«Қап-қара адам» фильмі әлемдік сыйдан үміткер
«Қап-қара адам» фильмі әлемдік сыйдан үміткер
350
оқылды

Режиссер Әділхан Ержановтың «Қап-қара адам» фильмі «Алтын глобус-2020» сыйлығының «Шетелдің үздік фильмі» номинациясына үміткерлер тізіміне қосылды. Жыл сайын аталған жүлде иегерлерін  Голливудтың шетел баспасөз қауымдастығы (HFPA) анықтайды.

«Оскардан» кейінгі бағалы сыйлықты алу үшін фильмге 90-ға жуық халықаралық журналистер дауыс беру керек. Биыл Әділхан Ержановтың фильмінен басқа Томас Уинтерберг, Агнешка Холланд, Ан­дрей Кончаловский, Вернер Херцог, Маттео Гарроне, Хирокадзу Корэеда, Наоми Кавасе, Оливье Ассаяс және тағы басқа әлемдік кине­матограф­тардың  жұмысы үміткерлер тізіміне енді. Ал «Қап-қара адам» фильміне келсек, туындыны Short Brothers және Arizona Productions ком­панияларының қатысуымен Astana Film Fund компаниясы түсірді. Картинада басты рөлдерді Данияр Алшынов, Динара Бақтыбаева және Теоман Хос сомдады. Ал фильмнің әлем­дік премьерасы 2019 жылы Испанияда өтті. Аталған жылы қарашада Әділхан Ержанов «Қап-қара адам» фильміндегі жұмысы үшін «Үздік режиссер» номинациясы бойынша азиялық «Оскар» (Asia Pacific Screen Awards -2019)  сый­лығын алған еді. Фильмнің табысы мұнымен біткен жоқ. 2020 жылдың күзінде фильм Францияда прокатқа шығып,  ірі қалалардағы 60 кинотеатрда көрсетілді. Оған қоса, Ресейде өткен «Киношок» кинофестивалінде кинокартина  «Үздік режиссер» (Әділхан Ержанов) және «Үздік актер» (Данияр Алшынов) санатында топ жарды. Фильмнің режиссері туындының «Алтын глобус» сыйлығына үміткер атанғанын продюсер жұмысының жемісі екенін атап өткен. Актерлер құрамын осындай жаңалықпен құт­тықтап, ұжымның еңбегі еленгеніне қуанышты екенін жеткізген.

 Айбике ЖАНАСЫЛ