Орынбасар дегенше, құты қашар десейші
Орынбасар дегенше, құты қашар десейші
158
оқылды

Азық-түлік өнімдері бағасының негізсіз қымбаттағаны үшін бірден 3 министр орынбасарының жазаланатыны туралы жаңалық ел арасында мүлдем тосын қоғамдық пікір туғызды. Жұртшылықтың бір бөлігі Үкіметтің бұл шешіміне айран-асыр болып, вице-министрлерді қорғап шықты. Сарапшылар да қит етсе, биік лауазымды тұлғалар соларды жазалап, вице-министрлердің бәрін қорқақ еткенін айтады.

Мәселенің тарихына тоқтал­сақ, Ми­нистрлер кабинетінің осы апта басындағы отырысында тамақ өнімдері бағасының күрт көтеріліп кеткені талқыға са­лы­н­ды. Премьер-Министр Асқар Мамин жыл басынан бері әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарының ең жоғары бағасы барлық өңірлерде 15%-ға артқанын атап өтті. Мы­салы, ауқаты төмен бұқара көп тұтынатын қарақұмық жармасы бірден 62,9%-ға, күріш 32,3%-ға, ұн 27,8%-ға қымбаттап шыға келген. Нан бағасы да өсуде. Өңірлер арасында бағаның ең көп шарықтауы Шымкент, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Көкшетау, Петропавл, Ақтөбе және Таразда бай­қалады.

«Бұл өңір әкімдіктері мен Ауыл шаруа­шылығы, Ұлттық эко­номика, Сауда және ин­тегра­ция министрліктерінің жеткілікті жұмыс жүргізбей отырғанын көрсетеді» деген Үкімет бас­шысы бір апта ішінде арнайы жұмыс тобын құруды және әлеу­меттік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақ­тандыру бойынша қысқа және орта мерзімге ар­налған нақты шаралар пакетін әзірлеуді жүктеді.

Үкімет жетекшісінің тапсыр­масы бойынша бірден лауазымды шенділердің үлкен тобы, атап айтқанда, азық-түлік тауарлары бағасының өсуінің алдын алу мәселесіне жауап беретін Ауыл шаруашылығы, Ұлттық эконо­ми­ка, Сауда және интеграция вице-министрлері, сондай-ақ Шымкент және Алматы қалаларының, Қы­зылорда, Түркістан, Ақмола, Сол­түстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстары әкімдерінің орын­ба­сарлары тәртіптік жазаға тарты­луда. Премьер-Министр кеңсесіне 3 күн ішінде Үкімет басшысының қарауына нақты кімдердің жауап­кершілікке тартылатыны бойынша кандидаттардың аты-жөні көр­сетілген тізімді енгізу тапсырылды.

Жалпы, тәртіптік жаза биік ла­уазымды тұлғаның мансап са­тысы бойынша өсуіне кедергі келтіреді, беделін бүл­діреді, тү­йіндемесіне дақ түсі­реді. Мысалы, 2017 жылғы күзде Қазақстанда туындаған бензин дағдарысы үшін Энергетика ми­нистрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс жарияланған болатын. Бас энер­гетиктің авто­көлік отынының тапшылығы не себепті туындағаны туралы дәйектемесі сол кездегі Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың көңілінен шықпады және ол министрді жауапкер­ші­лікке тар­ту туралы ұсыным әзір­летті. Алай­да 4 ай өте, өткен жыл­дың ақпанын­да Қ.Бозымбаевтың тәртіптік жазасының күші жойыл­ды. Әйтпесе, жеке ісі осылай та­зартылмаса, білікті министр келесі Үкіметтің құрамына өтпей қалуы ықтимал еді.

Бензинге байланысты дүрбелең үшін Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов жұмысынан қуыл­ды. Жақсы кадр далада қала ма, ол 2017 жылғы желтоқсанда KAZENERGY қауымдастығының бас директоры лауазымын иеленді. Рас, артынша Үкімет құрамына қайта шақырылды: 2019 жылғы 1 сәуірде Үкімет қаулысымен қай­тадан Энергетика министрінің орынбасары болып тағайындалды.

