Көш қатары қалыңдар емес
Көш қатары қалыңдар емес

Оңтүстіктен солтүстікке 2016 жылдан бері небәрі 6,5 мың адам қоныс аударған екен. Алайда оның 8%-ы кері көшіп кетіпті. Бұл мәліметті Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов жария етті. Орыс ұлты басым өңірді қа­зақыландыру баяу жүруде.

– Қоныс аудару «Еңбек» бағ­дарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жұмыс күші ар­тық өңірлерден бізге келетін отбасылардың көшу шығындары өтеледі: өтемақы көлемі отбасының әрбір мүшесі үшін 35 АЕК, яғни 97 мың теңгеден төленеді. Егер от­басында 5 адам болса, 500 мың тең­ге алады. Келген жерде тұрғын үйді жалға не сатып алу үшін мем­лекет өтемақы береді. Ауылда – 10-20 АЕК, қалада – 20-30 АЕК. Оның өзін таңдауға құқығы бар. 2019 жылдан бері облыстық бағдарлама іске қосылды. Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша қоныс ау­дарушыларға арналған үйлер са­лынып жатыр Өткен жылы 428, биыл 700 үй салдық, – деді  Қ.Ақ­сақалов. Оның айтуынша, мамандарға де­ген сұраныс жоғары: трак­тор­шылар, малшылар, ветеринарлар, бюджет саласының қызметкерлері, мұғалімдер, дәрігерлер қажет. СҚО-ның кейбір кәсіпкерлері үйлерді өзі салып, оңтүстіктен адамдарды шақырады, мемлекет тұрғын үй шығындарын өтеуге көмектеседі. Журналистер сол жаңа баспа­налардың сапасыз екенін еске сал­ды. «Біз олардың техникалық са­рап­тамасын жасаймыз, қандай қиындықтары барын тексереміз. Егер сапасына қатысты мәселе туындаса, онда құрылыс ком­паниясы кепілдендірілген мерзім аясында, яғни 2-3 жыл ішінде оның бәрін жояды. Қоныс аударушылардың сын-ескер­тпелері ескеріліп, олқылығы жойылды. Өткен жылы бізге 2,2 мың адам, биыл мың адам көшіп келді. Иә, денсаулығына, от­басылық жағдайларға байланысты кері қайтқандар бар, бірақ олар аз», – деген әкім бұл бағдарлама тиімділігін дәлелдегенін және оны алдағы бірнеше жылға ұзарту жос­парлары бар екенін айтты. Жалпы, оңтүстіктен келу­шілердің сирек легі облыстан кету­шілердің орнын толтыра алмауда. Сондықтан, әсіресе жастардың «туған жерге ту тігуіне» мән беріл­мек. Аймақ басшысы СҚО-дан мектеп түлектерінің кетуі азай­ғанын мақтана жеткізді. Құмар Ақ­сақаловтың айтуынша, аймақ­тық университетте тегін оқуға мүм­кіндік беретін білім грант­тарының саны 4 жылдың ішінде 2 есеге өсті. «Облыстағы мектеп түлек­терінің кетуі 30-дан 12,7%-ға дейін тө­мендеді. Біздің жергілікті уни­верситеттегі студенттер конти­нгенті 40%-ға өсті. Сонымен қатар жақын арада студенттердің санын 10 мыңға дейін арттыру жоспар­лануда», – деді СҚО әкімі. Ол үшін жаңа оқу-зертханалық ғимарат және екі жатақхана салынуда. Келесі жылы 660 курсант оқи алатын әскери институттың жаңа оқу ғимаратының құрылысы басталады.

Айхан ШӘРІП