Қазақ каскадерларын әлем таниды
Қазақ каскадерларын әлем таниды
315
оқылды

Қазақстандық каскадерлардың әлем­дік киноиндустрияда түрлі жобаға қатысып, бағындырып, теңдессіз өнері мен қабілетін дүние­жүзіне дәріптеп жүргені көңілге қуаныш сыйлайды. Трюк жасаушы отандық мамандар бүгінгі таңда Голливуд киноөндірісінің сенімді серіктестеріне айналып үлгерді. Содан да болар, олардың кәсіби қызметіне еуропалық режиссерлер жиі жүгінеді.

Қазақстанда ептілігімен өзгелерден оқ бойы озып шыққан үздік каскадер топ десе, алдымен Nomad Stunts каскадерларынан жасақталған команда ойға оралады. 20 жыл бойы шеберліктерін әлемдік киноөндіріс саласында паш етіп жүрген де осы жігіттерден құралған жасақ. Еліміз ғана емес, әлемдік аудиторияның жүрегін жаулаған «но­мадтықтар» көптеген кинотуындының жарыққа шығуына атсалысқанын айтпасқа болмайды. Бүгінде қазақстандық каскадерлар тобы АҚШ, Үндістан, Түркия, Ресей сынды киноөндіріс саласы жақсы дамыған елдермен жақсы әріптестік орнатқан. Nomad Stunts каскадерларының бұған дейін қатысқан фильмдерінің арасында отандық «Көшпен­ділер», «Моңғол», «Аманат», «Махамбет», «Жаужүрек мың бала», «Сіз кімсіз, К мырза?», «Мұстафа Шоқай», «Рэкетир», «Шал», «Құнанбай», «Кенже», «Алмас қылыш», «Томирис» және тағы басқа танымал туын­дылар бар. Сонымен қатар «Сұлтан Бей­барыс», «47 ронин», «Неудержимые 2», «Путь домой», «Конан Варвар», «Марко Поло», «Союз спасения», «Тобол» сынды бірнеше шетел туындыларына да түскен. Топ мүшелері бірге жұмыс істеген танымал актерлердің қатарында Сильвестр Сталлоне, Арнольд Шварценеггер, Джет Ли, Чак Норрис, Дольф Лундгрен сынды әйгілі кино жұлдыздарының болғаны да біз үшін үлкен мәртебе. Бір сөзбен айтқанда, тәуекелге бел буып, басын қауіп-қатерге тігуден тайсалмайтын, қайталанбас трюктердің хас шебері атанған жүрек жұтқан біздің каскадерлардың өнері қашанда мақтауға тұрарлық. Танымал қазақстандық каскадер, Nomad Stunts тобының жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жайдарбек Күнғожиновтың өзі елімізде осындай үлкен мектептің қалыптасуына зор еңбегін сіңіргенін бірі білсе, бірі біле білмейді. Өткен айда ғана «Томирис» тарихи фильміндегі трюктер қойылымы үшін «Оскар» әлемдік каскадерлар академиясының «Таурус» сыйлығын иеленген тәжірибелі маманды айтулы жүлдесімен құттықтап, Nomad Stunts тобының жұмысы мен еліміздегі каскадерлық өнердің тыныс-тіршілігі жайында әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда Nomad Stunts тобымен бәсекелесе алатын топ жоқ көрінеді. Әлем бойынша топ құ­рамындағы адамдардың көптігі бойынша да «номадтықтар» екінші орында. Құрамында 86 адамы бар. Ал бірінші орынға Америкадағы каскадер топ жайғасқан. Оларда 102 маман жұмыс істейді. Сондай-ақ елімізде Саша Тереховтың «Автомобилист» тобы да жұмыс істейтінін, алайда олар тек 5-6 каскадермен жасақталғанын, одан өзге тағы бір заманауи фильмдерге түсетін шағын топ бар екенін де сұрап білдік. Сөз арасында Жайдарбек Күнғожинов Nomad Stunts-тың атқарған бірқатар жұмысына тоқталды. – Біздің каскадерлық топ 2000 жылдың басында құрылды. Бүгінде еліміздегі, шетелдегі ең беделді ұжымдардың біріне айналды. Сондықтан шет мемлекеттерге де жиі шақырту аламыз. Таяуда голливудтық екі-үш картинаға шақырту