"Дәрігер болғаныма өкінемін": тірі туған сәбиді тоңазытқышқа салды деп айыпталған дәрігер әділ шешім күтетінін айтты
"Дәрігер болғаныма өкінемін": тірі туған сәбиді тоңазытқышқа салды деп айыпталған дәрігер әділ шешім күтетінін айтты
126
оқылды

Атырау перинаталды орталығындағы сәбидің өлімі бойынша бұрынғы бас дәрігер Қуаныш Нысанбаев екіжақты пікірсайыс кезінде сөз сөйледі.

"Ақ Жайықтың" жазуынша, Нысанбаев ұзақ сөйлеп, көзіне жас алған.

"Мен неліктен бұл мамандықты таңдадым - себебі, әкем - дәрігер. Мен интеллигентті отбасында өмірге келдім және әке жолын қудым. Ал акушер-гинеколог болуыма Санкт-Петербургте медицина бөлімінде оқып жүргенімде операция жасатуға келген Қазақстан азаматшасы себеп болды. Сол кезде хирург операция жасауыма бұйрық беріп, маған: "Сендер, ****, өз адамдарыңа операция жасай алмайсыңдар" деді. Мен сол сөздерді естіп, қатты қынжылып, білім алып, өз елімде сондай операция жасауға уәде бердім. Құдайға шүкір, акушер-гинекологияда жасалатын әрбір операция туралы білемін. Мен Гиппократ антын бұзған жоқпын, ал бізге осындай ауыр айыптау беріп отыр. Мен дәрігер болғаныма және көптеген әйел адамға, сәбиге көмектескеніме, оларды күн-түн демей құтқарғаныма өкініп отырмын", – дейді Нысанбаев. 

Ол айыптаудың бір де бір пункті бойынша дәлел жеткілікті болмағанын айтты.

"Мемлекеттік айыптау мен БАҚ-та мен құжатта қателік жібермеу үшін баланы тоңазытқыш камерасында қалдырып кетуді айтқаным жазылған. Бірақ шын мәнінде мен сол күні достарыммен саунада болдым және жанымда болған адамға суға қатысты нәрсе айтқанмын. Әңгіме кезінде біз Тұрымбетованың баласы туралы сөйлескенімізді айтады, ал сіздер сол туралы әңгімелекенімізді дәлелдеңіздер. Филологиялық сараптама бойынша, ол кезде ешқандай бұйрық туралы әңгіме болмағаны дәлелденді", – дейді дәрігер. 

Сөз соңында айыпталушы  Бас прокуратура істі қайта қарағанын қалайтынын және соттан әділ шешім шығаруды сұрады. Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2019 жылдың 29 қыркүйегінде болған еді. Атыраудың перинаталды орталығында дүниеге келген сәби өмір белгілерін көрсетпегендіктен оны өлі туған деп жазып жіберген. Тоңазытқыш камерасына апарған кезде сәбидің аяғы қозғалған. Тергеу болжамы бойынша, дәрігерлер құжатта қателік жібермеу үшін баланы тоңазытқыш камерасында қалдырған.