Пирамида WhatsApp-та қалануда
Пирамида WhatsApp-та қалануда
160
оқылды

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елімізде биылғы жылдың 9 айында «қаржылық пирамиданы құру және жетекшілік ету» бабы бойынша 14 қылмыстық іс қозғалған. Былтыр бұл сан 103-ке жеткен екен. Ал аяқталған істер бойынша 2017-2019 жылы келтірілген шығынның мөлшері 8,3 миллиард теңгені құраған...

Қаржы пирамидасы туралы екінің бірі біледі. Оған салған қаржыны қайтарып алмайтынын біле тұра мыңдаған адам алаяқ­тарға жем болуын қояр емес. Өткен ғасырдың 1960 жылдары америкалық олигарх Бернард Мэдофф адамзат тарихындағы ең ірі Mэdoff Investment қаржы пирамидасының ірге тасын қалаған болатын. Мэдоффтан зардап шеккендердің арасында қарапайым тұрғындармен қатар, атақты адам да көп болды. Бейс­бол спортының майталманы, Нью-Йорк Метс командасының иесі Фред Уилпон, актер Кевин Бэкон, режиссерлер Стивен Спильберг пен Педро Альмодовар Мэдоффтың құрбаны болса, Францияның, Голландияның, Жапонияның банктері де әккінің қақпанына түсті. Оның лақтырған қармағын 3 миллион адам қапқан. Ал Кеңес Одағы ыдыраған кезең­де 1990 жылдардан бастап оңай ақша табу үшін «Хопер Инвест», «Телемаркет», «Тибет» сияқты компаниялар аренаға шықты. Бә­рінен озып кеткені Сергей Мав­родий құрған «МММ» қаржы пирамидасы болды. Ол 15 мил­лион пақырды тақырға отыр­ғызды. Бұл «МММ»-нен қазақ­стан­дықтар да жапа шекті. Ал Қа­зақстанда алғаш «Смағұлов және Ко» деген атпен әйгілі болған компания аңғал қазақтың 630 миллион теңгесін сыпырып алған көрінеді. Пирамиданың негізін қалаушының жемтігі бол­ғандар саны 35 мың болған. Ал компанияның меншігіндегі мүлік аукцион арқылы сатылғанымен, одан түскен қаржы қарыздың бестен бір бөлігіне ғана жеткен.

Дегенмен «ауызы күйген үр­леп ішуші» еді. Олай емес екен. Өйткені оңай жолмен ақша тап­қыштар әлеуметтік желілерге көшіп, өз «операцияларын» ұтым­ды пайдалануда. Бүгінде біреудің қаржысын иемденушілер WhatsApp желісі арқылы аңқау елдің қалтасын қағуға шықты. Қанша ұсталып жатса да, іннен шыққан суырдай әр жерден бір мойнын қылтитып шыға келеді. Жақында WhatsApp арқылы «Реальные доходы 1», «Реальные доходы 2» және ­«Три­умф» деген чат ашып, аста­налықтар мен басқа да өңірлерде тұратын азаматтардың ақшасын жинап алған бір әйел елордада құ­рықталды. Ол 32 адамды алдап, 60 миллион теңге иемденген болып шықты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция депар­таменті: «Азаматтардың сенімін, қаржылық сауаты аздығын пай­даланып, күдікті оларды бұл жо­бадан ешқандай қауіп жоқтығын айтып сендірген. Жобаға ақша салған адам 5-15 күннің ішінде 100 пайыздық кіріске ие бола­тынын алға тартқан. Азаматтар осылайша, жобаға 20 мың теңге­ден 2 млн теңгеге дейін ақша сал­ған. Салымшылардың басым көпшілігі ақшасын қайтара алма­ған» деп хабарлады. Алайда ал­данғандардың саны одан да көп болуы мүмкіндігін алға тартқан департаменттегілер: «Егер сіз немесе жақындарыңыз аталған қаржы пирамидасына ақша са­лып, алданған болсаңыздар, Бей­бітшілік көшесі 19 мекен­жа­йын­дағы полиция департаментіне жүгінуіңізді сұраймыз» деген де хабарлама таратты.

