Хоспис: санаулы соңғы минуттар
Хоспис: санаулы соңғы минуттар
579
оқылды

Айықпас дертке шалдыққан­дар өмірінің соңғы минуттарын өткізетін аурухана «хоспис» деп аталады. Туған-туысы бас тарт­қан, жазылмас ауруға душар бол­ған жандар осы жерде өмір­мен қоштасады.

2019 жылдың 9 айында Қараған­ды облысында хосписта 1 117 науқас ем­делді, оның ішінде 791-і – мейір­би­келік, 326-і паллиативтік бөлімде ем қабылдады. Паллиативтік көмек көрсету үшін облыста 68 948 413, 26 теңге, мейіргерлік күтім үшін 129 357 218,48 теңге бөлінді.

Қарағанды қаласындағы «Жан­сая» жекеменшік ауруханасында осын­дай 42 науқас ем қабылдап жа­тыр. Олардың басым көпшілігі онко­ло­гиялық аурудың төртінші са­ты­сына көшкен, төсек тартып жат­қан қариялар.

Ескі ғимарат көптен күрделі жөн­деу көрмесе де ұядай. Аурухана­ның сұрқай табиғаты байқалмады. Кір­ген бетте гүлмен көмкерілген дәлізден үйдің аурасы білінеді. Бір бөлмеде 5-6 қария теледидар көріп отыр. Қоларбада отырған жалғыз апа қазақ екен. Көңілі көтеріңкі, күлімсі­реп жан-жағындағыларға бас изеп қоя­ды. Жүзінен қиналғаны, меңде­ген ауыр дерт байқалмайды. Қасына еңсегей бойлы қазақ ақсақалы жай­ға­­сыпты. Қабағы сынық. Басқалары – өзге ұлт өкілдері. «Қалдарыңыз қа­­лай?» деп кіруге батпадым. Бұлар ба­сын көтеріп отыруға жарайтын нау­қастар екен. Басқалары палатада жатыр.

Александр есімді қарияның төсе­гі­нің тұсында қазақ қыздың суреті ілі­ніпті. «Сіз қазақсыз ба?» деген сұрақ­қа ол «әйелім – қазақ» деп жа­уап берді.

– Үйде мұндай ауруды көтеру оңай емес. Жақындарыңның жан аза­бын көргеннен асқан тозақ жоқ. Қы­сылған сәтіңде жедел жәрдем де тез келе қоймайды, келген күннің өзінде алып кетпейді. Ал сенің жөр­ге­гіңді ауыстыру, қолдан тамақ­тан­дыру, күні-түні күзету – туғандарың үшін ауыр сынақ. Әдейі осы жолды таңдадым. Мұнда шақырсам, медби­келер келіп тыныштандыратын дәрі салады, ыдыс-аяғыңды жуып, киім­деріңді ауыстырады. Жылы сө­зін аямайды. Ешкімнің басына мұн­дай­ды тілемеймін, – деді қа­рия.

Ауруханада кездескен Алфия есім­ді әйел анасына келіпті.

– Анам маған толық тәуелді бол­ды. Менсіз ас іше алмайды, менсіз дәрет­ке отырмайды. Жуындырамын, көтеріп, түсіремін. Сыртқа шыққан­да анама не болды деп уайымдап ұшып келемін. Мен де, ол да қатты қи­налдық. Менің дүкенге кетуім ол үшін үлкен күйзеліс болатын. Мені күтіп алаңдап, «ол не болды?» деп, мен асығып, қатты шаршадық. Амал­сыздан осындағы қызметкер­лер­­ге жүгінуге тура келді, – дейді Алфия.

Техникалық қызметкер Лиза бала­­бақшадағы жұмысынан қыс­қа­рып, осы жерге жұмысқа тұрыпты.

– Әр науқасты ақтық сапарға шы­ғарып салғанда, біз қатты қинала­мыз. Жат адамдар болса да, олар үшін жаның ауырады. Олар кешкен азапты көзіңмен көру, түсіну оңай емес. Ең ауыр тигені үш жасар сәбиді мәйітханаға алып кететін көлікке өз қолыммен апарып салғаным болды, – дейді қызметкер.

