Күйеуін өлтіруге тапсырыс берген әйелдің қылмысын ашу үшін тергеушіге «киллер» көмектескен
Күйеуін өлтіруге тапсырыс берген әйелдің қылмысын ашу үшін тергеушіге «киллер» көмектескен
147
оқылды

Оқиға былтыр шілде айында болды. Ажырасқан әйел бұрынғы күйеуін өлтіру мақсатында Түркістан облысы тұрғынына тапсырыс береді.

Ол адам бұрын сотталған, әйелдің бұрынғы күйеуінің цехында жұмыс істеген. Әйел оған тапсырысты орындағаны үшін 20 мың АҚШ долларын беретінін айтады. Әйелдің кәсіпкер күйеуі ажырасса да, балаларына көмектесіп тұрған. Баспана, нан және тігін цехы құрылғысын сатып алып береді. Оған қоса автокран мен жеңіл автокөлігін әйелінің атына аударып берген. Екеуінің 4 баласы бар. Тапсырысты орындамақ болған Түркістан облысының тұрғыны әйелдің қылмыстық пиғылын әшкерелеуді жөн санайды. Сол себепті, облыстық Полиция департаментіне арызданған. Дереу сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Әйелден тапсырыс алған азамат жалдамалы кісі өлтіруші ретінде белгіленді.

Алдын ала жасалған жоспар бойынша әйелдің бұрынғы күйеуін «өлтіргенін» дәлелдеу үшін имитация жасайды. Жәбірленушінің үстіне қан жағып, пышақ пен оған тиесілі басқа да заттарын ұялы телефонға түсіреді. Бұл фотосуретті тапсырыс берген әйелге жіберген. Тапсырыс берген әйел бұрынғы күйеуінің «өлгеніне» көзі жетеді. Содан кейін қалтасынан алған 10 мың теңгені жалдамалы кісі өлтірушіге жолақы ретінде береді. Ал бұрынғы күйеуінің атына тіркелген дүние-мүлік балаларына мұраға өткеннен кейін еңбекақысын беретінін айтады.

Сотта бұрынғы күйеуі сотталушыға барынша жеңіл жаза беруін сұрады.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен бұрынғы күйеуін өлтіруге тапсырыс берген әйел 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Істі тергеуші Нариман Әбіләкім соңына дейін ақ-қарасын анықтап тергеген.