Қазақтың сөзін ұстаған Egemen
Қазақтың сөзін ұстаған Egemen
220
оқылды

Қазақ журналистикасының қара шаңырағы Egemen Qazaqstan газетінің 100 жылдық мерейтойы елор­да­мызда сал­та­нат­ты түрде аталып өтті. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан га­зет ұжымының төрт көзі түгел осы жиында болды. Біздің на­за­рымыз ә дегеннен газеттің ғасырлық шежіресінен сыр шер­те­тін көрмеге ауды. Басылым қызметкерлері 1975-1990 жылға дейін пай­даланған «Ятрань» жазу машинкасы, «Зенит» пен «Фед» фотоаппараттары, таспалы диктофон, Шерхан Мұр­тазаның көзілдірігі, Әбіш Кекілбайұлының қаламы мен қол­жаз­басы, сондай-ақ басылым тарихына арналған фотосуреттер бей­­небір алыс жылдарға алып барғандай әсер береді.

Осыдан бір ғасыр бұрын Орын­­борда жарық көрген ба­сы­­лымның өткені мен бүгіні ту­­ралы бейнефильм де ұсы­ныл­­ды. «Ұшқыннан» бастау ал­­ған жүз жылдық жылнаманы ки­нокадрдан көрудің әсері мүл­­де бөлек. Газеттің әр кез­де­гі бас редакторларының жар­қын бей­несі, шекпенінен та­лай шә­кірт өрген Шера­ға­ның саң­қыл­даған дауысы қал­ғи бас­та­ған сананы селк етк­і­зе­ді...

«Осыдан бір ғасырдан ас­там уақыт бұрын Ахмет Бай­тұр­сынұлының «Газет – ха­лық­­тың көзі, құлағы һәм тілі» де­ген сөзі бүгінгі ақпарат за­ма­­нында да өзектілігін жой­май келеді. Алғаш рет 1919 жы­лы Орынбар қаласында жа­рыққа шыққан ата басылым бүгінде елі­міздің ғасырлық жыл­на­ма­сына айналды», – деді алғаш болып сөз алған Мем­лекеттік хат­шы Қырым­бек Көшербаев. Ол Egemen Qazaqstan газеті қай дәуірде, қандай фармацияда қыз­мет етсе де, ұлт мүддесінің жоқ­тау­шысы, қазақ руханиятының іздеушісі, төл мәдениетіміздің жанашыры болып келе жат­қанын атап өтті. Мемлекеттік хат­шы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетінің мерейтойына орай жолдаған құттықтауларын оқып берді.

«Бір ғасыр бұрын «Ұшқын» деген атпен шыға бастап, уа­қыт өте ұлттық басылымға ай­­­­­налған тәуелсіз Қазақ­стан­ның аға газеті өз парақтарында та­рих тағылымын дәуір үні­мен, уақыт сынымен бей­не­леп, кешегі мен бүгіннің ара­сын жалғап келеді. Жаңалықты жұрт­шылыққа жедел әрі шы­найы түрде жеткізіп, егемен еліміздің мемлекеттік саяса­тын қалың оқырман арасында байыпты насихаттап, ел ше­жіре­сін қағазға хаттаған байыр­­ғы басылымның беделі әрайым биік», – деген Елбасы басылым алдағы уақытта да хал­қымыздың мұрат-мақсаты мен қоғам дамуына лайықты үлесін қоса беретініне сенім білдірген.

«Egemen Qazaqstan әуел бас­тан ұлттық мүддені, елдік мұ­ратты және рухани құнды­лы­ғымызды дәріптеп, қазақ баспасөзінің қара шаңырағына айналды. 100 жасаған газеттің егеменді ел болу жолында жа­саған жұмысы ұшан-теңіз. Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сей­фуллин, Тұрар Рысқұлов сияқ­ты Алаш арыстары бас­қар­ған басылым әрдайым қа­зақтың рухын биік ұстады... Egemen Qazaqstan тәуелсіз­діктің елең-алаңында да Шер­хан Мұртаза мен Әбіш Ке­кіл­баевтай біртуар азаматтардың басшылығымен мемлекет ір­гесін биіктетуге атсалысты. Қа­­зақстанның шежіресі бас ба­сы­лымның тарихымен қа­тар өрбіді», – деген Президент ғұмыры ғасырмен өлшенетін газеттің торқалы тойына құт­ты болсын айтыпты.

Мемлекеттік хатшы сал­та­натты шарада Egemen Qazaqstan газетінің басқарма төра­ғасы Дархан Қыдырәлі, бас­қар­ма төрағасының орынба­сары Ерболат Қамен, бас ре­дактордың орынбасары Талғат Батырхан, саясат бөлімінің меңгерушісі Жолдыбай Базар және басылымның аға редак­торы Забира Төлешоваға Пре­зидент Қ.Тоқаевтың алғыс­ха­тын табыс етті.


