Бізге қандай экономикалық саясат керек?
Бізге қандай экономикалық саясат керек?
147
оқылды

Қазақстанға жаңа экономи­калық саясат қажет пе? Ел се­німіне селкеу түсірген зейнет­ақы жүйесін жетілдірудің жолы бар ма? Банк секторының бас ауруы қалай жазылады? Осы және өзге де мәселелер Стра­те­гиялық бастамалардың екін­ші форумында кеңінен талқыға түсті. Стратегиялық бастама­лар орталығы (CSI) ұйымдас­тыр­ған бұл жиынға CSI сарап­шылары, мемлекеттік орган­дар мен ұлттық компаниялар басшылары, қоғам және саяси қайраткерлер, экономистер һәм кәсіпкерлер қатысты. Ше­телден бірде-бір сарапшы шақы­рылмаған форум ел эко­но­ми­касын дамытуға ұсыныс жасайтын білікті маман­дардың өзімізде де жетіп артылатынын дәлелдеді.

Сыртқы қарыздан құтылмай,
алға баса алмаймыз

Форумда елең еткізген ұсыныс аз айтылған жоқ. Белгілі экономист, Стратегиялық бастамалар орта­лы­ғының бас серіктесі Олжас Құдайбергенов «Жаңа экономи­калық саясат» жобасын ұсынды. Ол жаңа экономикалық саясат жүруі үшін мемлекет ескінің бәрінен арылуы тиіс деп санайды. Оның ішінде экономикалық қылмыстар бойынша қарыздарды кешіру де бар. Бұл ескі істерде тежеліп қал­мауымыз үшін қажет көрінеді.

«Сонымен қатар мемлекеттік орган­дардағы қызметкерлерге бір­шама бостандық берілгені жөн. Дамыған елдерде мемлекеттік саяси қызметкерлер немесе орта буын бас­шылар бюджеттік шығындар бойын­ша өз қалауынша жұмсай ала­тын лимиттерге ие. Мемлекет бас­шы­сының Жолдауында мем­лекет халыққа ғана емес, мем­ле­кеттік қызметкерлерге де сеніп үй­ренуі керек деді. Бұл сол сенімді біл­дірудің бір көрінісі бола алады», – дейді ол.

Олжас Құдайбергенов эконо­ми­камыз мемлекеттік мақсатқа қарыз алмай, керісінше сыртқы қарыз­дың барлығын жауып тастаса ғана кө­теріледі дейді. Ол бұл ретте кеден­дік өткізу бекетін салу үшін Қытай­дан 300 млн доллар қарыз алу туралы идеяны сынға алып, жалпы мемлекеттік мақсатқа сырттан қа­рыз алуға мүлде болмайды дегенді қадап айтты.

«Біз белсенді инвестициялық саясат керек деп санаймыз. Біз­дегі бұған дейінгі капиталға рақым­шы­лық жасау, жұмсартып айтқанда, ресми түрде сәтті өтті, алайда ше­телде де көптеген актив бар, олар­­ды да қайтару керек. Жаңа эко­­но­микалық саясатқа өту кезінде мем­­л­е­кеттік сыртқы қарыздардан түбе­гейлі бас тарту қажет», – дейді. Ол атал­ған қарыздан Ұлттық қор­да­ғы қаржы арқылы құтылуға бола­ты­нын айтады. Ал мемлекеттік орган өкілдері бұлай ойламайды. Мысалы, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов Ұлттық қорды белсенді пайдалануды жақтамайтынын біл­дірді.

«Өйткені Ұлттық қордың өсімі шамамен 3-4 пайыз десек, біз ала­тын қарыздың мөлшерлемесі – 5-6 пайыз. Біз осы жолмен де ұтып отыр­мыз. Бизнес сияқты мемлекет ка­питалында да қарыз болуы керек. Ол қарыз экономиканың қозғаушы күші болады. Әрине, ондай қа­рыздың көлемі маңызды. Сол тұр­ғыдан келсек, қазіргі уақытта оның мөлшері соншалық үлкен емес. Мә­селен, үкіметтік қарыз – 23 пайыз, яғни қауіпсіз деңгейде деуге болады. Ал елдің жалпы қарызы жалпы ішкі өнімнің 86 пайызына тең. Бір кездері ол көрсеткіш 105-107 пайызға жеткенін білесіздер. Соңғы жылдары жалпы ішкі өнім өсіп жатыр. Ал сыртқы қарыздың өсімі бәсең. Пайыздық қатынаста айтсақ, жағдайымыз жақсы», – деді ол.

