Кішкентай Нұрсұлтандар
Кішкентай Нұрсұлтандар

Ырымдап ат қою – ежелден қа­лып­тасқан дәстүр. Қазақ халқы бала­сына ат қоярда, сол есімге сай оған жүктелетін жауапкер­шілікті де ойлап, сақтықпен қа­раған. Ырым­ның қырын кетпеуін қадалаған. Ал тәуелсіздік алған­нан бері Тұңғыш Елбасының құр­метіне қойылған Нұрсұлтан есім­дері артты. Дүние есігін ашқан перзенттер тұлғалы азамат бол­сын деген ырыммен осы атты ала бастады.

Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, ел егемендік алған 28 жылда 40 мыңнан астам Нұрсұлтан өмірге кел­ген. Соның 10 мыңнан астамы Түркістан облысында тұрады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Әзірге оңтүстік жұрты жаңа туған сәбиге Нұрсұлтан деген есімді беруде ешкімге дес бермей тұр.

Ал екінші орынды 5 мыңнан астам Нұрсұлтан мен Алматы облысы жал­ғайды. Одан кейінгі орында Жамбыл мен Қызылорда облысы тұр.

Психоаналитик Жанар Нұрсәттің айтуынша, қазақтай ырымшыл ха­лық­­тың неліктен осы есімді көп таңдай­тынын түсінуге болады. «XX ғасырдың басынан адам есімін зерттеумен айна­лысатын антропономика ғылымының мамандары мен психологтар адамның атымен бірге оның тағдыры жазылады деген ортақ пікірге тоқтапты. Сонымен қатар адам өз есімін бала кезінен қа­лай қабылдаса, өмірі соған орай қа­лыптасады дейді. Есім таңдауда немқұрайдылық танытуға сондықтан болмайды. Оның үстіне «Нұр» сөзі жылылыққа, мейірімге, шапағатқа толы деген мағынаны береді, ал «Сұлтан» ол ел басқаратын, мықты, беделді болатын мағынада» дейді.

Енді осы Нұрсұлтан есімін иеленген адамдар қайда жүр? Олардың арасында қатарластарынан оза шауып, көзге түскендері бар ма?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезінде Сыр өңіріне барғанда қызылордалық жастармен жүздескен болатын. Сонда кездесуге келген «Нұрсұлтан» есімін иеленген үздік оқушылардың арасында аралдық Нұрсұлтан Жақсыкелдиев болды.

Кішкентай Нұрсұлтанның сонда Елбасыға: «Нұрсұлтан ата, мен Сіз сияқ­ты Президент немесе ғарышкер бол­ғым келеді. Өйткені Президенттің өзі­нің ұшағы бар. Ал мен әжемді, бір­ге оқи­тын достарымды және көрші бала­лар­ды ұшаққа мінгізгім келеді. Әсіресе, Сіз салған Астананы көргім келеді. Өйт­кені бәрі сол қаланы мақтайды» деп балалық арманын айтып, кейін ол арманы орындалған болатын. Бала Нұрсұлтанның алғыр­лы­ғына риза болған Елбасы оған: «Прези­дентің алдыңда тұр! Космодромың міне тұр! Сенде бәрі бар! Бақытты бол!» деп батасын берген еді.

Бала Нұрсұлтанның анасы Гүлзат Бөріқұлова Арал қаласындағы №64 орта мектепте инженер болып жұмыс істейді. «Елбасының батасын алу – екінің бірінің басына келе бермейтін бақыт. Балам өскенде ғарышкер боламын, Президент боламын деп армандап жүрген. Нұрсұлтан атасымен де кездесуді де, Астананы көруді де, ұшаққа мінуді де армандады. Оның сол арманы орын­далды. Дән ризамын», – дейді ол.

«Елбасын суреттен, теледидардан көріп жүр едім, бетпе-бет көргенде қуа­нып кеттім. Нұрсұлтан ата менің тіле­гімді, арманымды орындады. Мен оның үмітін ақтаймын. Сабағымды жақсы оқимын. Тәртіпті боламын. Сосын Нұрсұлтан атадай азамат бо­ламын», – дейді кішкентай Нұрсұлтан.

«Елбасы секілді халқы арқа сүйейтін абыройлы азамат, халқының қорғаны болсын деп немереме Елбасының есімін беріп, Нұрсұлтан деп ырымдап қойып едім. Қазақтың ырымы қырын кетпейді ғой. Соған көзіміз тағы бір жетіп отыр. Немеремді көз-тілден сақтасын деп тілеймін», – дейді әжесі Айнагүл Бисенбаева. Нұрсұлтан Жақсыкелдиев қазіргі таңда Арал қаласындағы №260 орта мектептің 4 «Ә» сыныбында оқиды. Әр сабағына аса ықыласпен, мұқияттылықпен дайындалып келетін Нұрсұлтан сыныбының үздік оқушысы.

Ал бүгінде Қазақ ұлттық өнер ака­демиясында «домбыра және қо­быз» ма­мандығы бойынша білім алып жүр­ген Нұрсұлтан Армияның есімі де осы Нұрсұлтан атасының құрметіне қойылған. Анасы Гүлжан Аман­гел­діқызының айтуынша, ұлына бұл есімді ата-әжесі қойыпты. «Нұрсұлтан – біздің тұңғышымыз. Оған есім берерде ұзақ ойландық. Қазақ халқы қашан да баланы өмірінің жалғасы санап, ұлттың болашағына, егеменді елдің ертеңіне балаған. Артында салиқалы да саналы ұрпақ қалдыруды негізгі міндетіне санап, парасатты ұл мен пайымды қыз өсіруді басты құндылығы деп білген. Дүниеге ер бала келсе, артымда «Отанымның иесі келді, өмі­рім­нің жалғасы» деп шаттанған. Ал қыз ба­ланы шаңырағының шаттығы санап, аялаған. Біз де ұлымыз осы ата­сындай биікке көтеріліп, елдің ықы­ласына бөленген адам болсын деп қой­дық. Қара домбыраның құдіретімен та­лай жарыстарды, додаларды көріп, жетіс­тікке жетіп келеді. Ұлымның бола­шағынан үлкен үміт күтемін», – дейді ол.

Иә, жаңа туған перзентке ат таңдауда қазақтан асқан дана халық жоқ шығар. Тарихқа көз жүгіртсек, бабалар бала­ларына қол бастаған батырдың, сөз бастаған шешеннің есімін берген. Әрине, ел ертеңі болып табылатын бүлдіршіндер қандай есім иеленсе де елін сүйетін азамат болып өссін.

Бейбітшілік пен татулықтың бай­рағы әрдайым көкте желбіреп, ел де­мо­графиясы кеңейіп, әр отбасында ша­ңырақты шаттыққа бөлейтін, ел­дің ертеңгі тұтқасының иесі болар Нұрсұлтандар көбейе берсін.


Ақбота ӘЛІМ