Елімізде сайлауға қатысу мәдениеті қалыптасып, дауыс беру процесін бақылайтын тәуелсіз мамандар қатары артқан. Бұл туралы танымал саясаттанушы Дос Көшім Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Соңғы уақытта тәуелсіз бақылаушыларға дәріс оқумен айналысып жүрген Дос Көшім сайлау әділ өтті деп айту үшін бақылаушылар сайлау учаскелерінің кемі 50 пайызын қамту керек деп есептейді. Ал, елімізде былтыр өткен Президент сайлауында бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болған еді. «Президент сайлауы кезінде билік тарапынан қойылған бақылаушыларды айтпағанда, оппозициялық тараптан 6 мың бақылаушы жұмыс істеген. Бұл барлық сайлау учаскелерінің 70 пайызын қамтуға мүмкіндік беріпті. Бірақ бақылаушылар ел аумағындағы сайлау учаскелерінің 50%-ын қамтымай, сайлауға баға бере алмайды. Біз бақылаған 27 пайыз учаскеде мынадай заңсыздықтар болды деп баға береміз. Ал бүкіл сайлауға баға беру менің ойымша, 100 пайызды қамтымаса да кем дегенде 50-60 пайыз болуы керек» – деді Дос Көшім. Дос Көшім елдегі кейбір ұйымдар мен тәуелсіз бақылаушылардың жұмысын сынға алды. Мәселен бақылаушылар бірнеше сайлау учаскесін ғана бақылап, сайлауға жалпылама баға бере салады екен. Саясаттанушы мұны саяси мәдениетке жатпайтындығын айтады. «Сайлауды бақылауға қатысқан ұйымдар, саяси партия болсын, тәуелсіз бақылаушы болсын, сайлау өткеннен кейін оған баға береді. Бұл баға Қазақстанның демократиялық сипатына берілген баға. Сондықтан билік жағы бұл бағаға өте зер салып қарайды. Бұл баға жақсы да, жаман да болуы мүмкін. Сонымен қатар, олар өз ұсыныстарын айтады. Кемшіліктер болса оны түзеудің жолдарын айтады. Бірақ, кейде өзіміздің тәуелсіз бақылаушылар ары кетсе 20-50 учаскені бақылайды да, бүтін бір сайлауға баға беріп жатады. Бұл дұрыс емес, саяси мәдениетке жатпайды. Бақылаушылар тек өзінің бақылаған аймағында не болды – соны ғана айтулары керек, бүтін бір саяси науқанға баға беруге болмайды», – дейді саясаттанушы. Еске салайық, 2021 жылдың 10 қаңтарында елімізде Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауы өтеді. Сайлауға қатысатын 5 партия партиялық тізімін бекітіп, саяси науқанға сақадай сай екенін айтып үлгерді.