Пайдаға кенелгісі келгендер Құран Кәрімді 5 миллион теңгеге саудалаған
Пайдаға кенелгісі келгендер Құран Кәрімді 5 миллион теңгеге саудалаған
142
оқылды

Елімізде қасиетті Құран Кәрімді қымбатқа сатып, пайда табатындар көбейген. Ең қымбат Құранның бағасы 5 млн теңгеге дейін жетеді. Сатушылардың айтуынша, құнды жәдігер болғандықтан немесе 200 жыл бұрын жазылғандықтан бағасы қымбат екен. Алайда әлеуметтік желіге осындай хабарландыру бергендер өздерінің материалдық жағдайын түзеп алуды көздейді.

Еуразия бірінші арнасы еліміздегі ең қымбат Құран Кәрімнің бірі саудаға қойылғанын хабарлады. Сатушы 5 млн теңгеге бағалап отыр. 18 ғасырдан бері бір парағы да бүлінбей, осы күнге дейін жеткен көрінеді. Дәл осы тектес, әлеуметтік желіде хабарландырулардан көз сүрінеді. 2018 жылы еліміздегі ең қымбат Құран кітап 15 млн теңгеге саудаланыпты. Бүгінде бағасы алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай арзандаған. Мәселен, 200 жылдан бері сақталып келе жатқан кітаптар 2,5 млн теңгеге бағаланып отыр. Ал хабарландыру бергендер кітаптың өтетініне сенімді. Кұран сатуды кәсіпке айналдырғандар айтқан бағаға алатын клиенттерді жылдар бойы күтуге дайын. Құранды саудалаған қаншалықты орынды? Сауалнамаға қатысқандардың пікірі екіге жарылды. Бірі Құран мұражайларда сақталуы тиіс десе, екіншісі "көздің қарашығындай үйде ұстаймыз" дейді. Жалпы, асыл дінімізде қасиетті Құранды саудалау бойынша қатаң тыйымдар жоқ екен. Сондықтан Құранды басып шығарған кәсіпкер шығынын өндіріп алу үшін кітапты сатып, ақша табуға құқылы. Бірақ, құнығып, оны табыс көзіне айналдырмауы керек.

Кітап  шығарушының қандай мақсатта шығарғанына байланысты. Кітапты қаражат жұмсап,  қағазын сатып алады. Оның сиясы бар, баспаханаға төлейді. Сол бағада саудаға қойса болады. Мысалы, дүкендерде, – дейді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов.

Еліміздегі сатылымға қойылған Құран кітаптарының бағасы әлемдегі Құрандармен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мәселен, ең қымбаты 2015 жылы АҚШ-та 1 млрд теңгеге саудаланды. Кітап 1203 жылы жарық көрген.