Nur Otan-ның электоралдық рейтингі өсті
Nur Otan-ның электоралдық  рейтингі өсті
164
оқылды

Қоғамдық саясат институты қараша айында жүргіз­ген әлеуметтік зерттеу нәтижелерін жариялады. Бас­пасөз бри­фингі барысында журналистерге қоғамдық пікірді бағалаудың негізгі көрсеткіштері осы жылдың тамыз айындағы көрсет­кіш­термен салыстыра отырып ұсынылды. Сондай-ақ қазақ­стан­дықтар Nur Otan партиясынан не күтетіні туралы сөз болды.

Институт директоры Юлия Кучинскаяның мәлімдеуінше, сауалнама қорытындысы бо­йынша Nur Otan партиясы бі­рінші кезекте бақылауға алуы тиіс аймақтардағы ең негізгі 5 мәселе анықталды. Атап айтқанда, бұл – жалақыны көтеру, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес, білім беру және денсаулық сақтау сала­сын­дағы мәселелерді шешу, сонымен қатар әлеуметтік теңсіздікке қарсы күрес.

«Қарашада қоғамдық-сая­си ахуал мен нақты Nur Otan партия­сы­на деген пікірге кезекті рет зерт­теу жүргіздік. Сауалнамаға елі­міздің барлық аймағының рес­пон­­денттері қатысып, ол face to facе (бетпе-бет) түрінде жүр­гі­зілді. Партия рейтингісінің дина­микасын зерделеуге, оның қыз­метін бағалауға, қазақстан­дық­тардың партиядан не күтетініне басты назар аударылды» деді Юлия Кучинская.

Оның айтуынша, партияның жұмысын қайта жандандыру ту­ра­лы хабарлағаннан бері арада аз уа­қыт өтсе де, сауалнамалар оң өз­­­­­­герісті көрсеткен.

«Жүргізілген әлеуметтік зерт­теулерге сүйене отырып, егер пар­тия халықпен диалог орнатып, тұр­ғындар алдында үнемі есеп бе­ріп, тың бастамалар көтерсе және сайлауға қарапайым халық­тың өз ішінен шыққан адамдарды ұсына­тын болса, қазақстандықтар Nur Otan-ды қолдауға дайын деп қоры­тынды жасауға болады. Мұ­ның барлығы Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамасымен қолға алын­ған қай­та жандандыру ая­сында, соңғы бірнеше ай бойы Nur Otan жүзеге асырып келе жатқан негізгі ба­ғыт­тар. Nur Otan-ның электоралдық рейтингі 10% өсті. Тамыз айында сауална­маға қатысқандардың 55,3% сайлауда партияны қолдауға да­йын болса, ал қазір азаматтардың 65,8%-ы Nur Otan-ға дауыс беруге ниетті» деді ол.

Сонымен қатар Юлии Кучин­ская Nur Otan партиясы азаматтар өз құқықтары бұзылған жағдайда шағымданатын топ 5 институттың қатарынан ойып орын алғанын айтты. Бұл бестіктің көшін 45,4 пайызбен сот жүйесі бастаса, ал екінші орында 27,2 пайызбен Nur Otan партиясы тұр. Мұның өзі азаматтардың партияға деген сенімін көрсетеді.

«Жалпы, сауалнамаға қа­тыс­қан әрбір үшінші адам партияның жұмысы соңғы 6 айда айтарлықтай жақсарғанын жеткізді. Олардың 41,8% партия халық үшін өзекті мәселелерді көтереді деп есеп­тейді. Бұл сондай-ақ аймақтар­дағы жұмыс қарқынының артуы­мен де байланысты. 14 қала мен ауданда партияның кадрлық ре­зервіне пилоттық режимде іріктеу жүргізілді. Барлық елді мекен­де түйткілді мәселелер мен олар­ды шешу жолдарының карта­сын жасау жұмыстары басталды. Қо­ғам­дық қабылдау бөлмеле­рінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, балалардың, көпба­лалы және аз қамтылған отбасы­лардың құқықтарын қорғау жө­ніндегі пар­тиялық құрылым­дар­дың жұ­мысын күшейту де назар­дан тыс қалған жоқ» деп толық­тырды Қо­ғам­дық саясат институ­тының ма­мандары.


Клара НАҚЫП