«Қостанай жаңалықтарының» жазуынша, Қостанай облыстық полиция департаментінің басшысы Бекет Аймағамбетов кассадан 205 мың евро (шамамен 87 миллион теңге) ұрлап, шетелге қашып кеткен «Еуразия банкінің» Жітіқара ауданындағы басшысына қатысты мәлімдеме жасаған.
Басылымның мәліметінше, 12 қарашада 29 жастағы Мырзабай Шалбаев банкке ақша айырбастау үшін қомақты сома әкелгенде арнайы қызмет өкілдері ізіне түскен.
«Күдікті Челябіге жеткенде пәтер жалдаған. Біз арнайы топ құрып, Челябіге бардық, қасымызда банк қауіпсіздігі қызметінің өкілі болды. Челябі аудандық Ішкі істер басқармасына өзім хабарластым. Қызметкерлерін бізге жіберуін сұрадым. Такси жүргізушісі күдіктіні қалдырып кеткен жерден жұмысымызды бастадық. Іздерімен жүріп, таптық. Ол өз ісін біледі, ешбір қатесіз әрекет етті, телефондарын лақтырып жіберді, пәтерден шықпай отырды. Оны компьютерлік технологиялардың көмегімен таптық», – деді Аймағамбетов.
Сондай-ақ күдікті Жітіқарада жалдаған пәтерден хат табылған. Хатта «Мама, кешір мені, мен қарызға кірдім. Уайымдама, бәр жақсы болды. Өмірімде осындай жағдайға тап боламын деп ойламадым» деп жазылған.