Ирандағы шеру қантөгіске ұласты
Ирандағы шеру қантөгіске ұласты
88
оқылды

Иран тынышталмай тұр. Тұрғындар жанармай ба­­ғасының өсуіне қарсы ше­руге шығып, қақтығыс сал­дарынан жүзден астам адам қаза тапты. Билік ел­дегі қарсылық акциясы­на ­шетелді кінәлап, интер­нет желісін толықтай өші­ріп тастаған.

Мәселе неден басталды?

Жаппай қарсылық шеруге елдегі жанармай құнының бірден қымбаттап, талон арқылы бензин берудің жаңа жүйесі іске қосылуы әсер етті. Енді Иранда жеке көлік иелері айына 60 литр ғана бензин пай­даланады. Ал бір литр жанар­май­дың құны 10 мыңнан 15 мың риалға дейін өсті. Алда-жалда мөл­шерленген 60 литрден артық қажет етсе, әр литріне 30 мың риал­­дан төлеуі қажет. Бұрын жүр­гі­зушілерге айына 250 литрге де­йін сатып алуға рұқсат етіліп кел­­ген. Әрі бензин құны 10 мың риал тұратын. Жанармай бағасы­ның көтерілуіне осы салаға бөлі­не­тін субсидияның тоқтауы да әсер етті.

Ирандағы Басқару және жос­пар­­лау ұйымының басшысы Мохам­мад Бакер Нобахттың ай­туын­ша, бензиннің қымбаттауы­нан түскен қаражат аз қамтылған 18 миллион ирандық отбасыға жәр­демақы түрінде берілмек. Жергілікті Press TV агенттігінің хабар­лауынша, ел президенті Ха­сан Рухани субсидиядан үнем­делген қаражат қиын жағдайда жүр­ген ирандықтарға көмек бола­ты­нын мәлімдеген. Сондай-ақ осындай қадамның арқасында жы­лына 300 триллион риал пайда әке­летінін жеткізген.

Осы орайда айта кеткен жөн. Иран – мұнайға бай ел. «Қара ал­тын­ды» өндіру бойынша да пар­сы­лар әлемде алдыңғы орында тұр. Парсылар мұнайының экс­пор­ты жылына миллиард доллар­ға бағаланады. Алайда оны өңдеу тәсілін жетік меңгермегендіктен, бензинді импорттауға мәжбүр. Былтыр АҚШ тарапы Иранда шығарылған мұнай мен мұнай өнімдерімен саудаласуға, әуе техникасын сатуға, Иран порт­тары мен кемелерін коммерция­лық мақсатта пайдалануға, иран­дық қаржы ұйымдарының қызме­тіне жүгінуге санкция салған-ды.

Естеріңізде болса, Ақ үй бас­шы­сы Дональд Трамп Иран­мен арадағы ядролық қаруға қа­тыс­ты келісімнен бас тартты. Осыған сәйкес Теһран билігі елдегі ядро­лық арсеналына халықара­лық инспекторды жіберуге, ядролық бағдарламасынан бас тартуға көнген-тұғын. Есесіне, Иранға экономикалық санкция салмауды сұрады. Алайда АҚШ келісімнен бас тартқан соң, парсылар ядро­лық қаруды игеруге қайта кірісті. Биыл Иранның мұнай министрі Бижан Занганенің елде жанармай тапшылығы болмайтынын айт­қаны­мен, «қызыл бастар» еліндегі жағдай бұрынғыдан нашарлай түсті. Санкция салдарынан ел экономикасы құлдырап, ұлттық валюта құны түсіп кетті. Жылдық инфляция мөлшері 4 есе өсіп, шетелдік инвесторлар азайған.

 

Не болып жатыр?

Жанармайдың қымбаттауына қарсы шеру жаппай халықтық сипат алып, жүздеген елді ме­кен­де наразылар көшеге шықты. Билік өкілдері бұған АҚШ пен оппо­зи­цияны кінәлайды.

Amnesty International ұйымы­ның дерегіне сүйенсек, бүгінге дейін 106 адам қаза тапқан. Олар­ды үйлердің шатырына тығылған, тік­ұшаққа мінген снайперлер атқан.