Басылымның әр саны, әр ма­қаласы халқымыздың ты­ныс-тіршілігін айқын көр­сетіп, мемлекеттік бағдар­ла­малар мен реформалардың маңы­­зын қалың көпшілікке дер кезінде әрі сапалы жет­кізу­­ге атсалысып келеді. Ға­сыр­лық шежіресі бар газетті ойы тұшымды, қаламы қарым­ды, жазғаны жалынды журна­листердің ордасы деуге бола­ды. Себебі сіздер билік пен бұ­­қара арасындағы алтын кө­пір болып, тынымсыз ең­бектің арқасында оқырман­ның оң бағасын алып келе­сіз­дер.


Ал Премьер-министр Асқар Маминнің құттықтауын орын­басары Бердібек Сапар­баев, Мәжіліс депутаты Қуа­ныш Сұлтанов Мәжіліс тө­ра­ғасы Нұрлан Нығматулиннің құттықтауын, Сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның құт­тық­тауын Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп оқып берді.

«Басылымның әр саны, әр ма­қаласы халқымыздың ты­ныс-тіршілігін айқын көр­сетіп, мемлекеттік бағдар­ла­малар мен реформалардың маңы­­зын қалың көпшілікке дер кезінде әрі сапалы жет­кізу­­ге атсалысып келеді. Ға­сыр­лық шежіресі бар газетті ойы тұшымды, қаламы қарым­ды, жазғаны жалынды журна­листердің ордасы деуге бола­ды. Себебі сіздер билік пен бұ­­қара арасындағы алтын кө­пір болып, тынымсыз ең­бектің арқасында оқырман­ның оң бағасын алып келе­сіз­дер», – делінген Сенат спике­рі­нің хатында.

Egemen Qazaqstan газетінде 1990-1996 жылдары Эко­но­ми­ка бөлімінің меңгерушісі, Бас ре­дактордың орынбасары бо­лып қызмет еткен Нұртөре Жү­сіп бас газеттің мерейтойын қазақ журналистикасының тойы деп бағалады. «Газет шы­ғару ісінде күнделікті көз майын тауысып жұмыс істей­тін секретариат қызметкерлері, корректорлар, беттеушілер, алыс шетте жүрген тілші қауым – журналистерді, соны­мен бірге осы газеттің шаңы­ра­ғын шайқалтпай, уығын бе­рік ұстаған біздің арда­гер ағаларымызды құттық­тай­мын. Дүниеден өткен барлық еге­мен­қазақстандықтың ру­хы­на Алла тағала шапағатшы бол­сын», – деген лебізін біл­дірді.

Egemen Qazaqstan Жастар жы­лына орай жариялаған жас жур­налистер байқауының жеңім­паздарын марапаттады. Бұл байқаудың бірінші жүл­де­сіне басылымның Пет­ро­павл қаласындағы тілшісі Арайлым Бейсенбаева, екінші орынға қызылордалық журналист Ера­сыл Жәнібек, үшінші орын­ға қарағандылық Дулат Аман­жол ие болды. Жеңім­паз­дардың марапатын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев тапсырды.

«Ұшқын» газетінің баспа­ха­насының ең алғашқы құйма қаріптері кезінде Қазаннан алдырылған «Қазақ» газетінің қа­ріптері болған екен. Бұл мені қатты ойға қалдырды. Ра­сында да, Ахмет пен Әли­хан­ның қолының табы қалған сол қаріптер арқылы «Қазақ» газетінің рухы біздің бүгінгі Egemen Qazaqstan-ға, сол кез­дегі «Ұшқынға» дарыған сияқ­ты. Сол рух ең бір қиын кез­дер­де, кешегі өткен ХХ ғасыр­дағы түрлі зобалаңдарда га­зет­тің өн бойында жүріп отырған сияқ­ты», – деп сөз бастаған Сауыт­бек Абдрахманұлы Egemen Qazaqstan қазақша шы­ға­тын газет қана емес, қазақы га­зет екенін қадап айтты. «Қа­зақ­тың сөзін ұстаған, қазақтың өзі­не ұқсаған газет. Соның ар­қа­сында ең бір қиын жыл­дар­да, Тәуелсіздіктің алғашқы табалдырығында егемен елдің газеті ретінде елдің сөзін айта алды. Алда да айта берсін дей­мін. Жүз жылдық жылнама мыңжылдық жылнамаға ұлас­сын», – деді ол.

Egemen Qazaqstan газеті ға­сыр тойы қарсаңында «Ең қысқа әңгіме» байқауын да жа­риялаған-ды. Байқауда топ жар­ған Жандос Жүсіпбектің сый­лығын белгілі публицист, бір­неше жыл қатарынан Egemen Qazaqstan газетінің пре­зиденті болған Мәжіліс де­пу­таты Сауытбек Абдрахманов тап­сырды. Салтанатты жиын­да газетте қызмет еткен қазақ ру­ханиятының қаймағы са­нал­ған тұлғалардың бірі Ақсе­леу Сейдімбектің «Сарыар­қа­сын» әнші Аллажар Қайбар орын­дады. Айтыскер ақын Аман­жол Әлтаев бас газетке ар­науын жолдады. Қалибек Қуа­нышбаев атындағы акаде­мия­лық драма театр артистері сах­налық қойылым ұсынды. Ал ақын, композитор Елена Әб­діхалық «Ұлтымның үнпа­ра­ғы» атты әнімен салтанатты ша­раның шымылдығын жап­ты.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