 

Би емес, бір байғұс

Министрдің орынбасары де­генде, қарапайым халық «бір жеп, биге шыққалы тұрған шенеунік қой» деп ойлайды. Шынында, са­рапшылардың айтуынша, қанша жерден білікті, білімді болса да, орынбасарлардың көбі сол лауа­зымынан биік көтеріле алмайды. Яғни, «вице-министр» мем­ле­кеттік қызметке келген көптеген тұлға үшін «мансаптық тұйыққа», ақырғы шыңға айналады.

Сонымен бірге жұртшылық наразылығын тудырып, елді дүрліктірген мәселелер бойынша ірі шендіні жазалау керек болса, нысанаға бірінші болып, дәл осы «вицелер» ілігетіні жасырын емес.

– Ең қолайлысы, республи­ка­мызда Орынбасарлар министрлігін құру керек. Сонда барлық проб­лемаларға бірден сол министрлік кінәлі болады. Оларды әртүрлі ведомстволарға тықпалап, тарыдай шашудың қажеті қанша? Бір дүр­белең туа қалса, бірден сол минис­трліктен қызметкерлерді жауапқа тартып отырамыз, – деп әзілдейді Rara лақап атымен белгілі интернет пайдаланушы.

Ал алматылық белгілі заңгер, 34 шақырымдық Ла-Маншты жүзіп өткен тұңғыш қазақ Ержан Есімханов меморгандардағы осы лауазымдағы біраз азаматпен жеке таныс екенін және олардың не сезінетінін білетінін айтады. Ол елдегі қымбатшылық үшін орын­басарлардың жазаланатыны туралы тосын жаңалық Қазақ­стан­дағы мемлекеттік басқару жүйе­сіндегі орынбасарлардың рөлі туралы ойға батуға итермелегенін айтады.

– Жалпы, бұл өте көңілсіз жайт еке­нін мойындау керек. Министр­дің, агенттік басшысының немесе ірі қала әкімінің орынбасары қызметі – ешкімнің сүйемелде­уін­сіз, өз бетімен көтерілген жігерлі жі­гіттердің шенеуніктің карьера­сындағы ең жоғары нүкте. Егер сіз ақылды, білімді болсаңыз және мақ­сатты түрде мемқызметте ман­сап сатысымен өрлеуге ұмтыл­саңыз, күндердің бір күнінде осы лауазымға қол жеткізесіз де, «бат­пақтап» тұрып қаласыз. Неге? Себебі елімізде ведомство бас­шы­лары басқаша қағидат бойынша іріктеледі. Олардың арасында да ақылды, білікті, жігерлілері жетер­лік. Әйтсе де, оның түп-төркініне, үрім-бұтағына үңілсеңіз, әкесі ака­­демик немесе қайын атасы билік өкілі, болмаса, өзі сонда­ғы­лардың бірінің досы не сыныптасы болып шығады, – дейді Е.Есімханов.

Қалпымен солай деуге бол­майды, меритократия арқасында тамыр-таныссыз министр не әкім болғандар да бар, бірақ сарапшы жалпы алғанда, қалыптасқан жағдай әлгі тұспалды растайтынын айтады.


Тіпті, тамыр-таныстық жоқ дегеннің өзінде, бұл орынбасар­лардың жағдайын жеңілдетпейді. Министрлікте №1 тұлға – ми­нистр, ал әкімдікте – әкім болға­нымен, ол жауап беретін жұмыс телімдері орынбасарларына бөліп беріледі. Сәйкесінше, әлдебір кемшілік үшін әлдекімді жазалау қажет болғанда, ол салаға қандай орынбасардың жетекшілік ететіні қаралады.

