«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалына қарасты қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 2016-2020 жылдар аралығында 127,2 мың өтініш келіп түскен.
Сол өтініштерде айтылған мәселелердің басым бөлігі оң шешімін тауып, қалғандарына консультативтік көмек көрсетілген. Ал 2020 жылдың басынан бері «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филалына қарасты қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 27 мың өтініш келген. Бұл 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 есе көп. Өтініштерді қабылдау саны бойынша Түркістан облысы республикада екінші орында тұр. Қарау нәтижелері бойынша арыз-шағымдардың 16,3 мыңы, яғни 62 пайызы оңтайлы шешілген. Ал 10 мың өтінішке заң аясында кеңестер беріліп, бүгінде оның 111-і қаралу үстінде. Халықтан келіп түскен 26,4 мың арыз-шағымды талдай келе, облыс тұрғындарын төмендегідей мәселелердің мазалайтыны анықталды. Өтініштердің 61 пайызы қаржылық көмек және Birgemiz қоры арқылы ақша мен азық-түлік себеттеріне байланысты келіп түсіпті. Оның ішінде 12 пайызы праймеризге қатысты сауалдар, 9 пайызы әлеуметтік көмекке мұқтаждық, 2 пайызы тұрғын үй-коммуналдық және 2 пайызы жұмысқа орналасу, заңсыз жұмыстан шығару, еңбекақы өндіру мәселесіне қатысты жолданған. Ал 14 пайызы – денсаулық сақтау, білім беру, халықты тіркеу және құжаттандыру, кәсіпкерлікті қолдауға қатысты шағымдар. Арыз-өтініштердің басым бөлігі, яғни 6 800-і облыстық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне түскен. 2 100-і Сарыағаш аудандық, 2 мыңы Жетісай аудандық, 1 900-і Түлкібас аудандық филиалдарына жолданған. Өтініш білдіргендердің басым бөлігі немесе 9,4 мыңы (35,5%) көпбалалы және толық емес отбасылар болса, 1,8 мыңы (7 %) – жұмыссыздар, 6 мыңы (6%) ерекше қажеттіліктері бар адамдар, 459-ы (2%) зейнеткерлер. Коронавирус індетінің таралуының алдын алуға байланысты «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Б.Байбектің бұйрығымен қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы онлайн режимге ауыстырылған болатын. Биыл 13 наурыздан бері 23,6 мың азамат өтініш білдірсе, оның ішінде әлеуметтік желілер (Facebook, Instagram) арқылы 4,2 мың, WhatsApp мессенджері арқылы 5,4 мың өтініш келген. Ал Түркістан облыстық, аумақтық партия филиалдарына жедел желі телефондарына 14 мыңнан астам қоңырау келіп түскен. Сонымен қатар жергілікті мемлекеттік органдар, департамент, басқарма, құқық қорғау органдары басшылары облыстық, аумақтық партия филиалдары арқылы 38 көшпелі қоғамдық қабылдау өткізіп, онда 136 азаматтың арыз-өтініші қаралған. 2020 жылдың 30 қаңтары мен 7 ақпан аралығында барлық басқарма басшыларының қатысуымен тұрғындардың арыз-өтініштері бойынша «Ашық есік күні» қоғамдық қабылдау күндері өткізіліп, 150-ден астам облыс тұрғыны өтініштерін білдірген. Келіп түскен өтініштердің 67-сі (45%) тиімді шешіліп, 83-іне заң аясында кеңес берілді. 2020 жылдың 13 наурызынан 20 қазанына дейінгі аралықта әкім, әкімнің орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары 552 онлайн қоғамдық қабылдау өткізді. Тікелей эфир барысында партия филиалының ресми Facebook, Instagram парақшалары мен аккаунтында өңір тұрғындарынан (сұрақтар, пікірлер мен алғыстарды қоспағанда) 930 арыз-өтініш түсіп, қабылдау барысында 296 арыз-өтініш оңтайлы шешілген. Соңғы 5 жылда облысымызда партия филиалының ұйымдастыруымен 22,1 мың қоғамдық қабылдау өткізіліп, 43 400 азаматтың мәселесі қаралған. Оның 262-сін Мәжіліс депутаттары, 5 900-ын мәслихат депутаттары, 15 900-ын жергілікті атқарушы орган басшылары өткізген. Айта кетейік, бүгінде облыс көлемінде 17 қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істеп тұр.Тельман БЕЙСЕН