Қазіргі таңда қазақ даласында тыныштықты, татулықты, бейбіт өмірді, толымды табысты тұрмысты, тұрақтылықты қамтамасыз етуде, демократиялық, əділ жəне ұтымды саяси, экономикалық дамуға қол жеткізуде қолдан келгеннің бəрі біртіндеп жүзеге асып жатыр.
Дəл қазіргі уақытта, жаһандықтың түрлі күйзелістері мен дағдарыстарынан тек бірлігі жарасқан, татулық, достық пен ынтымақтастық қатынасы мығым болған, экономикалық, саяси дамуы шыңға өрлеген ел ғана аман қалатыны анық. Дербестікке қол жеткізген уақыттан бері Қазақстан ілгері дамудың іргетасын қалап, бәсекелестікке қабілетті қауқарлы мемлекет болып қалыптасты. Осыған баланысты еліміз 30 жылға ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Соның бірі ретінде көпұлтты мемлекетіміздің тұрақтылығы мен тұтастығының қалаған Елбасы Н. Назарбаевтың үлесі орасан зор. Бұған байланысты Елбасы өз сөзінде: «Қазақстан ұлттық қауіпсіздік пен діни еркіндікті қорғау арасындағы үйлесімді тапты. Біздің мемлекетте конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің ерекше – қазақстандық моделін құруға қол жеткізе алдық. Қазақстанның тәжірибесін жаһандық деңгейде қолдануға болатынын атап өтуге болады. Біздің бірлескен жұмысымыз бейбітшілікті, прогресті қалыптастыруда нақты нәтиже бере алады». Осылайша Еуразия жеріндегі ұлаңғайыр территорияны мекендеген еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихы Батыс пен Шығыс өркениеттерінің тоғысқан аймағы ретінде 130-тан астам этностар мен 18 конфессия өкілдерінің отанына айналды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзге этнос өкілдеріне қамқорлық танытып, конфессия өкілдерінің ұстанымдарына түсіністік таныта отырып, мемлекеттігіміздің тұғырлығын әлемге әйгілеп келеді. Халқымыз ұлтаралық және дінаралық ынтымақтастыққа бастайтын құндылықтарды халықаралық алаңда да насихаттауда. Конфессияаралық келісімді орнату, бейбітшілік пен өзара төзімділік құндылықтарын насихаттау арқылы Қазақстан әлемдік саясатта жоғары құрмет пен беделге ие болды. Жаһандық алаңда көптеген елдердің сенімді әріптесіне айналды. Әрине, мұндай жемісті жетістіктерге қол жеткізу үшін өте ауқымды жұмыстар жасалды. Елбасының салиқалы бастамасының арқасында қалыптасқан Қазақстанның дін саласындағы саясаты мемлекетті ұдайы татулық пен үйлесімділікке негізделген белестерге жетелеп келеді.Қазіргі кезеңде еліміздің дін саласындағы осындай саясаты дінаралық келісімді сақтауды, діндердің үнқатысуына серпін беру және қоғамдағы өзара діни төзімділікті насихаттауды көздейді. Қазақ халқының бұл бағытта қол жеткізген жетістіктерін Елбасы Н. Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалық міндетіне кірісуі кезінде: «біздің ұлтаралық және дінаралық келісімнің моделі – бүкіл әлемдегі түрлі конфессиялар арасындағы қарым-қатынас ісіне Қазақстанның қосқан қомақты үлесі» деп бағалаған. Ежелден кеңпейілдігімен танылған халқымыз үшін дінаралық және конфессияаралық келісім өзара үйлесімділікті, түсіністікті қажет ететін қасиетке толы құндылық саналады. Түрлі дін өкілдерімен достық қарым-қатынас орнатып, оларға қамқорлық таныту саясаттан бөлек адамгершілік баға жетпес құндылық болып табылады. Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер арасында сенімді байланыстар орнықтыратын өркениетаралық үнқатысу алаңына айналуы – Елбасының жаһандық үнқатысуға бағытталған мемлекеттік саясатты тиімді жүргізудің нәтижесі. Мұның айқын жемісі ретінде қазақ төрінде 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жұмысын айтуға болады.Бүгінде аталмыш саясат саласын реттеуші ретінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері Комитеті, сондай-ақ әр облыстың әкімшілігіне қарасты дін істері басқармасы сынды арнайы мемлекеттік органдар жұмыс жасайды. Бұған қоса әр өңірде дін мәселелерін зерттейтін орталықтар мен мемлекеттік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестер бар. Бұлардың барлығы дерлік азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге негізделген қағидаттарды басшылыққа ала отырып, қоғамның тыныштығын сақтау мен дінаралық қатынастың нығаюына қызмет етіп келеді.
Жалғас Асхатұлы, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Бас кеңесшісі