Психолог Айнаш Сәрсекенова хосписте жатқан әр адаммен жеке жұ­мыс істейтін психолог мамандар­дың санын көбейту керек дейді.

– «Хоспис» сөзін естігенде адам­дар­да мистикалық қорқыныш пайда болады. Шындығына келсек, бұл ауру­хана емес, бұл медицина күресе ал­майтын диагноздағы жандарға көмек көрсететін орын. Басты мақ­са­ты – өмірді ұзарту емес, қалған өмір­дің сапасын арттыру. Әр күнін қуа­ныш пен бақытқа толтыру. Сон­дық­­тан бұл ретте психологтарға жүк­­те­летін міндет зор, – дейді.

Хосписте үш дәрігер маман ж­ұ­мыс істейді. Терапевт, онколог, пси­холог. Барлығы 47 қызметкер нау­қас­тарға қызмет көрсетеді.

– Біздің ауруханаға электронды пор­тал арқылы емхананың жолда­ма­сы­м­ен жатады. Төсек тартып қалған, есін білмейтін науқастар жиі түседі. Олар­мен әлеуметтік сала қызмет­кер­лері жұмыс істейді. Құжаттарын рә­­сім­деген соң, қарттар үйіне ауыс­ты­рады. Екінші жыл жатқан науқас бар. Жұбайы жоқ, баласы кәмелеттік жасқа толмаған, қарайтын ешкімі жоқ. Мемлекет біздің аурухананы мін­детті сақтандыру қоры есебінен қар­жыландырып отыр, – деді «Жан­сая» ЖШС директоры Марғұлан Сыздықов.

Терапевт Надежда Еремееваның айтуынша бұл науқас үшін ғана емес, туыстары үшін де ауыр кезең. Оған екінің бірі шыдай бермейді.

– Қазір хосписте жатқандардың орта жасы – алпыс шамасында. 20 жас­­тағы жігіт те жатты, ЖИСТ-пен ауырған. Өте қауіпті әрі ауыр маман­дық. Кейбір науқастардың туғандары жиі келеді. Кейбірін звондап ша­қыр­ма­саң келмейді. Қазір өзінің кім еке­нін білмейтін, сал болып қалған бір науқас жатыр, – дейді терапевт.

Дәрігерлердің айтуынша, мұнда дін қызметкерлері де келіп тұрады.

Кенеттен жазылмас ауруға тап болып, өмірден үміті өшкендер жата­тын аурухана Қарағандыда 1999 жы­лы ашылды. Басында «Қызыл жарты ай» қоғамдық ұйымы жанынан ашыл­ған мекеме қайырымдылық қа­ра­жат пен мемлекеттік тапсырыс негі­зінде жұмыс атқарды. 2015 жылы бұл мекемеге бөлінген 50 орынның оты­зы мемлекеттік ауруханаға беріл­ді. Осы жылдан бастап науқасы ден­де­гендерге мемлекеттік ауруха­на­лар­да да ем көрсетілді. Алайда бұл тә­жі­ри­бе өзін-өзі ақтамады. Облыс­тық мемлекеттік паллиативтік бөлімдер­де тек медбикелік көмек берілді. Үш ай бойы жөргегін ауыстыру, тамақ­тан­дыру, кір-қоңын жуу секілді кө­мек­­ көрсетіліп, дерті асқынғандар қажет ететін медициналық ем-дом жасалмады. 2018 жылы хоспис «Қы­зыл жарты ай» қоғамдық ұйымы құра­мынан шығып, жекеменшік меке­ме болып құрылды. Осыдан бастап мемлекеттік хоспис жабылып, «Жансая» қайтадан 50 адамдық орынға науқастар қабылдап келеді.

