Жалған ПТР-тестті пайдаланған
Жалған ПТР-тестті пайдаланған

Талабы мен тәртібі тастай деп жүрген «Теңізшевройл» компаниясы коронавирус пандемиясы  басталғалы екінші рет Атыраудың қауіпті аймақ атануына «үлесін» қосып тұр. Теңіз кеніші індеттің шоғырланған ошағына айналып,  Атырау облысы «Сары аймақ» жолағына  қосылды.

Облыстың бас санитар дәрі­гері Амантай Жұмағалиев өңірде  екі апта көлемінде  СOVID-19 инфек­циясы анықталғандардың 80 па­йызы Теңіз  кенішіндегі жұ­мысшылар екенін мәлім етті. Сон­дықтан  Теңіз  кенішіндегі ка­рантин шаралары ұзарып, қа­таң талаптар қойылды.  Атырау об­лысының санитариялық-эпи­димиологиялық бақылау депар­таментінің баспасөз қызметінен алған мәліметке назар салсақ,  3 жел­тоқсанда  коронавирус инфек­циясының клиникалық белгі­лерінсіз 28 жағдай тіркелді. Ал 2 желтоқсан күні 31 жағдай тір­келген. Атырау облысында бір ғана 7 желтоқсанда  61 адамда корона­вирус індеті ПТР арқылы рас­талды. Қауіпті дертке шалдыққан науқастардың 19-ы Атырау қала­сынан тіркелген. Сондай-ақ Теңіз кенішіндегі 42 жұмысшыдан СOVID-19 инфекциясы  анық­талған. Теңіз кенішінде жағдай күр­деленбес үшін Денсаулық сақтау басқармасы Теңіз кенішінің ста­ционарында науқастар санының ар­туына байланысты қосымша мамандар жіберуге шешім қа­был­дады. Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қыз­метінің мәлімдеуінше, Теңіз кен орнындағы  315 орындық инфек­циялық стационарда  жағдай күрделене түскенге дейін 15 ма­ман жұмыс істеп келсе, енді оның қатары толығып, бүгінде 23 меди­цина маманы қызмет көрсетуде.   Бүгін мұнда  174 науқас ем қа­былдауда. Денсаулық сақтау басқармасы өткен аптада  Теңіз кен орнына 8 маманды, жуырда қо­сымша 15 маманды жіберуге ше­шім қабылдады.  Теңіз кені­шінде 400 инфекциялық орын ашу жос­пары бар. Қазіргі таңда Теңіз кенішінде індет ошақтарындағы жағдайды тексеру, вахталық жұмыстағы қыз­мет­керлердің барлық жағ­дайын жоспардан тыс тексеру, ошақ ау­мақ­тарын залалсыз­дандыру мен індеттің алдын алу үшін скрининг жүргізу жалғасуда. Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Нина Оспанованың айтуынша, облыстың мемлекеттік медициналық ұйымдары пан­демия кезінде қажетті ем-шара жасауға арналған дәрі-дәрмектің 2 айлық қорымен қамтамасыз етілген. Ал «Теңізшевройл» компания­сындағы қазіргі ахуалды компа­нияның  Үкіметпен және жұрт­шы­лықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев айтып берді. Сонымен қатар ол елең етерлік жағдайды мәлім етті. «Жуырда Теңіз кенішіндегі бар­лық адамның денсаулығына қауіп төндіретін жаңа жағдай анық­талды. Кейбір мердігер ком­пания­лар жұмысшыларының жалған ПТР-тест қорытын­дыларымен санитарлық бекеттен өтіп кету жағдайлары мәлім болды. Жалған тест анықтамасы бар жұмыс­шылардың Теңіз кенішіне кіру рұқсаттамасының күші дереу жойылып, тиісті уәкілетті ор­ган­дарға хабар­ландырылды. Ресми тексеру жүр­гізіледі деп отыр­мыз», – деді Р.Артығалиев. Сайып келгенде, Теңіз кені­шіндегі жағдайдың күрделенуі қо­ғамда  коронавирус  панде­миясына  қатысты ұстанымның  әлі де немкетті сипатта екенін көрсетеді. Жұмысқа, әуежайға жалған ПТР-тест қорытын­ды­ларын  пайдаланудың сал­дарынан  вирус тағы өрши баста­ды. Бұл жағдай қыс мезгілінде  күшейе түсетін  тұмауға қосылса бұқараға да, билікке де оңай соқпауы мүм­кін. Tyrsin       Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы