Атыраулық дәрігерлер тағы бір бүлдіршінді ажалдан аман алып қалды.
18 қарашада сағат түнгі екі шамасында Атырау облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне 4 жасар бала түсті. Баланың өңеші бітеліп, тамақ жүрмей қалған. Оның өңешіне 100 теңгелік монета тұрып қалғаны анықталды. Аурухананың кезекшіліктегі дәрігерлері эндоскопист Ербол Төлегеновті шұғыл жұмысқа шақыртқан. Ол жедел түрде эндоскопиялық құрылғы көмегімен әлгі монетаны шығарып алды.
«Түнгі екілер шамасында жұмыстан телефон шалынды. Жағдайды түсінген бойда, дереу ауруханаға келдім. Жүз теңгелік монетаның диаметрі кішкентай бала тұрмақ, үлкен адамның өңешін бітеп тастай алады. Бірақ, ата-анасының дер кезінде хабарласуы себепті, біздің мамандардың дер кезінде тиісті шараларды жүзеге асыруы арқасында, қажетті медициналық процедура жүзеге асырылып, баланы аман алып қалдық. Қазір, баланың жағдайы жақсы», – деді дәрігер Ербол Төлегенов.
«Баламның теңгені қай кезде жұтып қойғанын білмеймін, бір білетінім, бет әлпеті өзгеріп, жағдайы нашарлай бастағанда жедел жәрдем шақырдым. Одан кейін, жедел жәрдем ауруханаға апарды. Әйтеуір, аман алып қалды. Сол себепті, дереу келген жедел жәрдем қызметкерлеріне де, тиісті ем-домын жасаған балалар ауруханасы дәрігерлеріне де алғысым шексіз», – дейді сәбидің анасы.