Өрттен төнер қауіп сейілмей тұр
Өрттен төнер қауіп сейілмей тұр
185
оқылды

Айдың басында Қостанай облысында қайғылы оқиға болды. Фрунзенское ауылындағы жер үйден өрт шықты. Ауданы 12 шаршы метрлік жатын бөлменің жиһаздары мен тұрмыстық бұйымдары өртенген. Ең өкініштісі, сол сәтте үйде болған екі бүлдіршін түтінге тұншығып, қайтыс болды. Мұндай төтенше жағдай әсіресе қыста, от жағатын мау­сымда жиілеп кетеді. Бұл сөзімізді Төтенше жағдайлар министрлігі статистикалық дерек түрінде растады. Тіпті, еліміздегі төтенше жағдайдың 92 пайызы тікелей өртке байланысты екен.

Түтінге тұншыққан бүлдіршіндер

Алдымен жақында болған оқиға жайлы қысқаша айта кетсек. Қос­танай облысына қа­расты ауылда тіркелген. «Екі бала түтінге тұн­шықса, ата-анасы қайда қарап жүр?» деген заңды сауал туындайды. Балалардың қараусыз қалуына әке-шешесінің көрші ауылдан азық-түлік алуға кетуі себеп болған. Аят ауылына сағат 14.00 кезінде кетіп, екі сағаттан кейін қайтып келген. Көк түтін болып жатқандықтан, бірден ба­лаларды далаға алып шығып, ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пунктке апарады. Ол кезде олар әлі тірі болған деседі. Бірақ сағат 17.15-те дәрігерлер клиникалық өлімді тіркейді. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының аза­маттық қорғаныс жөніндегі орын­басары, подполковник Азамат Орымбаев оқиғаға балалардың сіріңкемен ойнағаны себеп болуы мүмкін деседі. «Мамандар өртке балалардың шалағайлығы себеп болуы мүмкін деген болжам жа­сайды. Болжам ретінде айтылған нұсқа бойынша, балалар өртенген заттан шыққан түтінге тұншығып, уланған. Облыстық Төтенше жағ­дайлар департаментінің өкілі қай­тыс болған балалардың отба­сы­ларына және жақындарының қай­ғысына ортақтасып, көңіл айтты. Жалпы, жыл басынан бері Қостанай облысында өрттен 4 бала қайтыс болған.

Биыл бәрі сақадай сай ма?

Қазақстандағы ахуалға келсек, биыл жылу маусымы әдеттегіден ерте басталды. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Премьер-Министр Асқар Маминнің төраға­лығымен өткен отырыста өрттен төнер қауіптің алдын алу туралы сөз қозғаған болатын. «Қыр­күйектен бері тұрғын үй секторында 1300-ден астам өрт тіркелді. Әсі­ресе, Шым­кент, Алматы қалалары мен Ақмола, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Қостанай об­лыстарында өрт саны көбейіп келеді. Мысалы, Жамбыл облы­сындағы тұрғын үй өртенгенде екі бала, СҚО, ШҚО облыста­рын­да­ғы жағдайда 2 ересек адам қайтыс болған. Өрттің себебі абай­сыз­дықтан, қауіпсіздік ережелерін сақтамағаннан болғаны анық­талды. Өткен жылдардан алған сабақ ретінде тұрғын секторында биыл жоспарлы жұмыс атқарылып жа­тыр. Есепке 118 мыңнан аса тұрғын үй алынды. Әлеуметтік осал топтар тұратын ол үйлерге жылу маусымы басталғанша барып, тексеріп шықтық. Оның ішінде 87 мыңын аймақ әкімдігі мен Ішкі істер органдары өкілдері тексерді. 10 мың­ға жуығын бақылауға ал­дық», – дейді Ю.Ильин. Әлбетте, алдын ала тексерген дұрыс-ақ. Өйткені тілсіз жауды болдырмау үшін ол амалдар аса қажет. Автономды жылыту жүйелері бар 550 мыңнан астам үй бар екен, 140 мыңнан аса үйде 200 мыңдай өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу жағдайы тіркелген. Міне, алдын ала біліп, анықтағаннан жақсы тұсы осы. Олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік туады. Министр әкім­діктердің бюджеті есебінен газдың қауіпті концентрациясы мен өр­тенетін өнімдерді анықтайтын 12 мың құрылғы орнатылғанын айтып өтті. Жыл соңына дейін әлі 11 мың құрылғы орнатылады деген жоспар бар. Өрт болатын келесі бір себеп — пешті пайдалануға берген кезде жіберілетін қателіктерден. Көбіне құрылыс басталғанда немесе пешті орнататын кезде қателіктерге бой алдырады екенбіз. Одан қала берді, осы саланы жақсы білетін білікті мамандардың болмағаны да біраз мәселені туындатады. Қызмет көр­сететін мекемелер де тиісті ак­кре­дитациядан өтпейді деседі. Мы­салы, жыл сайын табиғи және сұйылтылған газдан 20-дан астам адам уланып өледі. Газ баллондар жарылуы, тіпті топтық өлім-жітімге әкеліп соғады.

