айдан да анық ақиқат.

Қадірі жоқ кадрдың кімге керегі бар?