О.Құдайбергенов елімізде жаңа экономикалық саясатты қалып­тастыру үшін Президент жанындағы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікті қайта құруды ұсынды. Оның ай­туынша, қайта құрылатын агент­тікке Статистика комитетін де беру қажет. Сонда бұл реформа бюд­жет­тік жоспарлауды қайта жүк­теу­ге мүмкіндік туғызады дейді.

 

Сингапурдың тәжірибесі несімен тартымды?

Форумда көтерілген келесі мә­селе – зейнетақы жүйесін жетіл­діру. Мәжіліс депутаты Нұр­жан Әлтаевтың пікірінше, егер қа­зақстан­дықтарға Бірыңғай жинақ­тау­шы зейнетақы қорындағы жи­на­ғын алуға мүмкіндік берілсе, бұл мүмкіндікті бәрі қолданады. Себебі, халық зейнетақы жүйесіне сенуден қалған.

Оның үстіне, алдағы уақытта қосымша 5 пайыз зейнетақы жарнасын енгізу туралы бастама да халықтың ашу-ызасын туғызып отыр. Ал бұл қолдағы зей­нетақы активтерін басқара алмау­дың дәлелі дер едім», – деген депутат Әзірбайжандағы тү­сі­ніксіз банкке салынған зейнетақы қаржысын да еске салды. «Мұндай проблеманы бизнестің иығына артып қоюға ты­рысады, бұл мүлдем дұрыс емес. Бұл бизнестің көлеңкеге кетіп, жа­лақыны конвертпен бере бастауына алып келеді», – дейді депутат.

Олай болса, қайтпек керек? Стра­тегиялық бастамалардың сарап­шылары зейнетақы жүйесін жетілдіру үшін сингапурлық тәсіл­ді енгізу қажет дейді. Өйткені Син­гапур – зейнетақы жүйесі үздік он елдің қатарында.

«Сингапурлық үлгі ғана қазіргі салықтық салмақты сақтайды, тіп­ті оны аздап төмендетеді. Соны­мен бірге Сингапурдың зей­нет­ақы жүйесі ғана тұрғын үй жүйесі­мен байланыстырылған және ол бір­неше мәселені қатарынан ше­шуге мүмкіндік береді: халықты баспа­намен қамту, экономикалық өсімге қол жеткізу, халықты жұмыспен қамту – бәрі бірден шешіледі», – дейді Құдайбергенов.

Оның сөзінше, Сингапурда жар­наның екі түрі бар – жеке табыс салығы мен зейнетақы жар­насы, басқа салық түрі жоқ. Еңбекақы төлеу қорына түсетін са­лық жүктемесі Қазақстанмен салыс­тырғанда, 10-20 пайызға тө­мен. Бұл тәсілді енгізу қолдан ке­ле­тін көрінеді. Айтқандай, біз­де­гі Бірың­ғай ұлттық зейнетақы қоры, Мем­ле­кеттік әлеуметтік сақтандыру қоры және Ұлттық зейнетақы төлеу орталығына жүктелген қызметті Син­­гапурда бір ғана мекеме атқа­рады екен. Сондықтан бізде құры­лым­дық өзгерістер жасауға тура келеді.

«Зейнетақы жүйесіне Сингапур әдісін енгізу 1-2 жылдай уақытты алады. Жаңа жүйе іске қосылғанға дейін тұрғын үй реформасын бастап жіберуге болады және екі жылдан соң Қазақстанға бейімдеп іске қоса аламыз. Мысалы, 10 пайыз тұрғын үй шотына салынады, бұл – жобаланған есеп. Сингапурда ставка мөлшері іс жүзінде адам жасына байланысты өзгеріп отырады. Адам жасы ұлғайған сайын ставка көлемі төмендей береді. Мұның жақсы жа­нама әсері бар, жұмыс беруші үшін жасы ұлғайған адамдарды жұ­мыстан шығармайтын болады. Син­гапурлық үлгіде адамға қажет мүм­кін­д­іктің бәрі көрініс тапқан», – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, егер біз сингапурлық тәсілді енгізсек, онда стратегиялық жоспарда ай­тылған 2030 жылға дейін әр адам­ның басына шаққанда тиесілі бола­тын
30 шаршы метрге қол жет­кі­земіз. Ал қолданыстағы ереже шең­бе­рінде ол межеге жету мүмкін емес.

