Қыли көз – қилы тағдыр
Қыли көз – қилы тағдыр
640
оқылды

Әлемде 14 жасқа дейінгі 182,9 миллионнан астам көзі қыли бала бар. Соның ішінде Еуропада – 7,58 млн, ТМД ел­дерінде 4,97 млн бала қы­ли­лық дертінің азабын тартады. Ал кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, елімізде 100 мың­нан астам баланың көзі қыли. Сол үшін офтальмологтер бала бойынан қылилық бел­гісін байқаған бетте дәрігерге жүгіну керегін айтады. Жал­пы, қылилықты емдеу мүмкін бе? Бұған смарт­фонның әсері бар ма?

Қылилық қалай пайда болады?

«Ана мен бала» орталығының қызметкері Венера Садықбекова балаға 6 ай толса да, көздегі қыли­лық жоғалмаса, дәрігер-окулистің кеңесін алу керегін жазған. Мы­салы, сәбилерде қылилық сирек кездеседі десек те, бұл көзге қауіп төніп тұрғаны жайында дабыл болуы мүмкін. Яғни, туа біткен катаракт. Ал көбінесе 2-3 жастағы балалар арасында қылилық жиі кездеседі. Өйткені бұл кезде екі көз­дің қалыпты қызметі орны­ғады. Көру қабілеті бұзылған бала­ларға арналған КММ №23 «Ал­тын бесік» балабақшасының мең­геру­шісі Гүлнар Нұрмағам­бет­қызы қылилықтың тұқым қуалауы мүмкін екенін айтады. Одан бө­лек, түрлі жарақат, ми аурулары, тұмау, қызылша сияқ­ты ауру сал­дарынан қылилық пайда болады. Әрі психикалық жарақат та  көз­дің қылилануына әсер етеді. Қы­зығы, балалардың көз қылилығы сан түрлі сипатқа ие. Бірінің диаг­нозы екіншісіне ұқсамай жа­та­ды екен. Бұл қалай дерсіз? «Қылилық туа біткеннен және жүре пайда болады. Дәрігерлер қылилықты бала өмірге келген күннен-ақ байқай алады. Мұның бәрін анықтау үшін, бала көзін толық ашып, бас-сүйегі қатуы керек. Содан кейін қылилықтың ішкі, сыртқы түрі бар. Бұл түрлерін бала белгілі бір жасқа келгенде анық байқаймыз. Мәселен, баланың көздері мұрынға немесе самайға қарай, үстіге немесе астыға қарай ауытқиды. Скиаскопия арқылы тек­­серу жүргіземіз. Иә, қылилықты емдеуге арналған операцияны 5-6 жаста жасайды. Ал 3 жасқа дейін ешқандай хирургияны ара­лас­­тыр­май емдеуге тырысамыз»,– дейді офтальмолог Гүлжахан Ахин­қызы.

«Гаджетті қылилық» деген не?

Офтальмологтермен әңгіме­­лескенімізде қылилықтың 20-дан астам түрі болатынын білдік. Оның ішінде жиі кездесетінін бірнеше түрі бар екен. Мәселен, аккомодациялық қылилықты көз кемістігін (аметро­пия) түзету арқылы емдеуге болады. Ал аккомодациясыз түрінде аметро­пияны түзетсе де, қылилық қалып қояды. Одан бөлек, қылилық оң көзге, кейде сол көзге ауысып тұ­рады. Бәрінен көзді қозғалтатын бұлшық ет қызметінің бұзылуы қа­терлі. Өйткені мұның соңы көздің нашар көруіне әкеледі. Сондықтан офтальмологтер баланың көзінен кемістікті байқай сала, емдеу қа­жет екенін ескертеді. Дәрігерлер айт­қандай, ертерек емделсе, қыли­лық­тың жазылатыны ақиқат па, аңыз ба? көз Мәселен, қылилық көздің опти­калық ақауы әсерінен болса, дә­рігерлер көзілдірік тағуға нұсқау береді. Көзілдіріктің оң көзіне, сол көзіне кезек-кезек 3 күн немесе 1 апта аралықта оклюдор тағады. Бұл әдістің айтарлықтай пайдасы бар. Мысалы, Зәуре Бексұлтан­қызының айтуынша, ұлы 5 жасқа толғанда көзінде миопия мен қылилық бары анықталған. Дәрігер егер кө­зіл­дірікті уақытылы тағып, ок­лю­дормен жұмыс істесе, қы­ли­лықты жоюға болатынын айтқан. Әрі миопияны емдеуге көз жат­тығу­лары таптырмас ем екенін атап өт­кен. Айта кетерлігі, қыли­лықты көзіл­дірікпен емдеу 1-2 жылға созылады. «Ұлым 7 айға жуық уақыт көзілдірік тақты. Кішкентай бала болғасын барынша қадағаладық. Сенесіз бе, дәрігердің нұсқауы нә­тижесін берді. Балам мүлде көзіл­дірік тақпайтын болды. Алайда бастауыш сыныпты бітірген соң қайта алыстан көрмейтінін бай­қадым. Содан қайта көзілдірік тақ­ты. Бірақ қыли емес», – дейді ата-ана. Ата-ананың пікірінен кейін бізде сұрақ туды. Жаңа технология ғасырында гаджеттің қылилыққа әсері бар ма екен? «Иә, қазір бұл Еуропа мен Ресейде белең алды. Мұны дәрі­герлер «гаджетті қылилық» дейді. Өйт­­­кені балаларды тексергенде кө­­ру қабілеті мен рефракция жақсы. Бірақ көзі қыли. Тағы да айтайын, қылилықты дер кезінде емдемесе, баланың көру қабілеті нашарлайды. Көру қабілеті 20%-дан аспай қалады. Тіпті, көзі 10% ғана көріп, 3D форматтағы дүниелерді мүлдем көрмейді», – дейді офтальмолог. Дәрігердің айтқандарын уақыты орындау қажет. Ал көзі қыли 1,5-2 жастағы бала көзілдірік тағуы шарт екені тағы бар. Әрине, ол баланың көзін оптикалық жолмен емдеу мүмкін болса. Сол үшін елордада көру қабілеті бұзылған балаларға арналған КММ №23 «Алтын бесік» балабақшасы жұмыс істейді. Меңгерушісімен тілдескенімізде балабақшаға келетіндердің ара­сында көзі қыли балалар көп екен. Әрі Гүлнар Нұрмағамбетқызы жо­ғарыда офтальмолог атап өткендей, көзі -8-ге дейін көрмейтін 4 жасар бала барын айтты. Жалпы, бала­бақшадағы 40 шақты баланың мүмкіндігі шектеулі.

