«Халалдың» бәрі адал ма?
«Халалдың» бәрі адал ма?

Бірден айтайық, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Дегенмен халықтың басым көпшілігі ислам дінін ұстанады. Кейінгі кезде елімізде халал өнімге сұраныс артып келеді. Бұл «тиын егіп, теңге оруды» ойлаған кәсіпкерлерді бейжай қалдырмайтыны анық. Сондықтан шариғат талабына сай өнім шығаратын кәсіпорындар көбейген. Бірақ бәрі бірдей халал стандартын бұлжытпай сақтай ма?

Қазақстан аумағында халал марки­ровкасы бірізге түспегендіктен, тауарларға «халал» деп жазылған әртүрлі таңбалар қойылады. Қайсысы шын, қайсысы жалған – айыру қиын. Арагідік «халал» деп таныстырған шұжықтардан доңыз еті табылғанын естіп жатамыз. Кейбір са­рапшылардың пікірінше, «халал» белгісі ештеңе білдірмейді. Ол – сауданы жақ­сартудың амалы ғана. Мысалы, шұжық шығаратын бірқатар компаниялар өнімдеріне «Мұсылмандық» деген сөзді тауар атауы ретінде жапсыра береді. Өйткені оларды жаппай бақы­лайтын бірыңғай орталық жоқ. Тұтыну­шылар құқығын қорғау агенттігінің ақпа­ратына сүйенсек, халал өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігі регламентін анықтайтын заң әлі шықпаған. Пісірілген халал шұ­жықтың «СТ 1353-2005» деген ұлттық стандарты ғана бекітілген. Оның өзін сақтау заңда талап етілмейді, өнімді серти­фикаттау да міндеттелмеген. Сол себепті құзырлы органдар халал өнім­дердің адам өміріне қауіпсіздігін ғана тексереді. Бізде «халал» делінген өнімдердің шариғат ережесімен өндірілуін 5 ұйым қадағалайды. Олар – «Қазақстан халал индустриясы» қауымдастығы», «Халал даму» (ҚМДБ), Halal Holding, Halal Quality және Halal Services Alliance. Бірақ арнайы заң болмағандықтан, аталған органдар беретін сертификаттардың заң­дық күші жоқ. Тіпті, бұл ұйымдар бір-бірін онша мойындамайтын көрінеді. Халықаралық стандарт бойынша халал өнімде алкоголь, ГМО, шошқа компо­ненттері, шариғатқа қайшы әдіспен өл­тірілген жануар еті, жыртқыш аң мен құс еті, улы заттар болмауы керек. Егер құра­мында улы және адамға зиян қос­палары болмаса, азық-түлікті синте­тика­лық және хи­миялық қоспалармен дәмдеуге рұқсат етілген. Халал стандарты көп жағдайда биз­нестің көзіне ғана айналған секілді. Қазір мұ­сылман да, басқа да халалды таза деп ұғады да, сатып алады. Негізінен штампына ғана қарайды. Ал ондай штамптар сатылады. Кейбір кәсіпкерлер соны сатып алады да, өнім адал болмаса да, халал деп саудалануы бек мүмкін. Ең басты себеп – нақты заңның жоқ­тығы. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өзі уағызбен шектелуге мәжбүр. «Біз қадағалап, жа­залайтын мемлекеттік орган емеспіз. Біз «Егер сіз харам өніміңізді тұтынушыға халал деп ұсынып жатсаңыз, Алланың алдында өзіңіз жауап бересіз» деп кә­сіпкерге насихат жасаймыз», – дейді мүфтият өкілдері. Ал Еуропада «халал» өнімдерден, мәселен шошқа еті табылса, «алаяқтық» бабымен кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қоз­ғалатыны белгілі. Айтпақшы, бұрын халал десе, көзімізге шұжық елестейтін. Бірақ соңғы жылдары халал мейрамхана, халал монша, халал сағыз, халал су, халал балабақша, халал қонақүй, халал шаштараз, халал сақ­тан­дыру, халал банкинг, халал парфюмерия, ха­лал фармацевтика сияқты қызмет түрлері қаптап кетті. Дінтанушылар мен имамдар көзге көрінгеннің бәрін халал деп атау дұрыс емес деп есептейді, әйтпесе халалдың қадірі қашады деп қауіптенеді. Қайбір жылы КFC мейрамханалар желісінің «ҚМДБ халал» сертификатынан айырылғаны үлкен шу тудырған еді. Себебі компания «ҚМДБ халал стан­дарты» талаптарын сақтамаған. Сарап­шы-тех­нологтердің сөзіне сенсек, KFC желісі Ресейден әкелінетін «Белая птица» тауық өнімдері азайғандықтан, ҚМДБ стан­дартына сай келмейтін құс фабрика­ларының өнімдерін, механикалық жолмен сойылған және өлексе жеммен (мясо­костная мука) қоректенген тауық етін пайдаланған. Елімізде KFC дәмханалары көп болғандықтан, оларды қадағалау қиынға түскен. 2018 жылдың 12   жел­тоқсанында KFC желісіне берілген сер­тификат күшін жойды. Халал өнімді әлемнің 122 мемле­ке­тінде өмір сүретін 1,5 млрд-тан астам мұ­­сыл­ман тұтынады екен. 2005 жылы халал тауар­дың жылдық айналымы 5 млрд дол­лар болса, бүгінде 3 трлн дол­лардан асқан. Global Futures пен Foresight есебіне жүгінсек, 2050 жылға дейін мұ­сылман отбасыларында шамамен 9 мил­лиард бала дүние есігін ашады. Яғни, ха­лал ин­дус­триясының сұранысы есе­ленеді деген сөз. Ал сұраныс бар жерде ұсы­ныс бар. Қазірдің өзінде McDonald“s, Subway, Nestle, Papa John секілді алыптар халал өнімдерін сәтті сау­далап отыр. Әлем нарығында мұндай ком­па­ния­лардың үлесі мол.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