Мас күйінде көлік жүргізгендер жүргізуші куәлігінен неше жылға айырылатыны айтылды
Мас күйінде көлік жүргізгендер жүргізуші куәлігінен неше жылға айырылатыны айтылды

ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында көлікті мас күйінде басқарып, адамды мерт қылғандарға жазаның күшейтілетінін айтты.

«Мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынып отырмыз. Қазір мас болсын, сау болсын адамды машинамен қағып өлтіріп алса, жаза бірдей, ары кетсе бес жыл. Енді мас күйінде жасалған осындай қылмыс 10 жылға бас бостандығынан айырып, өмірбойы көлік құралдарынан басқару құқығынан айырылады», – деді М. Ахметжанов.

Енді Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне мас күйінде көлік айдағаны үшін 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау мерзімі ұзартылып, жүргізу құқығынан айыру мерзімі 8 жылға ұлғаяды.

Айта кетейік, бүгін жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқылап, бірінші оқылымда мақұлдады.