Үміт оты өшкендер жататын ау­ру­­­ханаға атеросклероз, ми қан айна­лымының бұзылу салдары, па­рез­дер және параличтер, бронх де­мік­­песі, инфаркттен кейінгі кар­диос­клероз, түрлі топтағы мүгедектік және басқа да нозология бойынша 1 айдан 3 айға дейін жатқызылады. Хосписте қазір жатқандардың дені – 3-4 сатыдағы онкология және терминалдық кезең­дегі ауруы өршігендер.

«Жансая» ауруханасына құра­мын­да психолог, әлеуметтік қыз­мет­кер және медбикесі бар мобильдік бригадалар бар.

Қарағанды облысында мейірбике кү­тімі мен паллиативтік көмекке мұқ­­таж жандар үшін 152 орын қыз­мет көрсетеді. Олардың тоғызы мемлекеттік медициналық ұйым: проф. Х.Мақажанов атындағы об­лыс­тық травматология және орто­пе­дия орталығы» КМК, «Саран қала­сының орталық ауруханасы» КМК, «Шахтинск қаласының орталық ауру­ханасы» КМК, «Жезқазған қаласының көпсалалы ауруханасы» КМК, «Қарағанды қаласының бала­лар ауруханасы» КМК, «Сәтбаев қала­­сының №1 орталық ауруханасы» КМК, «Абай ауданының орталық аудан­дық ауруханасы» КМК, «Темір­тау қаласының көпбейінді ана мен бала орталығы» КМК және 2 жеке­мен­шік ұйым «Жансая» ЖШС мен «Гиппократ» МФ ЖШС. Бұл бөлім­дер аймақ бойынша Қарағанды, Темір­тау, Саран, Шахтинск, Жезқаз­ған, Сәтпаев қалаларында ашылған. Туберкулезбен ауыратын науқастарға паллиативтік көмек «Облыстық ту­бер­кулезге қарсы диспансер» КМК көрсетіледі, онда 48 төсектік бөлімше бар. АИТВ жұқтырған науқастарға пал­лиативтік көмекті ЖИТС орта­лы­­ғының мамандары білікті дәрі­гер­лік көмек, мейіргерлік, үйде әлеу­мет­тік көмек түрінде көрсетеді. Қара­­ғанды облысында паллиативтік көмек көрсету үшін амбулаториялық деңгейде 12 бригада және 13 кабинет жұмыс істейді. Емханаларда пал­лиа­тивтік көмек көрсететін әлеуметтік қызметкерлер мен дәрігер-психолог­тар бар.

Қазақстанда паллиативтік қыз­мет көрсететін мамандар тапшы. Оған стреске төзімді мамандар ауа­дай қажет. Сондай-ақ үй жағдайында паллиативтік көмек көрсету ісін жан­дандыру керек. Себебі мемле­кет­тік қызмет көрсететін порталмен хоспистерге жатуға кезегі келмей, үзіліп кететіндер көп. Бұл – олардың туыстары мен науқастар үшін ауыр сынақ. Шетелде мұндай мекеме­лер­дің 80 пайызы демеушілер көмегімен қаржыландырылады. Біразы ақылы түрде ем көрсетеді. Қазақстанда ақы­лы хоспистер ашу – күн тәрті­бін­дегі мә­селе. Хоспистерге мемлекет мін­­дет­­ті сақтандыру аясында қаржы бөліп отыр. Алайда ол қаржы ғи­ма­рат­­тарды жөндеуге, заманға сай жа­рақтандыруға жет­кі­ліксіз.

Қазақстан әлемде қатерлі ісікпен ауы­ратындар саны бойынша – екін­ші орында. Елімізде жылына 30 мың адамнан осы дерт анықталады.

Хоспистерде айықпас дертке шалдыққан қан­шама тағдырдың соңғы демі үзіліп, сағаты тоқтайды. Адам тіршілігінде қандай өмір кешпесін, жаны үзілер сәтте барлығы жан жылуына мұқтаж. Жанына сая тап­пағандар өмірмен қоштасатын мекен Қарағандыда «Жансая» деп аталады.

 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы