Терактінің шығынын кім өтейді?
Терактінің шығынын кім өтейді?

Беті аулақ, десе де өзіне телінгеннен басқаны жат са­найтын, көзіне көрінгеннің бә­рін жау санайтын тер­ро­ристер әлемде ылаң салып тұр. Қай кезде және қай жерде екені белгісіз, күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, еш ойламаған жерден терактінің құрбаны болмасыңызға қазіргі сын-қатерге толы кезеңде кепіл жоқ. Бірақ бүгінгі әңгіме олардың ылаң салғаны емес, салдары туралы болмақ.

Сақтандыру – өтемақы кепілі

Шетелде террорлық актіден кел­ген зиян үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік жүктеу институтын қалыптастыру толыққанды жолға қойылған. Соның бірі – сақтандыру қорларын құру. Мәселен, Еуропа аумағында террористік актілер салдарынан келген залалдан мүлікті сақтандыруға мамандандырылған Special risk Insurance and Reinsurance (SRIR) фирмасы жұмыс істейді. Оны алты ірі сақтандыру компаниясын Еуроодақ форматында құрған бола­тын. Олар, жетекші сателлиттер – швейцариялық Zurich Financial Services және Swiss Re, германиялық Allianz және Hannover Re, ұлыбри­таниялық XL Capital Ltd, фран­циялық SCOR компаниялары. 2001 жылы АҚШ-та болған терактіден соң пайда болған бұл фирманың бастапқы Жарғылық капиталы сол кезде 500 миллион еуро болыпты. Террористік актілерден зардап шеккендерге материалдық өтемақы төлеу мәселесі Италия заңнамасында да басты назарда. Атап айтқанда, ол 1990 жылғы 20 қазанда қабылданған «Терроризм мен ұйымдасқан қыл­мыстан зардап шеккендерді қорғау туралы» заңымен реттеледі. «АҚШ үкіметі азаптау заңына (tort law) сүйене отырып, бұл шы­ғынды террористер мен олардың демеушілері өтеу керек деп санайды. Мұндай логика «Терроризм құр­бандарының өтемақыға қолже­тімділігі туралы актіде» көрініс тап­қан. Мысалы, 1989 жылы АҚШ ұша­­­­ғы Ливия территориясында атып түсірілген кезде Колумбия округінің аудандық соты терроризмді демеуші мемлекет ретінде Ливияны танып, шығынды өтеу қаражатының бір бөлігі АҚШ-та бұғатталған осы елдің ак­тивтерінен алынды. Әйтсе де, бұл механизм кейіннен тиімсіз деп танылды. Кез келген мемлекеттің белгілі бір террористік әрекетті қар­жыландыру фактісін дәлелдеу өте күрделі процедурамен байланысты еді. Осылайша, олар арнайы сақ­тандыру қорын құру туралы шешімге келді», – дейді ІІМ Қарағанды ака­демиясы Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру факультетінің магистранты, полиция капитаны Дастан Бекет. Испанияда мұндай механизм 1984 жылғы «Қарулы бандиттік құрамалармен және террористік элементтермен күрес туралы» заң­мен енгізілген. Материалдық өте­мақы адам жарақат алған жағдайда төленеді. Егер қайтыс  болса, өте­мақыны алу құқығы жұбайына, ба­ла­ларына немесе жәбірленушімен туыстық қатынастағы кез келген өзге адамға тиесілі болады.

