Ел бюджетіне салынған үй неге бүлінеді?
Ел бюджетіне салынған үй неге бүлінеді?
108
оқылды
108
оқылды

Қылышын сүйретіп қыс та келді. Даладағы аяздан тезірек жып-жылы мекен – үйіңе кіріп, ыстық шай ішуге асығасың. Десек те, Алматының қақ ортасында мемлекеттік бағ­дарлама аясында салынған үйдің тұрғындарына үйдің іші не, дала не – айырмашылық жоқ. Себебі жылу жүйесінің құбырлары бірінен соң бірі жарылып, жұрт жылусыз қалды. Жалпы, мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Бірде құбыр істен шығады, бірде қабырға құлаудың аз-ақ алдында қалады. Байқасақ, басқа емес, көбіне мемлекеттік бағдарлама арқылы алаулатып, жалаулатып пайдалануға берілген үйлерде кем­шілік жиі табылады. Тиімді шарт­тармен, арзандау бағамен алды екен деп үйді жүрдім-бардым сала беруге бола ма?

Жоғарыда айтқан тұрғын үйдің пайдалануға берілгеніне алты жыл болған. Сонау 2014 жылы сол кездегі Премьер-Министр Серік Ахметов пен қаланың экс-әкімі Ахметжан Есімов ол үйге жеке барып, тұрғын­дардың қуанышымен бөліскен. Ескі үйлерді бұзып, орнына салынған жаңа үйдің өзі мерзіміне жетпей, қирап жатыр. Әңгіме «Алматы қаласы әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС салған үй туралы. Тұрғындардың айтуынша, алты жыл емес, алған кезде-ақ сапасының сын көтермейтіні біліне бастаған. Ал­дымен пәтердің, одан қала берді үйдің құбырлары істен шыққан. Жөн­деу үшін еденді ашып қараса, құбыр қалай болса солай жүргі­зілген. Ол аз болғандай, электр сым­дары да дұрыс салынбай, пәтер иелерін тоқ ұрған. Осыған дейін өз қалтасынан ақша шығарып келген тұрғындардың жағдайы пандемия кезінде ауырлай түскен. Себебі олқылық көп, ал оның әрқайсысын жөнге келтіру үшін қаражат жет­­­кіліксіз. Онсыз да көпшілігі ко­ронавирустың кесірінен табыс­­сыз қалған. Құрылыспен айналысқан «Ал­ма­ты қаласы әкімдігінің күрделі құ­ры­лыс кәсіпорны» ЖШС бұл жағдайға қатысты былай деп жауап берді: «Атал­ған үйдегі дефектілерді қал­пына келтіруге берілген мерзім 24.12.2015 жылы өтіп кеткен. Заң­намалық акт немесе келісімшартта көзделмесе, пәтер иесі өз мүлкінің ауыртпалығын өзі көтереді». Бұл дегеніміз, әкімдікке қарасты құры­лыс компаниясы ат-тонын ала қа­шып отыр деген сөз. Жауаптары «Бір жыл өтпей тұрып осы мәселені айт­қанда, жасап берер едік. Ал қазір еш реніш болмасын» дегенге ұқ­­сайды. Негізі, құбырлар 20 жыл қалтқысыз қызмет етуі тиіс. Ал арада өткені – алты жыл ғана. «Біз құбырды өзіміз бұзуымыз мүмкін емес. Себебі олар бетонмен жа­былған. Бар болғаны құрылыс ма­териалдары сапасыз болған», – дейді тұрғындар. Сапасыз материалдар салынды дегенмен құрылыс компаниясы келіспей отыр. «Алматы қаласы әкім­­­дігінің күрделі құрылыс кә­сіп­орны» ЖШС директоры Қанат Әлібеков бәрі жоба бойынша жа­салды дейді. «Құбырлар тексе­рістен толықтай өтті. Мысалы, қысым екі атмосферада болуы керек болса, тексеріс кезінде төртеуіне шыдас берді. Қазіргі таңда Пәтер иелері кооперативінің қалай пай­далануға беріп жатқанын білмеймін. Бәлкім, қысымды бес атмосфераға беріп жатқан шығар. Тұрғындар ПИК-пен бірігіп, жүйелерді техникалық тек­серістен өткізіп көргені жөн. Біз мұны­мен айналыспаймыз. Жеке компания болмағандықтан, тех­тексеріс жасатып та бере алмай­мыз», – дейді Қ.