 

Банк секторының бас ауруы

Еліміздегі екінші деңгейлі банк­тердің бас ауруы проблемалық не­сиелерге қатысты болып отыр. Себебі проблемалық несиелердің нақ­ты көлемі Ұлттық банктің ресми статистикасынан көп. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, Ұлт­тық банк қарыздарын қайта құры­лымдап немесе қайта қаржы­лан­дырып жатқан банктерді аса қол­дамайды.

«Жалпы қарызды қайта құры­лымдау нашар тәсіл емес. Алайда осы уақытқа дейін лицензиясынан айырылған банктердің несие қор­жы­нында қайта құрылымданған не­сиенің үлесі өте үлкен болған», – дейді ол.

Ал Олжас Құдайбергенов бол­са, керісінше проблемалық не­сиелердің барлығын қайта құры­лымдау қажет деп санайды. Оның айтуынша, орталық әзірлеген жаңа экономикалық саясат Қазақстанда ұзақмерзімді несие көлемін арт­тыруға мүмкіндік береді.

«Ең алдымен, проблемалық не­сиелердің барлығын қайта құры­лым­дау қажет. Қазіргі кезде банк сек­торы түбегейлі тексеріліп жатыр, тек­серіс нәтижесінде саладағы нақ­ты түйкілдердің бәрі анықталады. Содан кейін қайтарымсыз несиенің бәрін қайта құрылымдап, банк сек­торын тазалау қажет. 2007 жы­лы жалпы ішкі өнімдегі несие көлемі 57 пайызды құраған, біз осы көрсеткішке қол жеткізе ала­мыз. Алайда бұрынғы қателерді қай­таламас үшін алып-сатуға қарсы шараларды қолға алу керек»,– дейді сарапшы.


Мемлекет экономиканы басқара ала ма?

Форумда сөз алған спикерлердің пікірлері әр алуан болды. Бір-біріне қайшы пікірлер де айтылмай қалған жоқ. Қызу талқыға ұласқан тақырыптар бойынша сұрақ қоюға сұранғандар да аз болған жоқ. Десе де, форумда белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсенбайдың пікірі көптің есінен кете қоймайтын сияқ­ты. Себебі ол «біз социализмде өмір сүріп жатырмыз» деді.

«Бізде мемлекет экономиканы басқарады деген пікір қалыптасқан. Бірақ іс жүзінде экономика өзді­гінен өмір сүреді, ал мемлекет тек реттейді. Біз барлық жерде «ка­­­пи­­тализмде өмір сүреміз» дей­тін жағ­­дайға тап болдық, бірақ іс жү­­­зін­де біз социализмде өмір сү­ріп жа­­тыр­мыз. Бізде бюджет кіріс­­і­нің 70 пайызы және бүкіл эко­­но­мика – квазимемлекеттік сек­­тор­да, тендерлерге қатысатын ком­­па­ния­ларды айтпағанда, бұ­лар эко­­­но­­миканың тағы 10-15 пайы­зын құрайды. Шын мә­нінде, біз социализмде отырмыз және син­­гапурлық үлгі туралы арман­дай­мыз», – дейді.

Спикердің айтуынша, эконо­микадағы мемлекеттік үлестің жо­ғары деңгейі жастардың эмигра­ция­лануының себебі болып отыр. Еңбекке қабілетті жастар ел бо­лашағын көрмегендіктен шетелге кетеді. Олар негізінен жұмыс іздеп кетеді, өйткені елде экономикалық өріс тарылып, ақша табу қиынға соғады.

Ол мемлекет экономикаға не­­ғұрлым араласса, соғұрлым бюро­кратизм көп болатынын, мемлекет экономикаға киліккен сайын жем­қорлық көбейе беретінін тілге тиек етті. Сыбайлас жемқорлықты атау­лы әлеуметтік көмектің қалқасынан іздеушілерді сынға алды.

«Негізгі жемқорлық субси­дия­лар мен мемлекеттік несиелер тарату саласында, нысандардың құрылысында. Сондықтан эко­но­мика еркін дамуы үшін мемлекет «не істеуі керек?» деген мәселеге бас қатырып, мемлекеттің эко­но­микадағы үлесін мейлінше азайта беруіміз керек. Жаңа экономикалық саясат керек болса, осы ұстанымға мойынсұнуымыз қажет», – деді ол.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