Түрмеден кейінгі тіршілік
Түрмеден кейінгі тіршілік
297
оқылды

Ішкі істер министрлігінің есебі бойынша, соттал­ғандардың ша­ма­мен 3/1 бө­лігі бұрын да қылмыс жасап, істі болғандар. Демек, түр­ме­ден кейінгі өмірге бейімделе ал­май, қоғамды жатсынған­дар же­терлік. Мәселен, 2019 жылғы дерекке сенсек, Қазақстан түрме­лерінде 29 011 адам болса, соның 33 па­йы­зы бұрын сотталғандар екен. Сонымен, қай­та қыл­мыс­қа баруға не себеп болып жатыр? Жұмыссыздық па, әлде қо­ғам кері тебе ме?

Бейімдеу орталықтары нәтиже берді ме?

5 желтоқсанда Бурабай кентінде жантүршігерлік қылмыс болды. 28 жастағы жігіт 4 әйелді зорлықпен өлтіріп, соңынан полицияға өзі хабар­ласып, кінәсін мойындаған. Қылмыс­кер бұрын бірнеше рет сотталған екен. Жоғарыдағы тақырыпқа арқау болған оқиға да – осы. Жалпы, елімізде аса ауыр қылмыс жасап, жазасын өтегеннен кейін азаматтардың сотталғаны туралы дерек 8 жыл бойы сақталады. Бұл дерек олардың жұмыссыз қалып, қоғамға сіңісе алмауына әсерін тигізіп отырса керек. Себебі мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпкерлер бұрын соттал­ғандарды жұмысқа қабылдауға құлық­сыз екені айдан анық. Ал еліміздегі бейімдеу орталықтарының жұмысы қай деңгейде? 2012-2018 жылдары Қазақстан аумағындағы 8 түрме жабылды. Соның арқасында бюджеттің 12 млрд теңгесі үнемделіпті. Орташа есеппен түрмедегі бір жазасын өтеушіге мемлекет қазына­сынан жылына 700 мың теңге қаржы шығын болады. Биыл еліміздегі 82 түзеу мекемесінде 30 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатқанын ескерсек, бейім­деу орталықтары жұмысын үдетпесе, қылмысқа қайта қадам жасау­шылардың саны азаймайды. 2017 жылы Шымкент пен Қарағанды қаласында сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу орта­лығы ашылды. Орталық жазасын өтеп шыққан және пробация қыз­метінде есепте тұрған азаматтарға әлеу­меттік, оның ішінде психологиялық, медициналық көмек пен жұмыспен қамту бағыты бойынша құқықтық қыз­мет көрсетеді. Ізін ала осы секілді орта­лықтар барлық аймақта ашылып, жұ­мы­сын жүргізе бастаған. Сотталып шық­қан азаматтарды қоғамға бейімдеу ісі әр өңірдегі жергілікті Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне жүктел­ген. Ал осы мәселені тікелей бақылаушы құзырлы орган – Ішкі істер министр­лігіне қарасты Қылмыстық-атқару жүйе­сі комитеті. Дегенмен жаңағы айт­қан бейімдеу орталықтарына жүгінгендердің саны аз болып шықты. Бір қызығы, комитет өкілдерінің ай­туын­ша, бостандыққа шыққан азамат­тар үшін орталықтың да талабы бар екен. – Әлеуметтік бейімдеу орталықтары әр өңірдегі жергілікті атқарушы орган­дар жанынан жұмыс істейді. Орталықта белгілі бір сала бойынша оқып, маман­дық алып шығу жағы да қарастырылған. Бірақ орталықтың да өз талабы бар. Оған жазасын өтеп болған соң тұрғы­лықты жері жоқ және өмірде қиындық­қа ұшыраған азаматтар барады. 2019 жылы Қазақстанда 477 адам бейімдеу орталықтарының көмегіне жүгінген. Ал жұмыспен қамту басқармасы соттал­ғандарға бір-ақ жағдайда көмек береді. Егер жазасын өтеп келген азаматтың күнкөрісі қиындаса, басқарма бейімдеу орталығына жолдама береді, – дейді. Орталықтың қабылдауы мен жұмыс процесі қағазбастылыққа таңып қоятын сыңайлы. 2017 жылы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтуға арналған 2 жылдық (2017-2019) кешенді стратегияның нәтижесі осындай. Алайда еркіндікпен қайта қауышқан азаматтарды оңалтуға бір стратегияның көмегі аз болары сөзсіз. Олардың санасын қалыпқа келтіру үшін психолог секілді арнайы мамандар жұмыстанады. Бірақ олардың да айтар өз уәжі бар.