Ата-аналардың әрекетіне таңырқаймын

Арнайы балабақшада көру қабілеті бұзылған 138 бала бар. Меңгеруші Гүлнар Нұрма­­ғам­­бетқызының айтуынша, офталь­молог пен 2 ортоптист-медбике балалардың көзін емдейді. Одан кейін балалармен педиатр жұмыс істеп, әдіскерлер де барынша кө­мектеседі. Мекемеде амблиокор, синоптофмор сынды емдеуге ар­налған заманауи құралдар бар. Десе де, балабақша меңгерушісі ата-аналар мұндай балабақша барын біле бермейтінін айтады. «Бірде бір ата-ана қоңырау шалды. Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған балабақшаның барын бұрын білмепті. Ізденбегеніне өкінетінін айтты. Мысалы, тағы бір ата-ана бастапқыда баласының көру қабілеті бұзылғанын байқаған, бірақ мән бермеген. Кейінірек тексерістен өткенде, баланың көзі нашарлап кеткен, -8-ге жетіпті. Баласын балабақшаға әкелді. Ол да өзгерісті байқаған бетте тексерт­пегеніне, мән бермегеніне өкініп жүр. Байқағаным, ата-аналар баласының көзілдірік тағатынына ұялатын сияқты. Балабақшаға кіретін кезде көзілдірігін кигізіп, шығатын кезде қайта сөмкесіне салып қояды. Ал балаға айналаны көру, тіршілікті бақылау қызық емес пе? Осындай ата-аналарға таңыр­қаймын», – дейді педагог Гүлнар Нұрмағамбетқызы. Сондай-ақ балабақша меңге­рушісі биыл 40 шақты орынның бос тұрғанын айтты. Мұны олар карантин жағдайымен бай­ла­ныстырып отыр. Меңгерушімен, балабақша қызметкерлерімен әң­гімелескенде көз аурулары ту­ралы білімін үздіксіз жетілдіретінін байқадық. Елорда әкімдігінің мә­лі­ме­тінше, Нұр-Сұлтан қаласында 18 жасқа дейінгі көру қабілеті төмен 180 бала бар. Одан бөлек, астанада 10 мың балаға ерекше білім беру керек. Сол үшін әкімдік көру қабілеті төмен балаларға арналған балабақша құрылысын бастап кеткен. Бас­тапқыда мекеме биыл қолданысқа берілетіні айтылған-ды. Қазір құ­рылыс жал­ғасып жат­қан сыңайлы. Мәлімет бойынша, әлемде әрбір елуінші баланың көзі қыли. ТМД елдерінің ішінде Украина қылилықты емдеп жазу үшін барын салып жүр. Өйткені елдегі қыли балалардың саны жыл сайын кө­бейіп жатыр. Елімізде де опти­калық және операциялық жолмен емдеу жолға қойылған. Сол үшін дәрі­герлер «қылилық өсе келе тү­зеліп кетеді» деген қанқу сөзге ермеуге шақырады.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