Чжан Сяо: «Қазақстанның достық ниетін бағалаймыз»
Чжан Сяо: «Қазақстанның достық ниетін бағалаймыз»

Әлем елдерінде тауар айналымы құлдырап жатқанда, Қазақстан мен Қытай  арасындағы экономикалық байланыс оң нәтиже көрсете бастады. Екі ел арасындағы тауар айналымы тоғыз айда 18 млрд 200 млн АҚШ дол­ларына жетіп,  2,3 пайызға өсті. Қытай COVID-19-ға қарсы 13 түрлі вакцина жасап, 5-еуін клиникалық сынақтан өткізіп жатыр. Ал бір вакцина бүгін-ертең сатылымға шығады. Бұл жөнінде Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоның журналистермен дәстүрлі кездесуінде айтылды.

Айта кетейік, елшінің биылғы баспа­сөз мәслихаты онлайн режимде өтті.  Чжан Сяо мырза әңгімесін Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстың биыл да жемісті жалғасқанын айтудан бастады, пандемия кезіндегі ынтымақ­тас­тығымыз­ды жоғары бағалады. «Өздеріңіз білесіздер, Қытай ко­ронавирус инфекциясының соққысына алғаш болып ұшырады. Осындай қиын кезеңде Қазақстан халқы мен Үкіметі дер кезінде гуманитарлық көмек арқылы қолдау көрсетті. Қазақстаннан жеткізілген көмек пандемияның алғашқы аптасында біз үшін өте маңызды рөл атқарды. Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі – Қытай Халық Республикасының төра­ғасы  Си Цзиньпинмен Қытай халқына жеделхат жолдап, моральдық  қолдау білдірді. Біз осынау достық ниетті баға­лаймыз және есімізде мәңгі сақтаймыз», – деді елші. Ол сонымен бірге коронавирус Қа­зақстанға  жеткенде Қытай да қарап қалмай, көмек қолын созғанын атап өтті. «Біздің партиямыз бен Үкіметіміздің үндеуінен кейін Қазақстанға ауқымды гуманитарлық көмек акциясы басталды. Акцияға Қытайдың орталық билігі ғана емес, жергілікті билігі, мемлекеттік кә­сіпорындары мен жеке кәсіпкерлері, тіпті жекелеген адамдар да атсалысты. «Достар қиын сәтте сыналады» деген халық даналығы бекер айтылмаған, екі елдің достығы коронавирус кезінде сынақтан өтті, пандемия соққысына төтеп берді. Бұл өтіп бара жатқан жылдағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы ең бағалы нәтиже», – деді ол.

Тауар айналымы да, инвестиция да жоспардан асып түсті

Пандемия аздап аяқ тартқан соң Қытай экономиканы қалпына келтіруге кірісті. Екінші тоқсаннан кейін эко­номика сауыға бастады да, ЖІӨ 3,2 пайыз болды, үшінші тоқсанда 4,9 пайызға жетті. Ал төртінші тоқсанда  ЖІӨ  5 па­йыздан асады деген болжам бар.  2020 жылдың қорытындысы бойынша Қытай­дағы ЖІӨ өсімі 2 пайыздан жоғары болуы мүмкін. Әлем елдерінде тауар айналымы құл­дырап жатыр. Ал Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы қаңтар мен қазан айында 18 млрд 200 млн АҚШ долларына жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 2,3 пайызға өсті. Соның ішінде Қытайдың Қазақстанға экспорты 6,2 пайызға төмендесе, Қазақстаннан келген импорт 13,7 пайызға өсті. Әрине, локдаунддар мен экономикалық дағдарыс кезеңінде бұл көрсеткішке қол жеткізу оңай болған жоқ. «Осы тұста айта кететін жайт, екі ел арасындағы экономикалық қатынас бәзбіреулер айтып жүргендей, Қазақ­станға ешқандай қауіп әкелмейді.  Сон­дықтан ондай қауесетке жол бермес үшін  екі ел арасындағы қарым-қатынасты ашық жариялап отыруымыз керек. Мы­са­лы, «Қытай көршілерін қарыз құр­сауына алып жатыр» деген әңгімеге Қа­зақстанның Қаржы министрлігінің ресми сайтынан алынған дерекпен жауап бер­сем деймін.  Онда 2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Қазақстан қарыз алған елдердің үштігінде Нидерланд, Ұлы­британия және АҚШ тұр. Осы үш елден алған қарыздың көлемі басқа елдерден алған қарыздың 50 пайызға жуығы, нақ­тылап айтсам – 49,7 пайыз. Осы тізімде Қытай 5-орында, Франциядан кейін тұр. Міне, осы статистиканың өзі көп нәрсені айтып тұр деп ойлаймын», – деді елші.