– Біріншіден, орынбасарлар бар­лығы үшін жауап береді. Кез келген бірінші басшы үшін мықты, тындырымды, жауапты орынбасар керек. Басшының өзі салтанатты іс-шараларды ашады, оның жар­қын фотосуреттері әлеуметтік желіде таратылып жатады, шетел­дік делегацияларды да сол қа­былдайды. Ал сол кезде орын­ба­сары жайсыз сұрағына жөндеп жауап іздеген журналистерден қашып жүреді, қызуды көтеретін ішкі кеңес-жиналыстарды өткізеді, қуқы тірліктің ағымдағы мәсе­лелерін шешуі тиісті. Екіншіден, орынбасарлар лайықты және лайықсыз жазаға тартылады, сөгіс естиді. Тіпті, бірінші басшының өз ісін дұрыс атқармағаны үшін айыпты болып шығуы ғажап емес. Мысалы, бағаның қымбаттауын алайық. Оған ешқандай орынбасар кінәлі емес. Байыбына барсақ, министрлердің де айыбы жоқ. Нарық заңы. Бірақ халық ашулы кейіппен қарап отырғасын бейінді министрдің орынбасарын жазалау қажет болады, – дейді сарапшы.

Оның байламынша, бұлай жазалай беру «вицелерді» қорқақ етеді. Олар көрер соққыны кеміту үшін жауапкершілігін де мейлінше азайтуға ұмтылады. Өз бетінше нақты шешім қабылдаудан, тіпті кесіп-пішіп айтудан ат-тонын алып қашады. Соның кесірінен, бю­рократия артады, келісулер шетсіз-шексіз сипат алып, мәсе­ленің шешілуі сөзбұйдаға са­лы­нады. Қандай да бір салмақты мә­селе бойынша бұлар бастама­шыл­дық танытудан бойын аулақ салады.

Ержан Есімханов орынбасар болып жүрген белгілі тұлғалардың бірнешеуімен студент кезінен таныс екенін айтады. Барлығы дерлік бірнеше жылдан бері орынбасарлықтан ары аса алмай жүрген көрінеді. Дамыған елдерде бірінші басшы ауысқанда, ме­мор­ган тізгінін көп жылғы тәжірибесі бар сауатты орынбасарға тапсыру тәжірибесі республикамызда өркен жая алмады.

Сондықтан Қазақстан мемле­кеттік қызмет жүйесінде мери­тократия қағидаттарын жан-жақты енгізу ісін өрістете бергені жөн. Егер сала тізгінін өз қолына алуға дайын болмаса, ондай адам қа­лайша ұзақ уақыт орынбасар қызметін атқарып келген?!


Жазалаулар шеруі

Кейбір деректер бойынша, тәуелсіздік жылдарында жүзден астам вице-министр тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық жазаға тартылған.

2018 жылғы қарашада сол кездегі Премьер-Министр Ба­қытжан Сағынтаев монополис­тердің елді зар қайнатқан бұзу­шы­лықтары мен бассыздығы үшін Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғаринге сөгіс жария­лады. Өйткені монополияға қарсы комитет басшылығының көз жұма қарауы, кей жерде қолдауы арқа­сында жылу, электр алпауыттары тарифін жиі көтеріп, бұқара ха­лық­ты қанап келді.

2013 жылы 5 қарашада бюджет қаражаты тиімсіз игерілгені үшін бірнеше вице-министр сөгіс алды. Сол тұстағы Үкімет басшысы Се­рік Ахметов Денсаулық сақтау ви­це-министрі Болат Төкежа­нов­қа, Ауыл шаруашылығы вице-ми­нистрі Марат Толыбаевқа, Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаевқа сөгіс жариялады. Ал Индустрия және технология вице-министрі Альберт Рау сөгіске «экономиканы индустрияландыру кезіндегі кемшіліктері» үшін ілікті. Өңірлік даму вице-министрі Серік Но­кинге сөгіс «тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық бағдарламасын тиімді орындамағаны үшін» бе­рілді. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің орын­ба­сарлары жұмысынан қуылды.

Бірнеше облыстың сол кездегі әкімдеріне өз орынбасарларына бюд­жет қаражаты толық игеріл­мегені үшін сөгіс жариялау тап­сырылды және ол орындалды.

Әрине, бұл бертіндегі жаза­лау­лар ғана. Бұдан бөлек, 20-ға жуық министрдің орынбасары пара алғаны және басқа да қылмыстары үшін темір торға қамалды.