Дәл осындай оқиға қыркүйек айында Қызылорда қаласында орын алған болатын. Бұл жолы сондай әдіспен 350-ге жуық азаматтың ақшасын жымқырған алаяқ қолға түсті. Қалада тұратын әйел WhatsApp мессенджері ар­қылы «Айлуна Голд» деген атау­мен топ ашқан. Сол арқылы қыс­қа мерзімде аз ақша салып, қомақты қаржы табуға болатыны туралы жарнама таратады. «Бар-жоғы 5-8 күн аралығында салған ақшаның үстінен 60 пайыз үстемақы алып отырасыз» деп жар салған жанға 2 айдың ішінде 345 азамат 534 миллион теңгеден астам қар­жы­ны электрондық төлем жүйе­сіне және банкомат картасына құя салған. Жарна­маны жарқыра­тып, желі арқылы пайда тапқысы келген әйелдің қолына кісен салынды. Бұл туралы «Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қа­ралуда. Онда қаржылық пира­мида құру және оған басшылық ету жағдайы көрсе­тілген» деп мәлімдеген де болатын Қызылор­да облыстық прокура­тура­сы­ның баспасөз хатшысы Ғабит Ұзақбай.

Ал Ақмола облыстық полиция департаментінде «қаржы пира­мидасын» құрған күдіктілерді ұстау үшін арнайы тергеу тобы құрылған. Олардың айтуынша, өткен жылы Көкшетау қаласы тұрғындары алаяқ қыз құрған қаржы пирамидасынан жапа шек­кен. Күдікті WhatsApp арқылы бірнеше топ ашып, жобаға ақша салып табыс табуға болатынын айтып, жұртты тартқан. Алаяқтың сөзіне сеніп қалған тұрғындар айтқан сомасын аударған. «Іс бітті, қу кетті» демекші, қомақты қаржы­ны қалтаға басқан сылқым Ре­сейге қарай табанын жалты­рат­қан. Сенгіш салымшылар болса, оған салған ақшасын да, үстеме табысын да қайтарып ала алмаған соң, алданғанын түсініп поли­цияға арыз жазып, көмек сұраған.

«Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» дегенді түсінбей, тегінге құмартқан, қолда бар ақшасын үстемелей түсеміз деген аңғал жұртты сан соқтырған UNNNITY corporation ЖШС-нің басшыларына қатысты қылмыстық істі тергеуді Ақтөбе облысы полиция департаменті 2017 жылы бастаған болатын. Сол уақыттан бері тергеу жұмыстары жалғасып келеді. 2019 жылдың 19 тамызында «Аталған ұйымның жұмысы кезінде еліміз бойынша 40 000 адам зардап шекті. Оның ішінде 8 000 адам Ақтөбе облы­сынан. Ақтөбе облыстық полиция департаменті UNNNITY corporation ЖШС-не ақша салып, ал­данған адамдарды іздестіріп жатыр» деп хабар таратты. Бұл жазғанымыз алаяқтың торына түскендер жайындағы мысалдың бір мысқалы ғана. Қазбалай түссек, күн батырып, таңды аты­руға да болады...

Қазақстанда қаржылық пи­рамидалар қызметіне қатаң тыйым салынған. Қылмыстық кодексте мұндай ұйым құрғандар үшін 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Елімізде бұл ұйымдарды жарнамалауға да тосқауыл қойылған. Алайда алдаушының арбауына түсіп, қолда бар қаржысын еселей тү­семін деген «ақ жүректер» тұр­ғанда, алаяқтар айылын жыймаса керек. Сенгіштігіміз зиянын тигізбесін десек, WhatsApp-та абай болайық!


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