Алматыға жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қаладағы COVID-19-ға қатысты қазіргі жағдаймен танысты.
Вице-премьер Ералы Тоғжанов пен Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполистің медицина саласы қызметкерлерімен кездесті. Қаланың 70-тен астам ауруханалары мен емханаларының бас дәрігерлерінің қатысуымен бейнебайланыс режимінде ауқымды жиналыс өтті. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайдың өзекті мәселелері және мегаполисте COVID-19 таралуына жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Қазіргі таңда коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша Алматы сары аймақта орналасқан. Күздің басында және ортасында төмендегеннен кейін аурудың өсуі байқалады. Осылайша, жұқтырғандардың саны 0,2%-ға дейін өсті, таралу коэффициенті 1-ден жоғары. Жұқтыру ошақтарының ең көп саны Бостандық, Алмалы, Әуезов және Медеу аудандарының аумағында орналасқан. Өсудің себептері мен жұқтыру көздері – қоғамдық орындарға бару, үй, қалалық көлік, жұмыс орны бойынша байланыс, сондай-ақ шет елдерден әкелу. Сонымен қатар, ПТР тестілеу құнының төмендеуіне байланысты қалалықтардың өзін-өзі хабарлауы бойынша жүргізілген зерттеулер саны артты, бұл статистикалық деректерде де көрініс табады (пандемия басталғаннан бері Алматыда 668 мың зерттеу жүргізілді, оның 294,5 мыңы – қалалықтардың өзін-өзі хабарлауы бойынша). Халық арасында жұқтыруды азайту мақсатында қала әкімшілігі шектеу режимінің сақталуын бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылдады. Қазан айынан бастап 32 мониторингтік топ 518 іс-шара өткізді, оның шеңберінде 4264 нысан қамтылды. 956 нысанда (23%) талаптарды бұзу фактілері анықталды. Шектеу іс-шараларын сақтамағаны үшін 789 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. Оның ішінде 592 – бетперде режимін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға. 13 материал сотқа берілді. Сонымен бірге, Алматыда пандемияның жаңа толқынына 7011 төсек-орын қуаттылығымен, соның ішінде 250 реанимациялық орынмен 23 ковидпен ауыратындарға арналған клиника әзірленген. 3 жаңа инфекциялық стационар салынып, екі клиника қайта қалпына келтірілді. Клиникалардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша кешенді жұмыс жүргізіледі. Медициналық қоғамдастық өкілдерімен кеңес барысында КВИ бар пациенттерге көмек көрсетуге қатысқан медициналық ұйымдарды, қалалық онкологиялық орталықты қаржыландыру, сондай-ақ жедел жәрдем машиналарын жеткізу саласындағы мәселелер қаралды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қалада сырқаттанушылықтың өсуіне, сондай-ақ COVID-19 ПТР диагностикасының мәселесі бойынша зертханалардың жұмысын үйлестірудің маңыздылығына назар аударды.Жиын қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов нақты тапсырмалар берді:
- қызметкерлер саны 15 және одан да көп адамды құрайтын ұйым қызметкерлерінің 60-80%-ын қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіру, мектепке дейінгі балалар мекемелерінде қосымша кезекші топтар, қала мектептерінде кезекші сыныптар ашуды тоқтата тұру;
- жексенбі күндері санитарлық күнге жабыла отырып, СОО, сауда нысандарының жұмысын сенбі күні сағат 17.00-ге дейін шектеу;
- қоғамдық тамақтану нысандарының, оның ішінде сауда ойын-сауық орталықтарында орналасқан нысандардың қызметіне сағат 19.00-ден 23.00-ге дейін, ұжымдық іс-шаралар өткізбей, бас санитар дәрігер қаулысының талаптарын сақтай отырып, отыратын орындар саны 50-ден аспаған жағдайда қызметіне рұқсат ету;
- өнеркәсіптік, құрылыс, көлік кәсіпорындарының қызметкерлерін жұмысқа жеткізу және тасымалдау үшін ұйымдарға қызметтік көлікті ұсыну;
- бас санитар дәрігер қаулысының талаптарын сақтай отырып, жұмыс күндері сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін, сенбі күндері сағат 10.00-ден 15.00-ге дейін жұмыс кестесін белгілей отырып ХҚКО жұмысын ұйымдастыру;
- тестілік режимде жұмыс істеу кезінде белгіленген шектеу шараларын сақтай отырып, туризм нысандарының жұмысын жалғастыру.