Әлібеков. Аталған тұрғын үй «Жиналыс» тұтынушылар кооперативіне қа­райды. ТК басшысы Самат Махов «басты мәселе – құбырдың сапа­сында» деп отыр. «Құбырлардың алғашқы партиясы нашар болған сияқты. Сөйтіп, астыңғы қабаттарға сапасыз түрі кетіп, кейін құры­лыс­шылар қатесін түсініп, жоғары қа­баттарға дұрысын қойған деп топ­шылап отырмыз. Екінші мәселе – құбырларды жүргізу технологиясы. Негізі, оны бетонға сала салмайды, арнайы гофраға салады. Сонда олар ішінен еркін өтеді. Ал бұл жерде гофра салынбаған. Үй шөгіп, құ­бырлар қысымнан созылып, ақыры жарылған. Құрылыс компаниясы ат-тонын ала қашып отыр. Үйдің ішіндегі құбырларды ТК ауыстырып береді. Ал енді пәтердің ішіндегісін тұрғындар өздері ауыстыруы тиіс. Менің пәтерімнің де құбыры жа­рылып, жаңасын салдырдым. Әр тиынды санап отырмыз, кететін шығын көп. Одан бөлек, көңіл толмайтын тұстары жетерлік. Ке­зінде сондай мақтап берген үй еді. Ал оның проблемасы шаш етек­тен», – дейді ТК басшысы. Негізі,  «Алматы қаласы әкімді­гінің күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС осыған дейін де сапасыз құ­ры­лысымен танымал болған. Атап айтқанда, үш жыл бұрын пәтер иелері әкімдіктің компаниясымен соттасып, жеңіп шыққан. Қысқаша айтқанда, 2009 жылы «Жетісу-3» ықшамауданында салынған жаңа үйден пәтер алғысы келгендерге ер­кінен тыс паркинг алғызған. Яғни, көлігіңіздің бар-жоғына қарамастан, құны 1,8 млн теңгелік тұрақ орнын алуға мәжбүрлеген. Десек те, сонша ақшаға алған тұрақтың жағдайы құдды қор­қынышты фильмдердегі көріністі еске салатындай жағдайда болыпты. Сіріңке тұтатып тастаса әп-сәтте күл-талқаны шығатын жер деседі. Өйткені өрт сөндіру, жарық жүйесі жөнді жолға қойылмаған. Содан ақыры тұрғындар соттасып, то­лықтай жөндеткен. Сол сот ісінде бәрін ұйымдастырған Төлеутай Жап­­паров тұрғындарға көмек беруге даяр екенін айтып отыр. Себебі кезінде кепілді мерзім өтіп кетсе де, қайта жасауға мәжбүрлеп, өз құқы­ғын қорғап шыққан еді. Демек, үндемей, бас шұлғи бермей, талап етуге әбден болады. Болады ғана емес, солай ету керек. Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов бұл мәселені сотқа жеткізбей шешкен жөн деген пікірде. «Жалпы, мұндай жасырын, білінбейтін ақаулар орын алса, құрылыс компаниясы шығындарды мойнына алғаны дұрыс. Әрине, кепілді мерзім өтіп кеткен соң сот құрылыс компаниясының жағында болуы мүмкін. Бірақ тұрғындардың жағдайын түсініп, мәселені реттеуі керек деп ойлаймын. Егер көзге көрініп тұрған ақауды қабылдаған кезде байқамаса, онда құрылыс компаниясының айтқаны жөн болар. Ал бетонның астындағы құбырды байқау мүмкін емес. Екі жаққа да тиімді жол – сотқа жеткізбей шешу», – дейді сарапшы. Жыл басында Шымкенттегі жаңа үйлердің де құлаудың аз-ақ алдында тұрғаны туралы ақпарат тараған. Пайдалануға берілгеніне бар болғаны үш жыл, ал тұрғындар ол үйді 20 жылға ипотекаға алған. Демек, алдағы 17 жылда «үй енді өзіміздікі болды» деген кезде қи­рандысы ғана қалуы мүмкін. Сонда 20 жыл бойы төлеген ақша, сол уақыт ішінде жөндеу жұ­мыс­тарына кеткен қаражат не болады? Мұндай келеңсіз жағдай, мысалы еліміздің әр өңірінен табылады. Былтыр Ал­­­­матыдағы «Зерделі» ықшам­ауда­­нындағы үйлердің сызат бергені та­­ғы бар. Кез келген уақытта құлап кету қаупі көрер көзге анық бай­қалады деп тұрғындар дабыл қақ­қан. Сапасы сын көтермеген тұрғын үйлердің қатарында «Жас Қанат» ықшам­ауданындағы үйлер де бол­ған. Тізе берсе, мұндай мысал өте көп. Әрі байқағанымыз, қолмен істегенін мойнымен көтеруден қашатындар аз емес. Олардың дені кінәні бір-біріне артып, «қайтсем өзімді ақ қылып шығарам» деп бас қатыратын сыңайлы. Сонда пәтер иелері жылдар бойы кезекте тұрып, әрең алған үйдің әрі ай сайынғы ақысын төлеп, әрі ай сайын түрлі «тосынсыйды» қабылдап отыра береді? Сапасыз салынған тұрғын үй, сапасыз төселген асфальт, сапасыз қызмет көрсету сынды сөздер түптеп келгенде әкімдікке қатысты жиі айтылады. Сонда аймақтың дамуын алдыңғы шепке қоюы тиіс мекеме істі шала жасаса, қала мен ауылды гүлдендіруді кім мойнына алады?

Жадыра АҚҚАЙЫР