Карантиннің жалғасуы жаңажылдық көңіл күйді түсіре алмайтын тәрізді. Өзгелерді қайдам, қарағандылық шенеуніктер солай ойлайтыны байқалады. Облыс орталығында Тәуелсіздік пен Жаңа жыл мерекесіне орай қаланы безендіру үшін бөлінген қаржының мөлшері сөзімізге дәлел. Қарағанды қаласы желтоқсан айындағы мерекелерде 900-ден астам дизайн элементімен безендірілетін болады. Оның 500-ден астамы әрленіп, қалпына келтірілген бұрынғы бұйымдар болса, қалған 400 элемент жаңадан жасалды. 5 жаңа шырша қаланың орталық көшелеріне бекітіледі. Осы жұмыстарға жалпы алғанда бюджеттен 62 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Қазір Қарағанды қаласында көшелерге орнатылған элементтер 500 данадан асады. Оның ішінде Бұқар жырау даңғылындағы өтпежолдарға, қалаға кіретін аркаларға, 4 стелаға, ғимараттарды архитектуралық жарықтандыруға 15 элемент, Men Qaragandyny ♡ жазуына 2 жарық әшекей ілінді. Сондай-ақ аркалар мен кронштейндер қалпына келтірілді. Тапсырыс беруші – «Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ. Коронавирус пандемиясы өршіп тұрған уақытта қала билігі қаланы безендіруге аса көңіл бөлгені байқалады. 2020 жылы Қарағанды қаласын мерекелерге орай безендіруге жалпы ұсынылған баға 216 743 251,2 теңге болса, сатып алу қорытындысында бұл сома азайған. Сәуір айында жарияланған байқаудың шешімі 25 маусымда шығып, жеңімпаз ретінде Шымкентте тіркелген «Шаңырақ Құрылыс» ЖШС танылған. Аталған компаниямен 193 520 760 теңгенің келісімшарты жасалған. Оның 122 371 571 теңгесі төленіп үлгерді. Жыл аяқталуға санаулы күндер қалды. Дәстүр бойынша Тәуелсіздік мерекесінен кейін қалада қар қалашықтары салынып, көшелер жалт-жұлт еткен мұз мүсіндерге оранады. Жаңа жылды ерекше безендіру мен қарсы алу Қарағанды облысының барлық елді мекеніне тән құбылыс. Мәселен, Қаражал қаласында қаланың мәдени-сауық орталығы биіктігі 12 метр шыршаға 2 млн 900 мың теңге бөлген. Шыршаны Қостанай облысында орналасқан ST MARKET ЖК жеткізеді. Абай қаласы әкімінің аппараты қаланы мерекелік безендіруге және күтіп-ұстауға 11,5 млн теңгеден астам қаражат жұмсауға дайын, ал жұмысты «Көркем-PV» ЖШС істейді. Ал аймақтың бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, облыс орталығында тұрғындардың тең жартысы вирус тасымалдаушы. Ол мерекелер қарсаңында бұқаралық іс-шараға тыйым салынғанын еске салды. – Ұжымдық нигилизмді көрсететін азаматтар бетперденің пайдасын жоққа шығарады, мұның бәрі басқаларға теріс әсер ететінін түсінбейді. Адам, тіпті вирустың тасымалдаушысы екенін білмеуі мүмкін. 50% тұрғындар – симптомсыз вирус тасымалдағыштар. Қазір Тәуелсіздік күні мен Жаңа жыл қарсаңында барлық мерекелерге тыйым салынғанын еске салғым келеді. Яғни, корпоратив, кез келген бұқаралық іс-шара, кез келген отбасылық мерекелер бізде тыйым салынған, – деді өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Юрий Залыгин. Қазақстанда жыл басын асқан жомарттықпен атап өту, қомақты қаражат бөліп жарысатын басты оқиға болатын. Мәселен, 2019 жылы Алматыны мемлекеттік, ұлттық және қалалық іс-шараларға безендіру үшін 405 млн теңгеге лот ойнатылған. Миллиондық қала Шымкентте өткен жылы мерекелік безендіруге 160 млн теңгеге лот өткен болатын. Ал Нұр-Сұлтан қаласында жаңажылдық жарқылға 2019 жылы миллиардтан аса қаржы жұмсалған еді. Тек Сарыарқа ауданы мерекелік безендіруге 600 млн теңгеден астам қаражат қарастырса, Алматы ауданы безендіруге 245 млн теңгені лайық көрген болатын. Елорданың Есіл ауданы көшелерді безендіруге екі тендер өткізіп, 250 млн теңгені суырып берген еді. Биыл бұл тәбет азайыпты. Ел астанасында биыл Байқоңыр ауданы әкімінің аппараты қар қалашықтары мен мұзайдындарын салу жұмысына 53 млн 571 мың теңге бөлді. Бұл жұмыспен «Ар Ай» компаниясы» ЖШС айналысады. Ал Алматы ауданы әкімінің аппараты мұзайдындары мен мұз қалашығын салуға 80 млн 357 мың теңге қарастырған, оларды NEW LEVEL компаниясы ұтып алыпты.
Ләззат ҚОЖАХМЕТ, Қарағанды облысы