Түрмедегі және санадағы жағдай

Психолог Қарлыға Бүйенбай осы уақытқа дейін қылмысқа барған аза­маттармен әңгімелескен. Осы тә­жірибесінен байқаған дүниелерін бізге баяндаған болатын. Маманның сөзіне сенсек, адам санасындағы «ескі дерт» қылмысқа қайта итермелейтін көрінеді. Оны болдырмаудың бір-ақ амалы – еңбек ету. – Жұмысындағы шу салдарынан түрмеге түсуге аз-ақ қалған пациент болды. Анализ жасай келе оның өзін қарындасының өліміне себепшімін деп кінәлап келгенін анықтадық. Егер бұл адамның ішкі жан дүниесінде «кінә» сезімі болмаса, түрмеге түсетіндей жағдайға тап болмас еді. Қалай талдап, қалай анализ жасасақ та, бұл түрмедегі әрбір қылмыскердің терең жан жарасы барын көрсетеді. Адамның қайта қылмыс жасай беруі де психологиялық зақыммен байланысты. Бірақ бұл нарцистік жарақатты адам өте ерте шақта алады. Осыдан кейін «Барлығын бақылауда ұстаймын» деген механизм түрін қолдануға бейім келеді. Қылмыс­керлерді еңбекпен емдеуді ұсынар едім. Өйткені оларды қатаң жазалайтын болсақ, өмір сүруге жарамсыз болып қалады. Бұдан ешкімге пайда келмейді, керісінше оларды «асырауға» ақша кете беретін болады. Мұның орнына оларды жұмысқа жегіп, еңбектері үшін ақша төленсе және бұл ақшаны олар жәбір­ленушіге беретін болса, әділ деп ойлай­мын. Оларға мүмкіндігінше пси­хология­лық көмек көрсетілсе, пси­хоанализ адамды түбегейлі өзгерте ала­ды, – дейді ол. Шынында да, еңбекпен емдеудің жайын айтқанымызбен, қоғам ара­сында «отырып шыққан» деген қара­байыр сөз жұртты сескендіреді. Соның әсерінен жұмыс берушілер ондай азаматтарды жұмысқа алуға құлықсыз болатыны жасырын емес. Ал заңгер Серік Рамазанов болса, жалаң қағи­далар мен түрмелер қылмыскерді түзе­тудің орнына кері әсер етіп жатқанын айтады. – Бізде бір жансақ қағида бар. Қылмысына қарай жаза өлшеуге бейімделгенбіз. Қылмыскерге жаза оны қылмысы үшін қинауға емес, түзету үшін қолданылады. Аңғарсақ, бұл қылмыскердің «жаза кезеңінен» кейінгі өмірін ойлау. Түзелуге ниеті бар адамға 3-4 жыл түрмеде отыру жеткілікті. Бір нәрсені айта кету керек, түрмеде көп жыл отырған адам түзелмейді, керісінше бұзыла түседі. Қамауда 10 жыл немесе одан артық уақыт отырған адамға мерзімінің ұзақтығы кері әсер береді. Осылайша, «өшіктіру» қылмыстан аластатпайды. 10 жыл бойы қамауда отырған адам, әрине қоғаммен түсініспейді. Бұған түрменің ішіндегі жағдайды қосу керек. Көбіне түрмелер жазалаушының міндетін атқарып жатқандай, – деді. Бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеген азаматтарды қоғам өміріне қайта бейімдеуге ықпал ету үшін оңалту орталықтарының рөлі аса маңызды. Өз кезегінде түрме түзетуші болса игі екенін ұқтық. Бір рет жа­ңылған адамды ғұмыр бойы жаңылды деуге әсте болмас. Осындай кезде «Адасқанның айыбы жоқ, үйірін қайта тапқан соң» дейтін аталы сөз ойымызға оралады.

Мадияр ТӨЛЕУ