COVID-19: Тараз, Шу, Қордайда жағдай күрделене түсті  
COVID-19: Тараз, Шу, Қордайда жағдай күрделене түсті  
118
оқылды

Жалпы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің сөзіне сүйенсек, облыста дәрі-дәрмек пен қажетті медициналық бұйымдар жеткілікті екен. Одан бөлек 4500 төсек-орын резервте тұр.  Алайда соңғы аптада Жамбылда коронавирус инфекциясының 110 жағдайы тіркелген. Тараз, Шу және Қордай аудандарында жағдай күрделене түсуде. Қазан айымен салыстырғанда қарашада дерт жұқтырғандардың саны 5,6 есеге артқан.

– Мониторингтік топтар жұмысты босаңсытқан. Көпшілік жағдай реттелді деп ойлайды. Тұрғындар екінші толқынға алаңдамайтын секілді. Әйтпесе, олардың бетпердесіз жүргенін, антисептик қолданбайтынын, әлеуметтік қашықтықты сақтамайтынын қалай түсіндіруге болады. Ойын-сауық мекемелері түннің бір уағына дейін жұмыс істейді. Мереке қарсаңында кәсіпкерлер мүмкіндігінше көп ақша табуға тырысады және сол арқылы барлық келушілердің денсаулығына қауіп төндіреді. Мен өзім кәсіпкерлермен арнайы кездестім. Олар мекемелердің жұмысын қалпына келтіруге рұқсат сұрады және барлық санитарлық нормаларды сақтауға уәде берді. Ал қазіргі ахауалды көріп отырсыздар. Егер осылай жалғаса берсе, біздің облыс «қызыл» аймаққа енуі мүмкін, – деді Б.Сапарбаев. Бұдан бөлек Бердібек Машбекұлы қандай науқас келсе де бұл біздің аймаққа қарамайды демей, кез келген азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетуді медицина мекемелеріне міндеттеді.

– Денсаулық сақтау саласындағы бюрократиядан арылып және әкімшілік кедергілерді жоятын уақыт келді. Келген науқасты ауруханадан ауруханаға жолдамай, кез-келген дәрігер қабылдап, медициналық көмек көрсетуі керек.  Жақында бір тұрғын маған әлеуметтік желі арқылы шағымданып, әкесі жауапсыз дәрігерлердің кесірінен қайтыс болғанын айтты. Егер мұндай фактілер дәлелденсе, бас дәрігерлер жеке жауап беретін болады, – деді Бердібек Сапарбаев.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы