Жастар іскерлігіне жол ашатын кеңсе
Жастар іскерлігіне жол ашатын кеңсе
115
оқылды

Талдықорғанда І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті негізінде Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының өкілдігінің кеңсесі ашылды.

Кеңсе жұмысының мақсаты – жоғары оқу орнында жастар кәсіпкерлігін дамыту, жас ғалымдар мен бастаушы кәсіпкерлер арасында ғылыми-инновациялық әлеуетті жүзеге асыру және стартап-жобаларды дайындау.

– Аталмыш жоба студенттерге, жас кәсіпкерлерге өз бизнесін ашуға, өз жобаларын жүзеге асыруға және өз әлеуетін ашып, қажетті кеңестер алуға мүмкіндік береді. Бұл жоба табысты жас кәсіпкерлердің санын арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Дәурен Оңалбаев.

Бұл ретте Алматы облысының кәсіпкерлер палатасының кеңсесі оқу орнының базасында ашылғаны өте маңызды. Бұл студенттерге өз бизнесін ашу мен жүргізудің құқықтық және салық мәселелері, өз идеялары мен стартаптарын іске асыру бойынша жедел кеңес алуға, жас кәсіпкерлерді қолдаудың барлық конкурстарын, гранттары мен бағдарламаларын хабардар етуге және ашылған мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашады. Сонымен қатар бұл студенттерге өз ісін бастауға, тәжірибе алмасуға және өздерін қызықтырған сұрақтар қоюға мүмкіндік береді.

Кеңсенің ашылу салтанатында грантқа ие болған «Бастау-бизнес» курс түлектері өз жетістіктерінің тарихына тоқталды.

Іс-шара аясында 29 жастан аспаған жас ғалымдар мен бастаушы кәсіпкерлер арасында «Jetisý – Startup 2019» инновациялық идеялар мен стартап-жобалар байқауы ашылды.

Іс-шараға облыстық білім, кәсіпкерлік және инновациялық даму, сандық технологиялар, жастар саясаты басқармаларының, Nur Otan партиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы және т. б. өкілдер шақырылды.