7-13 желтоқсан аралығында Нұр-Сұлтанда «Saryarqa Jugiru» онлайн-жарысы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жарысқа www.jgr.kz веб-сайтында желтоқсанның 4-і мен 13-і аралығында онлайн тіркелуге болады. Жас ерекшелігіне байланысты шектеулер жоқ. Елорда әкімдігінің қолдауымен өтетін спорттық шара ұйымдастырушылары – ҚР Жеңіл атлетика федерациясы, Нұр-Сұлтан жеңіл атлетика федерациясы. Онлайн-жарыс бастамасы бұқаралық спортты дамытуға және пандемия кезінде азаматтардың салауатты өмір салтын сақтауға бағытталған. Және оған денсаулығы бойынша қарсы көрсетілімдері жоқ азаматтар ғана жіберіледі. «Saryarqa Jugiru» қашықтығы – 5 шақырым. Іс-шараға қатысушылар оны 7-13 желтоқсан аралығында өте алады. 5 км маршрутты апта ішінде бірнеше рет кез келген ыңғайлы уақытта жүгіріп өтуге болады. Жеңімпазды анықтау үшін спортшының ең жақсы ұпайы ескеріледі. Ең бастысы – тіркелу және қатысудың барлық шарттарын орындау. Ол үшін Strava мобильді қосымшасында жүгіргеннен кейінгі көрсеткішті тіркеу керек. Әрі қарай, нәтижелер тексеру процедурасынан соң www.jgr.kz сайтында жарияланады. Сонымен қатар қатысудың маңызды шарттарының бірі - Instagram парақшаңызда жарыс туралы хабарлама жариялау және #saryarkamarathonchallenge іс-шара хэштегін, Нұр-Сұлтан жеңіл атлетика федерациясының @nsathleticskz, «Jugiru» платформасының @jgr.kz және Сарыарқа ауданы әкімдігінің @saryarka.akimat профильдерін белгілеу. Көктал-1 тұрғын алабының жаңа саябағында қашықтыққа жүгірген қатысушыларға арналған сыйлықтар: 1 орын - iPhone 12 2 орын - 300 АҚШ доллары 3 орын - 200 АҚШ доллары Қаланың басқа бөліктерінде жүгірген және Қазақстан Республикасының басқа қалалары мен облыстарында, сондай-ақ республикадан тыс жерлерде тұратын қатысушыларға арналған сыйлықтар: 1 орын - 150 АҚШ доллары 2 орын - 100 АҚШ доллары 3 орын - 75 АҚШ доллары Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер мерейтойлық медальдармен және сертификаттармен марапатталады. Егжей-тегжейлі ақпаратты jgr.kz ресми сайтынан алуға болады.