Трансшекаралық көлік қатынасы – жетістік кепілі

Елші келтірген дерекке сүйенсек, Қытайдың Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестициясы биылғы алғашқы 9 айда 360 млн АҚШ долларына жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда 80 пайызға жоғары. Елші екі ел арасында атқарылған биылғы жұмыстардың ішінде  елеулі жетістік ретінде  трансшекаралық көлік қарым-қатынасын бөле-жара айтты. Себебі қазан айының соңында Алашаңқай–Дос­тық теміржолы арқылы Қытай–Еуропа бағытындағы пойыз саны 4 мыңға жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 па­йызға көп. Ал Қорғас арқылы 1-3 тоқсан аралығында 4 390 контейнер пойызы  өтіпті. Бұл былтыр мен алдыңғы жылғы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. «Егер бұл жетістікке қалай жеттіңіз­дер?» деп сұраса, Қытай экономикасы карантиннен кейін күткен мерзімінен бұрын қалпына келіп, экспортқа да, импортқа да үлкен қажеттілікті көрсетті деп жауап берер едім. Осы мысалдан біз Елбасының Қазақстанның транзиттік әлеуетін анықтау тұжырымдамасын жасаудағы көрегендігін, сондай-ақ екі ел басшыларының «Бір белдеу, бір жол» бастамасын Қазақстанның жаңа эко­номикалық саясатымен, «Нұрлы жол» иде­ясымен біріктіру туралы идеяларының тиімділігін көреміз. Себебі егер көлік инфрақұрылымын жақсартуға уақытылы ин­вестиция салынбағанда қазіргі жетіс­тіктер де болмас еді», – дейді ол. Онлайн брифинг кезінде  Қазақстан мен Қытайдың бірлескен 50 жобасына қатысты сұрақ та қойылды. Елші бұл жобалардың халықтың әл-ауқатын көте­руге бағытталғанын, алдын ала есеп бо­йынша қосымша 25 000 жұмыс орны құ­рылатынын жеткізді. Бүгінге дейін 50 жобаның ішінде жалпы құны 4 млрд АҚШ долларына  16 жоба іске қосылған. «Мысалы,  Жамбыл облысының Жа­ңатас қаласында қуаты 100 кВТ гидро­станса биыл қыркүйекте іске қосылды, бұл – Орталық Азиядағы ең ірі гидро­станса. Ал маусым айында Алматы об­лысында 50МВт қуаты бар күн электр стансасы пайдалануға берілді. Атырау облысындағы газ-химия кешені  құ­рылысы­ның 70 пайызы жүзеге асырылды, келесі жылы іске қосамыз.  Қызыл­ордадағы шыны за­уыты да  келесі жылы ашылады. Биылғы қыр­күйекте Қарағанды ферробалқыту за­уыты­ның құрылысы аяқталды. Бұл жоба­лар  индус­трия­ландыруда маңызды рөл атқарады және екі елдің іскерлік бай­ланысы­ның ар­қауына айналады», – деді Чжан Сяо.