келді. Бірінші сапар қаңтар айында, екіншісі наурызға таман жоспарланып отыр. Бізді Түркия мен Румынияға да шақырып жатыр. Болгарияда да түсірілім болуы мүмкін. Үндістан, Тунис мемлекеттерімен де тығыз байланыстамыз. Болливуд пен Голливудтың жобалары өте жоғары деңгейде ұйымдастырылатынын жақсы білесіздер. Сол себепті киноларында да түрлі трюк жасауға тура келеді. Оларға осыған сай ақшаны да жақсы төлейді. Бізбен салыстыруға мүлдем келмейді. Қазақстанда ондай жұмыстарға ақша көп бөліне бермейді. Өйткені елімізде заманауи экшндарды тү­сіруге мүмкіндік жасалмаған. Ал шетелде киноға жоғары қаржы жұмсалады, – деп жал­­ғады ол әңгімесін. Әрі қарай белгілі каскадер отандық топ­тың артықшылықтарына тоқталды. Шетелде де мықты каскадерлардың жеткілікті екенін, бірақ қазақстандық каскадер мамандар әмбебап болғаннан кейін көбіне сұранысқа ие болатынын айтты. – Аттың құлағында ойнаймыз, тө­белесеміз, одан өзге де қиын трюктерді еркін жасаймыз. Сосын таңдау қазақтарға түседі. Ол жақта жұмыс істеу бізбен салыстырғанда жеңілдеу. Себебі кестесі, бәрі жақсы ұйымдастырылады. Шетелге келе салысымен ең бірінші берілетін құжат – ол сақтандыру құжаттары. Қазақстанда сақтандыру жоқ, ақшаны да аз төлейді. Бірақ қазақ болғаннан кейін елімізге де еңбегімізді сіңіруге ат­салысып жүрміз. Шетелге де қазақтың атын шығаруды мақсат тұттық. Карантин бітсе, келесі жылы біздің топ шетелдік 6 фильмге шақырту алды. Отандық киноларға да түсеміз. Қазақстандық режиссер Ақан Са­таев­тың «Қасым хан» киносына да қатысамыз. Одан бөлек, «Қажымұқан» мен «Боксер» фильмін аяқтадық, – деді ол. Біз өз кезігімізде Kazakh Union Action team тобының құрушысы Серікқазы Тілебалдымен де әңгіме құрдық. Каскадерлық өнердің қыр-сырын жетік меңгерген маман 2012 жылдың соңы 2013 жылдың басында Nomad Stunts тобынан кетіп, үш жігіт жеке каскадерлық заманауи топ құрғанын айтты. Олардың арасында белгілі каскадер Бауыржан Әбішев пен Еркін Мекебаев та бар болып шықты. – Қазір құрамда профессионалды түрде каскадерлықпен айналысатын 25 адам бар. Егер жақсы тапсырыс түсетін болса, 50 шақты адам жинай аламыз. Екінші Union-дағы жігіттер сұранысқа байланысты жұмыс іс­тейді. Шетелге жылына бір-екі рет шығып тұрамыз. Карантин басталғалы бері шақырту келмеді. Алдағы уақытта 2021 жылдың басын­да Араб елдеріне баруға дайындықты бастап кеттік, – дейді ол.  Белгілі мамандармен сұхбат барысында каскадерлық өнердің елімізде 2000 жылдардан бастап сұранысқа ие бола бастағанын аңғардық. Яғни, «Көшпенділер» фильмі Қазақстанда каскадерлық топтықтың құ­рылуына басты себепкер болған. Сол жылы Nomad Stunts тобы да дүниеге келген. Кейіннен әртүрлі сұранысқа, әрқилы трюкке бай­ланысты топтар да бөліне бастаған екен. 10 жыл бұрын корейлердің «Кундо» каска­дерлық тобы құрылып, олар негізінен таэквондо саласында жұмыс істеген. Өкінішке қарай, сұраныс болмағаннан кейін аталған топ жабылып қалған. Авто­каска­дерлардан құрал­ған «Лидердің» аты да бүгінде көп атала бермейді. Алайда елімізде де, әлем елдерінде де Nomad Stunts-тің атағы аспандап тұрғаны біз үшін зор қуаныш. Құрыш білекті, жолбарыс жүректі каскадерларымыз келе­шекте де қазақтың атын әлемге танытып, жұлдызы жарқырай береріне сенімдіміз.

Абылайхан ЖҰМАШ