Сойы бөлек «супербанк»
Сойы бөлек «супербанк»
117
оқылды

Келесі жылы Қазақстанда әкімдердің өкілеттігін ала­тын, БЖЗҚ-ның байлығына иелік ететін, даму институты мәртебесін иемденетін, тұ­тас салаларға жауапты ал­пауыт құрылым пайда бо­лады. Оған басшы­лық ету әр ше­неу­ніктің арма­ны­на ай­налады. Себебі осы ұйымға жүздеген мил­лиард қаражат құйылғалы тұр. Әң­гіме – «Отбасы банкі» жа­йында.

Бұл құрылымның дүниеге келетінін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2020 жылғы 11 мамырда Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның соңғы отырысын­да жария етті. Ол қолжетімді тұр­ғын үй құрылысы «эконо­миканы дамытудың, жұртты жұмыспен қамтудың, әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызды факторы» болуы тиістігін қадап айтты. Мемлекет басшысы «жетім­бұрыш» жағалаған адам­дардың мәселесін шешу үшін Үкіметке жыл соңына дейін «Тұрғынүй­құ­рылысжинақбанкі» АҚ негізінде толыққанды даму және қолдау көрсету бағытын­дағы «Отбасы банкін» құру туралы тапсырма берді. Қ.Тоқаев жаңа құрылым тұрғын үй есебін, кезекке қою және үй беру тәр­тібін бір орта­лықтан жүзеге асы­ратынын мә­лімдеді. Сарапшылар осы прези­денттік тапсырманың қашан және қалай орындалатынын білгісі келіп, асыға күткен. Міне, Индустрия және ин­фра­құры­лымдық даму ми­нистрлігі «От­басы банкіне» қа­­тысты тұжы­рым­даманы жа­рия етті.

Қозғалмас кезек көз жасты елемейді

Сарапшылар өзгенің бұрышына телмірген, өмірі өзгеге тәуелді болған адамдарды баспанамен қамтудың қолданыстағы жүйесі ел сенімінен айырылғанына назар аудартады. Ол қарапайым халықтың наразылығын өршітуде. Мысалы, көпбалалы, соның ішінде екі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отағасы Серік Сарбасов 2007 жылдың қаңтарынан кезекте тұрғанын жеткізді. Тұңғышы 20 жасқа да жетіп қалыпты. Шымкент қаласының тұрғыны, 22 жасар жалғызбасты ана Лаура Қасымова жетімдер санаты бойынша баспанамен қамтылуы керек еді: «Әкімдікте 2014 жылдан бері кезекте тұрмын. Кезегімнің жыл­житын түрі байқалмайды. Қолымда 10 жасар сәбиім бар. Баланың 1 жасқа дейінгі күтіміне арналған жәрдемақыға қарап отырмын. Тұр­ғын үй жалдап тұруға жағдайым жоқ», – дейді ол. Нұр-Сұлтан қаласының 39 жасар тұрғыны Төлеген Жолдаспеков 2010 жылы туған інісі Серікпен бірге Ресейден Қазақстанға қоныс ауда­рыпты. Оралман мәртебесін алған. «Қазақ елінің әлемге тарыдай шашылған қандастарын атамекенге жиғаны жақсы. Бұл – ізгі саясат. 2010 жылы бізді оралман мәртебесі бар әлеуметтік осал топ санатында үй кезегіне қойды. Бірақ інім екеумізге бір кезек берді. «Бәрібір үй бергенде екі пәтер аласыңдар» деп сендірді. Менің 4 адамнан тұратын өз отба­сым бар, інімнің отбасында 3 адам тұрады. Соны бөлек кезекке қойғыза алар емеспін. Өз бетімізше үй жалдап тұруға мәжбүрміз. Биылғы қазанда елордалық Тұрғын үй басқармасына және тұрғын үй инспекциясына кезегіміздің не болып жатқанын сұрап жүгіндік. Ондағылар 10 жыл ішінде небәрі 1 мың адамға ғана ілгері жылжығанымызды хабарлады. Бізден көп кейін тұрған кейбір адамдар үй алып кеткенін білдік. Оның қандай құпиясы бар екені белгісіз», – дейді Төлеген. Жүйенің кінәраты көптігін жауапты орган да жасырмайды. «Азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамту тәртібін жетілдіру және оны ашық, айқын, тиімді ету керек. Сонымен қатар оны коррупциялық тәуекелдерден арылту қажет. Мүге­дектігі бар, жетім, көпбалалы, аз қамтылған санаттары бойынша тұрғын үйге мұқтаж жандардың кезегін жүргізудің қолданыстағы тетігі ашық емес. Оның үстіне жергі­лікті әкімдіктер жұртшылықтың тұрғын үй қажеттіліктерін қалай қанағаттандыруға болатынын нақты түсінбейді. Сол себепті бұл істі ор­талықтандыру және ашық ету ша­ралары қабылданады. Тиісті заң жобасы әкімдердің қолданыстағы кезегін жоюды, орталықтандырылған есепке алу және үй бөлу функ­цияларын банкке беруді, «тұрғын үйге мұқтаж» ұғымының жаңа нақты критерийлерін әзірлеуді көздейді», – деді Индустрия министрлігі.

Бар қазақ менің клиентім...

Ведомство әзірлеген тұжы­рым­дамаға сай, 2021 жылы ТҚЖБ ор­нына «Отбасы банкі» түңлігін жаңа­дан түреді. Бірақ ТҚЖБ-дан бір ерекшелігі сол, жаңа ұйым мемле­кеттік банк мәртебесімен шектелмей, «ұлттық даму институты» ретінде құрылмақ. Тұжырымдаманың өзге де жаңалықтары жетерлік. Біріншіден, ТҚЖБ-ның 1,5 мил­лионнан астам клиенті ғана болса, «Отбасы банкінде» барлық дерлік қазақстандық есепшотын ашатынға ұқсайды. Оның себебін келесі бө­лімдерде түсіндіре кетеміз. Екіншіден, тұрғындарды үй кезегіне тұрғызу және сол кезекті жүргізу өкілеттігі келесі жылы бар­лық әкімдіктерден алып қойылып, осы ұйымға тапсырылады. Тұжы­рымдамада Қазақстанда кезекте тұрғандардың бірыңғай респуб­ликалық электрондық базасы («Ке­зекте тұрғандардың бірыңғай де­рекқоры») құрылатыны, ол кезекте тұратын азаматтарды есепке алу және кезекті жүргізу құзыры тек осы банкте болатыны айтылған. Тиі­сінше, қазір әкімдіктер жанын­дағы кезекте тұрған жүздеген мың адам келесі жылы тегіс осы банктің клиенттері қатарына қосылмақ. Сонымен қатар банк «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құрып, оның ісін де өзі жүргізеді. Үшіншіден, бүгінде әкім атаулы салтанатты жағдайда өз қолымен табыстап, ел алдында саяси ұпай жинауға пайдаланып жүрген тұрғын үй сертификатын беру процесі де «Отбасы банкіне» көшеді. Төртіншіден, Үкіметтің жуырда жарияланған жаңа қаулысы жоба­сына сәйкес, «Отбасы банкі» зей­не­тақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалануды жүзеге асыратын уә­кілетті оператор мәртебесін иеленеді деп жоспарланып отыр. Яғни, аза­маттарға тұрғын үй жағдайын жақ­сарту немесе емделуге ақы төлеу мақ­сатында аударылған біржолғы зейнетақы төлемі осы банктегі есеп­шотқа түседі. Ендеше болашақ зей­неткерлердің үлкен бөлігі, соның ішінде ауқатты адамдар да амал­сыздан осы банктің клиентіне ай­налады. Бесіншіден, «жеке азаматтар жалға беретін тұрғын үй үшін тө­ленетін жалдау төлемдерін суб­си­диялау» функциясы да «Отбасы банкі­нің» еншісіне тимек. Алтыншыдан, «Отбасы банкі» «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» қызметін атқаруды жалғас­тырады. Атап айтқанда, бір жағынан тұрғын үй құрылысы жинағы депо­зиттерін ашумен, оған ақша қабыл­даумен және салымшылардың шот­тарын жүргізумен, екінші жа­ғынан, клиенттеріне «аралық» және «алдын ала» тұрғын үй кредиттерін берумен шұғылданады. Жетіншіден, бұл – елімізде еш лицензиясыз жұмыс істейтін жалғыз банк болады, яғни оның қызметін Мәдина Әбілқасымова басқаратын Қаржылық реттеу агенттігі тоқтата алмайды. Мұны қаржылық реттеу­шінің өзі ұсыныпты. «Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2020 жылғы 3 шіл­деде Премьер-Министрдің орын­басарына «Отбасы банкін» құрудың жекелеген мәселесіне қатысты хат жолдады. Сонда көрсетілгендей, мемлекеттік тұрғын үй саясатын дамытудағы ерекше рөлін назарға алып, аталған банкке жоғарыда келтірілген операцияларды уәкілетті органның лицензиясынсыз жүзеге асыруына мүмкіндік беретін ерекше құқықтық режим заңнамалық түрде бекітілетін болады», – деді Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Тұжырымдамада жаңа функ­цияларын сапалы әрі тиімді орын­дауы, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын табысты іске асыруы үшін «Отбасы банкіне» жыл сайын бюджеттен мол қаржы бөлі­нетіні айтылған (сомасы нақты­ланбайды). Бұған қоса, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында да оны қаржыландыру арттырылмақ.

