Көкшетау қаласы көркейеді
Көкшетау қаласы көркейеді
225
оқылды
«Nur Otan» партиясы Көкшетау аумақтық филиалы алаңында өткен тікелей эфирге қала әкімінің орынбасары Ербол Төлеуов қатысып, «Көкшетау – таза қала. Қопа көлі жағасын абаттандыру және құрылыс жұмыстарын жүргізу» тақырыбында баяндама жасады. Жыл сайын елімізде «Мінсіз қала» зерттеуі жүргізіледі. Респонденттер арасында жасалған сауалнама барысында қазақстандықтар өз қаласындағы өмір сапасын бағалады. Сауалнамаға сәйкес, Қазақстанның 20 ірі қаласы арасында Қостанай ең таза қала болып танылды. Ал Көкшетау қаласы   6-орыннан көрінді. Бүгінгі таңда облыс орталығын абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық сала, жол құрылысы бағытында ауқымды шаруалар тындырылды. Қала тазалығына баса мән беріліп келеді. Бүгінгі таңда облыс орталығындағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, шығарумен «КөкшеТазалық», EkoGroup, «Есенбаева А.К.», «ГринСити» және «Байсар» ЖШС  айналысады. «КөкшеТазалық» ЖШС қала бойынша 204 қоғамдық контейнерлік алаңдарға қызмет көрсетеді, бүгінгі таңда 2 836 дана контейнерлер орнатылды. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды түріне қарай сұрыптап салатын 36 контейнер қойылған. Мұндай контейнерлер қаланың орталық көшелерінде тұр. Алдағы уақытта оларды қаланың басқа аумақтарына да қою жоспарланған. Бүгінгі таңда тұрғындардың осы коммуналдық қызмет мекемесіне 60 423 442 теңге  қарызы бар.

 Облыс орталығындағы жолдарды жөндеу және қалыпқа келтіру бағытында біршама іс атқарылды. Қопа көлінің жағалауымен Қан орталығына дейінгі бұрылыс жолдың құрылысы аяқталуға жақын. Жобаның жалпы құны – 1155,0 млн теңге. Нұрсұлтан Назарбаев даңғылынан Абылай хан даңғылы бойымен ескі әуежай аймағына дейінгі жол қалыпқа келтірілді. Жобаның құны – 2036,7 млн теңге. Сондай-ақ Ғабдуллин көшесі, «Центральный», Сарырқа шағынауданына дейінгі жол жаңартылды. Сонымен қатар Васильковка, Көктем және Сарыарқа ықшамаудандары аралығына жол салынды. Жобалық сметалық құжаттама бойынша жұмыстар 98 пайызға орындалды. Достық үйі аумағын абаттандыру жұмыстары да аяқталды.

Көкшетау
  Тікелей эфирге қосылған қала тұрғындары тарапынан сұрақтар қойылды. Алдымен тұрғындарды Көкшетау қаласындағы үйлердің қасбетін және аулаларды жөндеу жұмыстары қызықтырды. Қала әкімінің орынбасары Ербол Төлеуовтің айтуынша, бұл мақсатқа  «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен 610 млн теңге бөлінді. Тұрғын үйлердің қасбетін жөндеу, стрит-артпен безендіру жұмыстарын жүргізу үшін «ДЕЛОФБК» және «Р.А.Дизайн Сити» ЖШС келісім жасалды. Ал аулаларды жөндеу жұмыстарына келсек, Абай-Набережная – Әуелбеков – Мир, Абай – Әуелбеков-Тәшенов – Пушкин көшелерінің қиылысындағы аулалар, Жайлау шағынауданындағы №1, 3, 12, 10, 9, 14, 7, 6 үйлердің аулаларын абаттандыру, Уәлиханов 156, 156 Б, Н.Назарбаев даңғылындағы №12,16,18 үйлердің ауласын жөндеу және қалыпқа келтіру жұмыстары жоспарға сай  атқарылып, олар қараша айының соңында аяқталды.
Көкшетаулықтарды сонымен қатар облыс орталығындағы жол қауіпсіздігі, қаланы жарықтандыру, оның экологиялық жағдайы сияқты сауалдар қызықтырды. Бұл бағыттарда жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Әсіресе, қаланың экологиялық ахуалын жақсарту жолында бірнеше жоба қолға алынған. Олардың қатарында «Таза қала», «Таза жағалау» сияқты үнемі жүргізіліп тұратын акциялар бар. Сонымен қатар тұрақты түрде ұйымдастырылатын сенбіліктер – Көкшетауды көрікті қалаға айналдыруға бағытталған игі шаралар. Облыс орталығы қауіпсіз қалалар қатарында деуге болады. Оған сеп болып отырған  жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, «сөйлейтін», «санды кері санайтын» таблолары бар бағдаршамдардың орнатылуы. Қала әкімінің орынбасары Ербол Төлеуов барлық сұраққа толық жауап берді. Сондай-ақ тікелей эфир арқылы халықпен тілдескен  Каzahstan Innovations қоғамдық қорының  басқарма төрағасы Мәриям Әбішева да өзі жақсы білетін сала бойынша тұрғындарға баяндама жасап, сауалдарына жауап берді.