Көлеңкелі қылмыс азаймай тұр
Көлеңкелі қылмыс азаймай тұр
153
оқылды

Қызылордада мұнай ұрлап сатқандар әлі де кездеседі. Одан бөлек, аймақта жалған ақша жасау, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру, контрафакт  өнімдері сауда-саттығымен ай­налысу тәрізді оқиғалар  тіркелген.

Айталық, биыл  өңірде  мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты 5 қылмыс­тық іс тіркелген. Олардың екеуі сот­қа жолданды. Қызылорда қа­лалық №2 сотының қашықтан өткен ашық сот отырысы осындай бір қылмыстың жазасын та­ғайындады. 2016 жылдан бастап кәсіпкерлікпен, яғни облыстағы мұнай компанияларымен арада жасалған келісімшарттар  не­гізінде мұнай бассейндерін та­залау, мұнай қалдықтарын шығару және жою қызметтерімен шұғыл­данған азамат араға жылдар салып, заңсыз әрекеттерге бет бұрған. Мұнай бассейндерін тазалау және қалдықтарды жою үшін жасалған келісімдерді пайдаланып, өң­делмеген мұнай өнімдерін қыз­дырып, тұн­дырылған өнімді ием­дену және сату жоспарын іске асы­рған. Мұнай қалдық­тарын тасымал­дауға арналған көлік құрал­дарымен өнімді кен орнынан алып шығып, тоннасын 110 мың тең­геден бірнеше заңды тұлғаға са­тып келіпті. Ал заңсыз ойын бизнесі ай­мақта әлі кездесуде. Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Рашид Темірбековтің сөзіне қарағанда, заңсыз ойын бизнесі саласындағы көлеңкелі қаржы айналымы  бүгінде  60 млрд теңге шамасында екен. Ал Қызылордада облыстық Экономикалық тергеу департаменті мамандары заңсыз ойын бизнесін ұйымдас­тырушыларға қатысты биыл 5 қыл­мыстық іс қозғаған. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде тіркелген бұл істің 3-еуі аяқталып, сотқа жолданған. Айналымнан 82 монитор, 77 процессор, 40 телевизор, 8 кассалық аппарат, 31 терминал, 9 бейнежазғыш және  10 млн теңгеден аса ақша алынды. Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетімен бір­лесіп, республикалық «Ойын тоқ­та» жедел-сауықтыру шара­лары аясында Қызылорда, Ал­маты, Қарағанды, Тараз, Шым­кент қалаларында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған қыл­мыстық топ құрықталып, бірнеше қалада жүргізілген тінту нә­тижесінде 5 покер үстелі,  11 ойын автоматы және 7 млн теңге, 60 мың АҚШ доллары айналымнан алынған. Ал жалған ақша жасап, та­ратуға қатысты сөз қозғасақ,  биыл облыста бұл бағыт бойынша 9 қылмыстық іс қозғалып,  аяқ­талған.  4 іс сотқа  жолданды.  Сөй­тіп, жалпы  сомасы 286 500 тең­ге болатын 51 жалған теңге, 8  жалған купюра, 500 рублдік 1 купю­­ра  айналымнан шы­ғарыл­ды. Сонымен қатар  жалған және контрафакт өнім айналымына қатысты деректер де анықталды. Облыста акцизделетін тауар­лардың заңсыз айналымына қа­тысты 3 қылмыстық іс қозғалып, 2-еуі сотқа жолданды. Жедел іс-шаралар жүргізу барысында кү­мән туғызған 22 735 дана алкоголь өнімдері және есепке алу-бақылау маркалары заңсыз айналымнан алынып, тәркіленді. Пандемия белең алып, каран­тин жарияланған тұста жекелеген тұлғалар  антисептикалық құрал­дарды заңсыз және қымбатқа сатқаны,  дәріханалардың дәрі­лерді қымбаттатқаны анықталды. 4 литрлік 113 құты анти­септик, 24 000 теңгеден, сыйымдылығы 77 бөтелке спирттің әрқай­сысы 1 800 теңгеден сатылған. Қазір ай­налымнан алынды. Сондай-ақ тергеушілер Қазақ­станда дәрі-дәрмектер реестрінде тіркелмеген  дәрілерді сату  де­ректерін де анықтады. Ал айналымнан алынған барлық өнім, сонымен қатар 2019 жылы тергелген қылмыстық істер бойынша айғақ заттар ретінде алынып, сақтау қоймаларында тұрған 23 772 бөтелке арақ пен 1567,5 литр спирт өнімдері об­лыстық Денсаулық сақтау бас­қармасына берілді. Миуа       Миуа БАЙНАЗАРОВА, Қызылорда облысы