Ердоғанның «Триумфы»
Ердоғанның «Триумфы»
103
оқылды

Түркия көшбасшысы Ред­жеп Ердоғанның іс-қимылы бір-бірін жақтырмайтын екі державаны айран-асыр етіп отыр. Таяуда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездескен ол «Триумф» аталатын ресей­лік С-400 зениттік-зымы­ран кешенін сатып алу ниетінен бас­ тартпайтынын мәлімдеді. Бірақ сонымен бірге Ресей де бұл қорғаныс жүйесін НАТО мү­ше­сіне сатқанына өкінуі мүмкін.

Анкарада билеуші Әділет және даму партиясының парламенттік фракциясы алдында сөз сөйлеп, таяудағы Америка басшысымен келіссөздеріне қатысты түсініктеме берген Түркия президенті ресейлік ЗЗК-дан бас тартуы мүмкін емесін Ақ үйге ұқтырғанын жеткізді.

– С-400-ді сатып алу туралы шешімге Түркия қалай келгенін Трампқа түсіндірдім. Д.Трамптың өзі Анкараның ұстанымын негізді деп санайды. Біз Түркияның бұл мәселеде артқа қадам жасамайты­нын хабарладық. Бұған қоса, біз осының баламасы саналатын АҚШ-тың Patriot жүйесін сатып алуға да мүдделі екенімізді атап көрсеттік, – деді Р.Ердоған.

Оның алған бетінен қайтпай­ты­нын білген америкалықтар бұл елді өзінің F-35 жойғыш-бомба­лау­шы ұшағын жасау бағдар­ла­ма­сынан шығарып тастауға ниеттеніп отыр. Бірақ оның түріктер өндіре­тін қажетті элементтері мен бөл­шек­терін қайдан алатынын біл­мейді.

Бұған қоса, Ақ үй F-35-ті ары қарай Түркияға сатудан бас тарту­ды ойластырып жатыр. Ал НАТО мүшесі болып есептелетін бұл елдің барлық әскери авиапаркі аталған ұшақтардан құралған.

Ал Ердоған мырза егер АҚШ осы бағдарламаға өзгеріс енгізуге қа­тысты теріс ниетінен және ымы­ра­сыз ұстанымынан қайтпаса, Ан­­ка­­раға оған балама іздеуге тура келетінін мәлімдегенін жеткізді. Бала­ма дегені бірінші кезекте Си­рия­да пәрменділігін дәлелдеген ресей­лік ұшақтар болуы ықтимал.

Өз кезегінде Дональд Трамп Түр­­­кияның ресейлік С-400-ді са­тып алумен байланысты пробле­ма­­ның алда шешілуінен үмітті екенін айт­ты. Сондықтан болса керек Анка­раны санкциялармен қорқыт­қа­­нымен, әзірге оларды енгізген жоқ.

Түркия кіретін НАТО ұйымы да өз аумағында ресейлік құпия тех­но­логияларға құрылған, «ішкі құры­лысында» не жасырынғаны беймәлім әскери құралдың – зымы­­рандарға қарсы жүйенің жұ­мыс істегенін қаламайды.

Вашингтон С-400 кешені өзінің F-35 стелс-жойғыш ұшақ­та­р­ы­на қауіп төндіретініне сенімді.

Айта кеткен жөн, Анкара бұл ЗЗК-ны биыл сатып алды. Конт­ракт құны – 2,5 миллиард доллар. Бірақ әзірге түріктерге жеткізілмеді. Оны жеткізу мерзімі таяған сайын пікірталастар қызуы да артуда.

Ресей әскери-өнеркәсіптік ке­шен­нің мақтанышы саналатын «Триумф­ты» қарсыластар блогы – Сол­түс­тікатлантика Альянсы ұйы­мы­­ның мүшесіне сатуға қарсылар Ресейде де жетеді. Себебі тиісті ке­лісімшарт бұл кешендермен бір­ге Түркияға оның технологияла­рын да ішінара тапсыруды қарас­ты­рады. Мұны Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков раста­ды. Әйтсе де, егер түрік мемлекеті өз жерінде С-400-ді іске қосса, Мәскеу ұтады. Оның үміт қылып отырғаны да – осы.  

Айтқандай, Р.Ердоған таяуда Д.Трамптың тосын хатын өзіне қайтарғаны туралы журналистерге баян­дап берді. Ол хатта АҚШ ли­дері дипломатиялық әдеп-жорал­ғы­ны сақтамай, түрік басшысына «Ақымақ болма!» деп кеңес беріпті. Дегенмен сарапшылар Анкараның ақырында Трамптың өзін ақымақ етуі ықтимал деген пікір айтады.

Әскери мамандар Түркия Ресей кешенін сатып алғанымен, оны пайдаланбауы да мүмкін екенін болжайды. Өйткені Вашингтонмен қарым-қатынасты ушықтыра беру оған қажет емес. Онда «Триумф» Ердоған мырзаның көпбағдарлы сая­сатының тек бір құралына ай­нал­мақ.

 

Елдос СЕНБАЙ