Террорда шекара болмайды

Әлемдік қауымдастықтың белді мүшесі саналатын еліміз де жаһан зауалы – терроризмнен ада емес. Әсіресе, лаңкестер 2010-2016 жыл­дары қатты есірген болатын. Ха­барланғаны немесе жасырын қал­ғаны бар, ресми түрде танылғаны мен танылмағаны бар, соңғы он­шақты жылда елімізде бас-аяғы он­нан астам теракт болған екен. Ал құқық қорғаушылар қарсы барлау қызметін жоғары дәрежеде жүр­гізбегенде, оның саны одан да көп болуы мүмкін еді. Қысқаша тоқ­талып өтсек, еліміздегі мұндай ең бі­рінші оқиға 2011 жылдың 17 ма­мырында Ақтөбеде болған екен. Лаңкес ҰҚК департаментінің ғи­маратына баса-көктеп кіріп, өзін-өзі жарып жібереді. Лаңкес сол жерде көз жұмады, тағы үш адам түрлі дең­гейде жарақат алады. Бірақ Бас прокуратура мұны теракт деп таны­мады. Сондықтан да ресми түрде ең бірінші теракт сол жылы 31 қазанда Атырау қаласында болды деп есеп­теледі. Бірінші прокуратура, ҰҚКД мен облыстық әкімдік ғимарат­тарының жанында, екінші тұрғын үйдің алаңында бір күнде екі рет жарылыс болады. Ал 12 қарашада Тараз қаласында ел тарихындағы ең бір қайғылы тер­рорлық акт болды. 5 полицей мен 2 бей­біт тұрғынды өлтірген лаңкес ең соңында өзін-өзі жарып жіберген болатын. Оны сол соңғы сәтінде ұстап үлгерген полиция капитаны, өкінішке қарай өзі де жан тапсырды. Ол лаңкестің көпші­ліктің арасына баруына мүмкіндік бермей, жа­рылыстың күшін денесі­мен бүркеп, қаншама адамды ажал­дан алып қалды. Ғазиз Байтасовқа осы ерлігі үшін «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Одан кейін де Алматы қаласында үш рет, Атырау мен Ақтөбеде бірнеше реттен елімізді дүр сілкіндірген тер­рорлық актілер болды. Қанша по­лиция қызметкері мен бейбіт тұрғын қаза тапты немесе жарақат алды. Бірақ олардың есебі белгісіз. Ашық ақпарат көздерінен алынған ин­тернеттегі мәліметтерден сана­ғанның өзінде Ішкі істер органы қызметкерлерінің саны жиырмаға жуықтайды, ал азаматтық тұлғалар одан да көп. Жазықсыз жапа шек­кендерге қандай көмек беріліп жатқаны да белгісіз. Тек биылғы 30 қарашадағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 22 шетелдік ұйым террористік құрылым ретінде танылып, қызметіне тыйым са­лынған.

Жазықсыз жапа шеккеннің обалы кімге?

Тіл-көзіміз тасқа, соңғы 3-4 жыл еліміз үшін лаңкестердің ылаңынан тыныш өтті. Қазақстан жоғарыда сөз болған халықаралық тәжірибеге қадам жасай бастады. 2018 жылы қазанда қабылданған «Жәбір­лену­шіге өтемақы төлеу қоры туралы» заң осының дәлелі. Оның 6 бабында сексуалды зорлық-зомбылықтан, адам саудасынан, СПИД жұқтыр­ғаннан және тағы да басқа әрекет­терден зардап шеккендермен қатар террорлық акттен жапа көргендерге де өтемақы төлеу қарастырылған. «Бұл – құптарлық жағдай. Заң екі жыл бұрын қабылданғанымен, оның баптары енді-енді қолданысқа ене бастады. Өйткені өтемақы төлеу көзі мен механизмі, критерийлері мен стандарттары анықталмаған. Яки кім төлеу керек және қалай төлеу керек екені әзірге белгісіз. Бұған дейін мұндай өтемақы кінәлі та­раптың, мәселен жазасын өтеушінің мойнына ілінетін. Бірақ ол кісіге түзеу мекемесінде жұмыс табылуы неғайбіл еді, табылған жұмыстың айлығы да мардымсыз. Оның үстіне, қапаста отырған еріксіз адамның жұмысқа деген ықыласы да бола бермейді. Сондықтан да басқаша жолдармен өтеп бермесе, зардап шеккен тарап көбінесе өтемақысыз қалатын. Енді жаңа тәртіп бойынша шығынды мемлекет те ішінара мой­нына алуы мүмкін», – дейді ІІМ Қа­рағанды академиясының Жалпы заң пәндері кафедрасы бастығының орынбасары, полиция майоры Дәулет Райбаев. Дәулет Құмарбекұлы бұл жерде Ресей мен Қырғыз Республи­ка­сындағыдай «субсидия­лық өтемақы» тәртібін қарастыруды ұсынады. Мә­селен, онда келтірілген залалды өтеу сотталған адамның жұбайына не­месе ата-анасы, бауырлары, тіпті балаларына да жүктеледі екен. Сон­дай-ақ ол тәркіленген дүние-мүлік есебінен де өтемақы қарастыру туралы ұсыныстар барын айтады. Егер дүние-мүлкін тартып алу үшін қасақана арандату мақсатына себеп болмайтын болса, бұл механизмнің де тиімділігі жоғары болмақ. Ендеше, теріс діни насихаттың жетегінде қоғамға өгейлік танытып, мемлекетке өкпелегендер «жиһад» деп жарылыс жасай берсе, екі ор­тадағы бейкүнә жандардың обалы кімге?!

Нұрлан ҚОСАЙ