Неге өрт сөндірушілер кешігіп жетеді?

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, уақытында көмекке жетуге не кедергі? Осы ретте үш басты мәсе­ленің басы қылтияды. Біріншісі, өрт пайда болғаны туралы сигнал шық­қанда дереу баратын өрт сөн­діру бөлімшелері жеткіліксіз. Қа­лалық жерде 10 минутта, ауыл­да 20 минутта жетуі тиіс. Бұл – жалпы нормативтік уақыт. Әйтсе де, шын мәнінде бұл шама сәл басқаша. Қалада тиісті уақыттан санаулы минут кешігетін болса, ауылдағы өртті өшіруге аттанатындар 10 ми­нуттай кешігеді екен. Ал қыстың кезінде жол қиындығын қоссақ, әлгі 20 ми­нуттың еселеген түрі шы­ғады. Жалпы алғанда, қазіргі таңда республикада Төтенше жағ­дай министрлігінің 413 бөлімшесі бар. Жылына олар орта есеппен 40 мың­дай өрт ошақтарына барып, жа­лынмен бетпе-бет келеді. Десек те, әлі жеткіліксіз. Министрдің ай­туынша, өрт сөндіруге дереу аттану үшін әлі 122 өрт депосы қажет екен. Төтенше жағдай министрлігінің ақпаратына сүйенсек, қазіргі таңда аталған мәселені шешу мақсатында жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істеліп жатқан көрінеді. Атап айтқанда, бөлімше мүлдем жоқ жерлерден өрт бекеттерін ашу жос­парда бар. Соңғы үш жылда 153 пост құрылған. Елдегі жалпы саны — 396. Соның арқасында олар 1 189 ауыл­дың 1,2 миллионға жуық тұрғы­нының қауіпсіздігін мойнына алып отыр. Екінші кедергі болып отырған мәселе — өртке қарсы сумен жаб­дықтау жүйесінің жұмысы. Қарап отырсақ, өрт сөндіру үшін алдымен судың қайнар көзі керек. Бүгінде республикада бұзылып, пайдалануға жарамай тұрған гидрант саны 15 мыңнан асып жығылады екен. Бұ­зылған құрылғысы бар жерде өрт болса, не болатынын әрмен қарай өзіңіз ойлай беріңіз. Биыл сол гидранттардың 2 мыңнан астамы жөнделіпті. Бірақ жыл сайын тіпті жөндеу мүмкін еместей жағдайға байланысты мыңға тарта құрылғы шетке ысырылады екен. Бұдан кейінгі үшінші себеп — үйді салған кезде нысандар арасындағы ал­шақтық сақталмауынан. Соның сал­­дарынан өртенетін аумақ үлкейе түседі. Сәйкесінше, көп адамның зардап шегуі мүмкін. Мұндай арыз-шағым түсіретіндер аз емес. Рес­публика бойынша өрескел бұзу­шылығы бар 263 ірі нысан пайда­лануға берілген. Өкілетті органның құлағына бұл туралы ақпарат жет­кізілген. Аталған нысандар ал­дағы уақытта лицензиясынан айы­рылуы да әбден мүмкін. Күні кеше өрт болған облыстың әкімдігінің ақпараты бойынша, Төтенше жағдай департаментінің материалды-техникалық жабдық­талуы үшін 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Әлеуметтік осал топ саналатын 10 мың отбасыға барып, жағдайын білген. Автономды жылыту жүйесіндегі 160 нысанның 2017 жылдан бері 76-сы алынған. Қалған 84-і 2023 жылға дейін аяқталады деген жоспар бар. Жалпы алғанда, өрт қауіпсіздігін қамта­масыз ету үшін тиісті шаралар то­лық қолданылған. Әкімдіктің мәлі­метінше, мұнымен тоқтамай, осы бағытта әлі де жұмыстар атқа­рыла бермек. Премьер-Министр өртке қарсы қызметті материалды-техникалық жабдықтау үшін «Жол картасын» әзірлеуді ұсынған еді. Соңғы екі жылда өрт сөндірушілерге арнап 404 көлік және 19 мың жабдық пен керек-жарақ алынған. Осы мақсатта аямай ақша бөлген аймақтар қа­тарында Алматы, Шымкент қала­лары мен Атырау, Қарағанды об­лыс­тары бар екен. Ал сараңдық таныт­қандарға келсек, Қостанай, Маң­ғыстау, Павлодар облыстарын атап өту керек. Байқасақ, мемлекет та­ра­пынан жасалатын қауіпсіздік пен қамқорлықтан бөлек, адами фактор да бар. Бірақ көбіне әлеу­меттік жағдайдың төмендігі бірден-бір се­беп­кер болады. Өрт қауіп­сіздігін көңіл толатын деңгейде жаб­дықтауға не жөндеу жұмыстарын жөнді жүр­гізуге жағдай жетпейді. Болмаса, екі жақтап жұмыс істеп, балаларды қа­раусыз қалдыруға мәж­бүр. Ал осы­ның бәрінің соңы қайғылы жағдайға әкеліп соғатыны өкінішті.

Жадыра АҚҚАЙЫР