Ұлттық құрама әлем чемпионымен кездеседі
Ұлттық құрама әлем чемпионымен кездеседі
112
оқылды

Швейцарияның Цюрих қаласында футболдан 2022 жылғы әлем чемпионаты іріктеуінің жеребе тарту рәсімі өтті. Қазақстан құрамасы D тобына түсті.

Қазақстанмен қатар D тобында Франция,  Украина, Финляндия, Босния және Герцеговина құрамалары бар. Айта кетерлігі, бұл топта ұлттық құрамамыз бұрын-соңды француздар мен босниялықтарға қарсы кездесу өткізбеген. Іріктеу кезеңіндегі ойындар 2021 жылдың 24-25 наурызында басталады. Әр топта ең көп ұпай жинаған құрамалар 2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионатына тікелей жолдама алады. Сондай-ақ қосымша үш жолдама ойнатылады. Шарт бойынша топтық кезеңде екінші орын алған 12 құрама мен 2020/21 жылы Ұлттар лигасының екі жеңімпазы ӘЧ жолдамасын сарапқа салады. Өздеріңізге белгілі,  2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатында Франция құрамасы чемпион атанды. Демек, ұлттық құрама ойыншылары әлем чемпиондарына қарсы кездесу өткізеді. Жанкүйерлер  жасыл алаңда Антуан Гризманн бастаған футбол жұлдыздарын көруі мүмкін.

А. АЙДАРҚЫЗЫ