Қытай вакцинасы әлем игілігі үшін

COVID-19 вакцинасын жасауда Қы­тай көш бастап тұр. Бұл елде жасалған  вакци­наның бесеуі қазір клиникалық сынақтың III фазасынан өтіп жатыр. Санаулы күннен соң сатылымға шығатын  вакцинаның тиімділігі 90%-дан асады. «ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қытай жасаған COVID-19 вакцинасы әлемдік қоғам игілігі екенін мәлімдеді. Ал Сыртқы істер министрі Ван И Қытай вакцинасы достас, көрші елде мен Белдеу  бойын­дағы елдерге жеткізілетінін мәлімдеді. Бұл біздің халықаралық қауымдастық алдын­дағы салтанатты уәдеміз. Сол уәдеде тұру үшін Қытай қазан айында COVAX халық­аралық бағдарламасына қосылды», – деді ол. COVAX бағдарламасы  вакцинаға бүкіл әлем халқының қолжетімділігін қам­та­масыз етуді көздейді. Қытай тарапы вакцина бай елдерде ғана болмауы керек, ол вакцинаны қажет етіп отырған әлем елдерінің бәріне қолжетімді болуы тиіс деген ұстанымда. Елші мырза жуырда өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының отырысын­да ҚХР төрағасы  ШЫҰ-ға мүше елдердің эпидемияға қарсы қызметтер арасында «жедел желіні» іске қосуды ұсынғанын еске алды. Бұл трансшекаралық инфекция жұқтыру кезінде ақпарат алмасуды жедел­детуге мүмкіндік береді. «Инфекцияға ешқандай шекара тос­қауыл бола алмайтынын ескерсек, бұл конструктивті ұсыныс деп санаймын. Бір елде пайда болған инфекция көрші елге жетіп үлгереді. Ал ШЫҰ-ға мүше елдер бір-бірімен шекара арқылы шектесіп жатыр.  Сондықтан бізге ынтымақ­тас­тықтың осы механизмін де жолға қою керек деп ойлаймын», – дейді.

Рухани байланыс жалғаса береді

Қытай мен Қазақстан арасындағы ынты­мақ­тастық экономикамен шектел­мейді, білім және ғылым, мәдениет сала­сында да жалғасып келеді.  Елшінің айтуын­ша, қазақстандықтар тарапынан қы­тай тілін үйренуге, қытай мәдениетін та­нуға қызығушылық жоғары. Корона­ви­русқа дейін Қытайдың үздік жоғары оқу орын­дарында 15 мыңнан астам қазақ­стан­дық білім алды. Бұдан бөлек, Қазақ­стан­дағы ЖОО-да, Конфуций инсти­тутында қытай тілін үйреніп жүр­гендер көп. «Қытайда да қазақ тілі мен мәдениетін оқып-білуге қызығушылық жоғары. Бү­гін­дері Қытайдың түрлі ЖОО-да Қа­зақстан туралы 6 орталық жұмыс істейді. Қазақ­станда оқитын Қытай студенттері де қысқа мерзімде қазақ тілінде еркін сөйлейтін деңгейге жетіпті. Мен олармен сөйлесіп отырып, тіл үйренудегі нәти­жесіне таң­ғалдым», – деді елші. Екі ел арасындағыбілім мен мәдениет саласындағы іс-шаралар пандемияның алғашқы кезеңінде тоқтап қалғанымен, ақпараттық технологияның көмегімен онлайн режимде өте бастады. Мысалы, «Қы­тай тілі көпірі» конкурсы, қытай тілін үй­рететін жазғы онлайн мектеп, қытай тілін үздік орындаушылар конкурсы қа­тыс­ушылар тарапынан оң баға алыпты. «Біздің байқауға қатысушылардың арасында 6 жастағы баладан 70-тегі қарияға дейін бар. Барлығы да белсенді. Байқауға қазақстандықтар ғана емес, таяу және алыс шетелдіктер де қызығып жатыр», – дейді. Чжан Сяо өзінің дипломат ретіндегі ең негізгі жұмысы не екенін айтып берді. Ол Қазақстанда өмір сүріп жатқан Қытай азаматтарының амандығын қамтамасыз етуді ең негізгі міндеті санайды. «Мен олардың әрқайсының қауіп­сіздігі мен коронавирусқа шалдықпауы үшін бар күшімді саламын.  Бұдан бөлек, екі елді  рухани жақындастыру үшін жұмыс істей­мін», – деді. Бүгіндері Қазақстан мен Қытай аза­маттары үшін екі елдің шекарасы жабық. Шегенделген шекара қашан ашылатыны белгісіз. Коронавирустың беті қайтып, баяғы барыс-келіс жанданса, елші мырза мәдени байланысты нығайтуға бағыт­талған жоспарын жүзеге асыруға дайын. Айтқандай, елшінің сол жоспарына кез келген қазақстандық ұсыныс-тілегін біл­діре алады.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