Кезектен сатыға көшіріледі

Алдағы жылы үй кезегі әкім­дерден банктің қолына жай көше салмайды: кезектегілерге баспана берудің бүкіл идеологиясы өзгереді. Яғни, үйді азаматтар кезектегі ор­нына емес, табысына қарай алады. Мұның егжей-тегжейін алдында журналистерге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов түсіндірген. Со­нымен, бірінші сатыда: әр мүше­сіне шаққандағы табысы 1 ең төменгі күнкөріс (ЕТК, 2020 жылы 32 668 теңгеге бара-бар) деңгейіне жет­пейтін осал отбасылар мемлекеттен арендалық тұрғын үй алады. Екінші сатыда: отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы 2 ЕТК-ден (1 адамға – 65 336 тең­геден) төмен болса, онда оған «Ба­қытты отбасы» аталатын «2-10-20» бағдарламасы аясында 2%-дық ең арзан ипотекамен тұрғын үй са­тып алу мүмкіндігі беріледі. Үшінші сатыда: табысы 3,1 ЕТК-ден (101 270 теңгеден) кем болса, «Шаңырақ» атты «5-10-20» жаңа бағ­дарламасының игілігін көреді. Төртінші сатыда: отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы 3,1 ЕТК-ден жоғары болса, ол от­басы нарықтағы банктік ипотекаға жүгінуі шарт. Әрине, кіріс көлемі 101 мыңнан асатын отбасылар әкімнің кезегіне тұра алмайды. Бұл талап шенеуніктерге, Парламент, Үкімет және әкімдік қызмет­кер­леріне, жа­лақысы өсіп жатқан бюд­жеттік сала мамандары мен басшы­ларына қа­тысты болмақ. «Отбасы банкі» әр өңірдегі бас­пананы үлестіргенде дәл осы саты­ларды және үміткердің табыс дең­гейін басшылыққа алады. Негізі, қазір кезекте тұрған­дар­дың өзін баспанамен қамту оңай шаруа емес. Елде үй жетіспейді. Қазақ­станның жалпы тұрғын үй қоры биылғы жыл басында 364,3 миллион шаршы метрді ғана құрады. Елімізде тұрғын үймен қамтамасыз ету 2019 жылы бір тұрғынға шаққанда 22,2 шаршы метрге әзер жетті. Мысалы, АҚШ-та бұл көрсеткіш әр тұрғынға шаққанда 70 м2, ал Еуропада – 40 м2-ге дейін жетеді. Бізде ең жоғары көрсеткіш Нұр-Сұлтанда (30,5 шаршы метр) және Алматыда (28 шаршы метр), ал ең төмен көр­сеткіш Жамбыл (17,2 шаршы метр) және Түркістан (18,4 шаршы метр) облыстарында. Үй кезегіндегі азаматтар саны­ның жыл сайынғы өсу қарқыны әлеуметтік тұрғын үй құрылысының қарқынынан едәуір асып түседі. 2012 жылдан 2019 жылға дейін кезек­тегілер қатары жыл сайын шамамен 50 мыңға өсіп келді. Нәтижесінде, 7 жыл ішінде үй кезегі 3,7 есеге – 146,9 мың адамнан қазір 540,7 мың адамға дейін ұлғайды. Сондықтан «Отбасы банкі» тек қолжетімді баспанамен шектелмейді. Ол риэлтор немесе жылжымайтын мүлік агенттігі сипатында жұмыс істемек. Яғни, өз пәтерін жалға бе­ретін азаматтармен келісімшарт бекітіп, оның баспанасын кезекте тұрған адамға береді. Бұл жерде жалдау ақысының 80%-ына дейінгісі бюджет есебінен өтелмек. Мысалы, пәтердің жалдау ақысының құны айына 90 мың теңге болса, оның 72 мың теңгесін «Отбасы банкі» жа­бады, ал кезекте тұрған адам қал­ған 18 мың теңгесін өзі төлеуі тиіс. Шарт 5 жылға жасалады. Егер отбасы әлі де баспанаға зәру екенін дәлелдесе, келісімшарт мерзімі әрі қарай ұзар­тылады.

АйханАйхан ШӘРІП