Қазіргі таңда жүзге жуық банк пен 57 дүкен өртелген. Мыңнан ас­там шеруші қамауға алынған. Соны­мен қатар Керманшах про­ви­­нциясы полиция бастығы да қайтыс болғандар қатарында. BBC агенттігі жариялаған бейне­тас­­­пада осы өңірдің орталығында по­лиция қызметкерлері шеруге шық­қандарға қарсы оқ атып жат­қан көрінеді.

Алайда ел билігі мұның бәрін жоқ­қа шығарып отыр. Ресми өкіл­дер мен мемлекеттік бұқара­лық ақпарат құралдары наразы­лар­ды бүлікші деп айыптап үлгер­ді. Amnesty International келтірген деректер шындыққа жанаспайты­нын мәлімдеді. Мәселен, Теһран­дағы БҰҰ хатшысы Алиреза Мир­юсефи ұйымның мұндай цифр­ды келтіруі елге жасалған дезинфор­ма­ция кампаниясының бө­лігі деп есептейтінін айтты. «Үкі­мет мә­лім­­­деген цифрлардан бас­қасы­ның бәрі сенімсіз әрі өті­рік» деп жаз­ды ол Twitter-дегі парақ­ша­сына.

Президент Хасан Роуханидің пайымдауынша, сыртқы күш ықпал етсе де, Иран халқы билікті қолдайтынын дәлелдеді. «Жаудың астыртын әрекетіне қарамастан, халқымыз әрдайым жеңіске жетіп отырды. Еліміздегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке нұқсан келтіруді көздегендердің әрекетінен туын­да­ған бассыз­дықта халқымыз тағы да жеңіске жетті» деді Х.Роу­ха­ни.

Жаппай наразылық акция­ла­ры басталғаннан кейін 16 қара­ша­да елде интернет блокталды. Иран­­ның байланыс министрі Мо­хам­мад Джавад Азари Джах­ро­ми желіге қосылу қызметі жа­қын арада қалпына келетінін хабарлаған.

Ал NetBlocks ұйымы бақылау­шы­ларының мәліметтеріне сай, интернеттің өшірілгеніне 75 са­ғат­тан асып кеткен. Ұйым өкіл­де­рінің айтуынша, бұрын-соңды әлемдік желіге мұншалықты ұзақ уақыт бойы тыйым салынбаған.

БҰҰ-ның адам құқықтары жө­ніндегі жоғарғы комиссариаты Иран­ды интернетті қалпына кел­ті­­ріп, оқиғаның анық-қаны­ғын біліп отыруға мүмкіндік жа­сау­ға шақырды.

Сәрсенбіде президент Роуха­ни елдегі шеруді сыртқы күштер­дің ұйымдастырып отырғанын мәлім­деді. Атап айтсақ, «оқиғаға аймақ­тағы жаулары (Сауд Ара­бия­сы), сио­нисттер (Израиль) және аме­ри­калықтар кінәлі» деді ол.

Өз кезегінде Сауд Арабиясы­ның патшасы Салман бин Абду­ла­зиз Иран тарапы дрондар арқы­лы шабуыл жасап, ракетамен атқы­лап жатқанына тоқталды. «Сондықтан – деді ол, – халықа­ра­лық қоғамдастық Теһранды ядро­лық және баллистикалық ра­кеталарын сынақтан өткізуіне тыйым салу қажет» деп есептей­ті­нін жеткізді.

Ал Израиль тарапы осыған жауап іспетті Сириядағы Иран нысандарын бомбалаған. Al Jazeera агенттігінің хабарлауын­ша, әуе шабуылынан екі адам қаза тауып, бірнешеуі жарақаттанған.

Қысқасы, парсылар еліндегі ахуал әзірге тынышталғандай кө­рінгенімен, мәселе толыққанды шешілді деп айту қиын. Қазіргі шеру­ді қарумен басса да, нара­зылар келешекте бас көтермей­тініне ешкім кепілдік бермейді. Оның үстіне елдегі экономикалық жағдайдың бүгін-ертең жақсаруы екіталай. Сондықтан Иранда әлі де жаппай шерулер жалғаса беруі мүмкін.


Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