Әлеуметтік желіде «МКЛ Логистика» ЖШС қызметкерлерінің жалақысы уақытында төленбегені туралы шағым жарияланған болатын. Осы мәселеге байланысты «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы тапсырыс беруші «Эмир Ойл» ЖШС-іне және қызмет көрсетуші «МКЛ Логистика» ЖШС арасындағы келісімшарттың орындалмауына байланысты үш айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүрген қызметкерлердің мәселесін қарады.
Аталған отырысқа «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Әбілов, «Nur Otan» партиясы Ақтау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Досжанов, Мәжілістің партиялық тізіміне үміткер Е.Жаңбыршин, «Эмир Ойл» ЖШС-нің және «МКЛ Логистика» ЖШС өкілдері мен партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қатысты. Отырыс барысында тапсырыс беруші «Эмир Ойл» ЖШС мұнай тасымалдау бойынша келісімшарт негізінде қызмет көрсетуші «МКЛ Логистика» ЖШС-не қарыз екені анықталды. Осыған байланысты «МКЛ Логистика» ЖШС өзінің 50 қызметкеріне 3 айдан бері еңбекақыларын төлемеген. Бақылау комиссиясы екі тараптың мәселелерін жан-жақты қарап, комиссияның ықпалымен «Эмир Ойл» ЖШС тарапынан «МКЛ Логистика» ЖШС-іне аталған қарызды өтеу бойынша өзара келісімге келіп, қарызды жабу бойынша арнайы кесте жасақталды. Сол бойынша 20 млн теңге аударылды. Аударылған қаражат негізінде 50 қызметкердің 2 айлық жалақылары төлене бастады. Ал қалған 26 млн теңге кесте бойынша «Эмир Ойл» ЖШС тарапынан жыл соңына дейін өтелмек. Партиялық бақылау комиссиясы алдағы уақытта осындай мәселелер тағы қайталанбауы үшін аталған мәселе толықтай шешімін тапқанша бақылауда болатынын ескертті.Әбілмансұр ЖАСАН